ҚАУЛЫ
2024 жылғы 6 ақпан 6001-23-00-6ап/2558 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Д. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының бөлім прокуроры М[...],
жауапкер «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкерлер «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма), «Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) Басқарманың №9015376-ОК1 ашық конкурс бойынша Серіктестіктің конкурстық өтінімін біліктілік талаптарына сәйкес емес деп тану туралы іс-әрекетін заңсыз деп тану, қорытындылар туралы 2023 жылғы 14 сәуірдегі №9310458 шешімнің күшін жою, ұсынылған конкурстық өтінімін қойылған біліктілік талаптарына сәйкес деп тану, ашық конкурсының қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысына талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, Басқарманың №9015376-ОК1 ашық конкурсы бойынша талап қоюшының конкурстық өтінімін біліктілік талаптарына сәйкес емес деп тану туралы іс-әрекеті заңсыз деп танылып, Басқарманың конкурстық комиссияның №9015376-ОК1 ашық конкурсы бойынша қорытындылар туралы 2023 жылғы 12 сәуірдегі №9310458 шешімінің күші жойылған.
Басқармамен өткізілген №9015376-ОК1 ашық конкурсы бойынша «ҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынылған конкурстық өтінімі қойылған біліктілік талаптарына сәйкес деп танылып, Басқармаға конкурстық комиссияның №9015376-ОК1 ашық конкурсының қорытындыларын қайта қарау міндеттелген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Серіктестік пен оның өкілі кассациялық шағымдарында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер Департамент және мүдделі тұлға «Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі олардың қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін, прокурордың сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Басқармамен «Автокөлікті арнайы техниканы техникалық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетулер» бойынша конкурс жарияланған. Конкурстық комиссияның 31 наурыз 2023 жылғы №9015376-ОК1 хаттамасына сәйкес бойынша «CҚН[...]» ЖШС-нің өтініміне қатысты бас тарту себептеріне бұл әлеуетті өнім беруші өзінің сәйкестігін растау үшін ұсынған құжаттарда біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактісін анықталғаны, яғни материалдық ресурстарының болмауы расталғандығы негіз болған.
Конкурс қорытындысымен «СҚН[...]» ЖШС-гі жеңімпаз деп танылған.
Конкурсқа қатысқан «ҚҚ[...]» ЖШС-гі келіспей сотқа аталған талап арызбен жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда, алдын ала рұқсат беру хаттамасында талап қоюшының өтінімінің қабылданбауының нақты себебі егжей-тегжейлі сипатталмағандығын, тапсырылған құжаттардың конкурс бойынша қажетті материалдық ресурсына сәйкес келмеу фактісі көрсетілмегенін негізге алған.
Басқарма конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында сұрату жүргізбеген. Бірінші саты сотының бұл тұжырымымен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот алқасы, сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді басшылыққа алған.
Конкурстық біліктілік талаптарына сай әлеуетті өнім берушілер қызмет көрсету станциясы (меншікті немесе жалға алынған) (ұсыныла отырып нотариалды куәландырылған растайтын құжаттар) және осы қызмет көрсету станциясының құжаттары ұсынылуы тиіс болатын.
Әлеуетті өнім беруші «ҚҚ[...]» ЖШС болса конкурстың біліктілік талаптарына сай келмейтін, конкурсқа қатысы жоқ қызмет көрсету станциясының орнына көлікжай құжаттары, яғни автотұрақ құжаттарын тапсырған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 27-бабының 5-тармағының 2) тармақшасына сай конкурсқа қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағында көзделген біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімде жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты конкурстық комиссияның сұрау салу жіберуіне және өзге де әрекеттер жасауына жол берілмейді. Аталған Заңның 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес егер әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді (конкурсқа қатысушы деп танылмайды).
Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы істегі құжаттарға сәйкес келеді.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттың негіздемелері даулы сот актісінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «ҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Баймаханов
С.
Судьялар Ғ. Әлжанов
Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.