6001-23-00-3г/1723
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 15 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Г.Қ.Жүсіпбекова,
талап қоюшы Қ[...] жауапкер «Forte Bank» акционерлік қоғамына банктік қарыз шартын жарамсыз деп тану, банктік қарыз шарты бойынша төлем жүргізілуін тоқтата тұру, банктердегі есеп-шоттарынан ұсталынған ақша қаражаттарын қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша шығарылған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы арызданушы «Forte Bank» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк) өтінішхатын электрондық істі зерделеу арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қ[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен Қ[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен аудандық соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сонымен бірге, сот алқасымен 2023 жылғы 15 наурызда жеке ұйғарым қабылданған.
Өтінішхатта арызданушы іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен істі қарау барысында анықталғандай, 2022 жылғы 30 мамырда Қ[...] Банкке кепілдемесіз займ (онлайн) алуға арыз жазып, өзінің жеке телефон номеріне келген SMS - коды арқылы қол қойған. Банк Қ[...] 60 ай мерзімге 5 000 000 теңге несие берген. Жергілікті соттармен Қ[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот алқасымен істі қарау барысында байқалған жауапкер Банкпен орын алған кемшілік бойынша жеке ұйғарым қабылданған.
Арыздынушы өтінішхатында жеке ұйғарыммен келіспей келесі мәнжайларды көрсеткен.
- Апелляциялық сот алқасының Банк тарапынан қарыз алуға өтініштің жұмыс уақытынан тыс уақытта берілуіне назар аударылмағаны жөніндегі уәждерді негізсіз деп есептейді.
Себебі Банктің мемлекеттік құзырлы органдардың талаптарына сай шығарылған ішкі нормативтік актісіне (07.08.2020 ж. № 01-010873-ВДБП/63 бекітілген Банктік несиелерді қамтамасыз ету процедурасы) сәйкес несиеге өтініш қабылдау уақыты 06:00 сағаттан 23:00 сағат аралығында жүргізіледі, ал несие беру уақыты 09:00 сағаттан 21:00 сағат аралығында жүргізіледі.
Контакт-орталығының қызметкерлерінің жұмыс уақытының 09:00 сағаттан 21:00 сағатқа дейін болуына байланысты, сондай-ақ, онлайн-несие алу барысында клиенттермен контакт-орталығының қызметкерлерінің міндетті түрде хабарласуына байланысты. Онлайн-несие берудің мұндай жұмыс тәртібі Банктің мобильді қосымшасын тұтынушыларға ынғайлы болу үшін және уақыт үнемдеу үшін қолданысқа енгізілген.
- Соттың жеке ұйғарымында Қ[...] Контакт-орталығы қызметкері қойған сұрақтарының мағынасын, мазмұнын тілді дұрыс білмеген соң жете түсінбеген. Банк қызметкері клиенттің түсінгеніне көзін жеткізбегені жөніндегі талабы негізсіз деп есептейді.
Себебі сотқа Банк тарапынан Қ[...] Контакт-орталығы қызметкерімен сөйлескен аудиожазбалары ұсынылған.
Қ[...] бастапқы сөйлесу барысында Контакт-орталығы қызметкері 30.05.2022 жылы 19:35 сағатта оның қазақша амандасуы нәтижесінде әңгімені қазақ тілінде бастап, сұрақтарды қазақ тілінде қойған, алайда Қ[...] сұрақтардың мағынасын қазақ тілінде түсінбейтіндігін айтып орыс тілінде сөйлесуін және сұрақтарды орыс тілінде қоюды сұраған (ол жөнінде аудиожазбада анық жазылған). Өз кезегінде Контакт-орталығы қызметкері орыс тілінде сұрақтарды қайтадан қойып, Қ[...] барлық қойылған сұрақтарға жауаптар беріп, жауаптарында несиенің ешкімнің араласуынсыз дербес ресімдегенін растаған.
- Сонымен қатар, соттың екі рет анфас арқылы түсіп, үшінші рет ақшаны банкоматтан шешіп алу кезінде несие алушының бетінің тұмшалануына назар аудармай салғырттық танытқандығы жөніндегі уәждерін негізсіз деп есептейді.
Банктің онлайн-несие алу барысында клиенттерді қорғау жүйесі мынадан тұрады: онлайн-несие мақұлданғаннан кейін ақша қаражаттарын қолма-қол алған жағдайда, оның ішінде банкомат арқылы алу үшін клиенттің
тіркеген мобильді телефонына СМС-хабарлама түсіп (әр транзакциясы үшін бөлек код), оның кодын клиенттің өзі ғана білетін болады. Аталған СМСхабарламадағы сандар комбинациясын (код) банкомат терминалына енгізу арқылы жеке басын растау жүргізіледі, яғни, клиент өзі ғана білетін кодты ешкімге айтпауы тиіс, ондай жағдайда қандай да бір үшінші тұлға үшін несие қаражатына қол жеткізу мүмкін емес.
Яғни, Қ[...] банкоматтан несие қаражатын алу «Forte» мобильді интернет банкингі арқылы жүргізген, банкоматтан ақша алу барысында ол телефон нөміріне түскен СМС-хабарламалар арқылы өзінің жеке басын растап, ақша қаражаттарын қолма-қол алуына жағдай жасаған.
Бұл аталған мән-жайлар соттың назарынан тыс қалған. Осыған орай, арызданушының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Арызданушы «Forte Bank» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымын қайта қарау туралы өтінішхаты электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.
Судья Г.Жүсіпбекова Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Жүсіпбекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.