Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2573 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 19 қараша №6003-25-00-2к/2573 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында

төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,

судьялар А.А. Бакытжанова, Ч.И. Майшибаев,

талап қоюшы Н.Д.Мырзабекова, оның өкілі Г.И.Булегенова,

жауапкер Ж.А.Уразымбетова, жауапкер «Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Т.Н.Байдаулетов,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Нурхан Даулетбековна Мырзабекованың жауапкерлер Жанар Абдыхановна Уразымбетоваға және «Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берген кепілдік шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

2023 жылғы 1 шілдеде микрокредит беру туралы шартына қосылу жөніндегі арызы негізінде «Арнұр Кредит» МҚҰ» ЖШС-і (бұдан әрі - МҚҰ) Ж.А.Уразымбетоваға (Несие алушы) 3 000 000 теңге микрокредит берген. Осы күні МҚҰ, Ж.А.Уразымбетова және Н.Д.Мырзабекованың (Кепілгер) арасында несие шартына кепілдік шарты жасалған (бұдан әрі - Кепілдік шарты).

Н.Д.Мырзабекова талап қоюында МҚҰ-на қайта қаржыландыру жасату үшін барғанын, МҚҰ-ның басшысы Д.Б.Нысанбеков келісім беріп, бірнеше қағазға қол қойғызып алғанын, ол қағаздар қайта қаржыландыру жөніндегі шарттың құжаттары екен деп ойлап, қол қойғанын көрсетіп, бұрын өзіне таныс емес Ж.А.Уразымбетоваға кепілгер болғызған, алдау жолымен жасалған кепілдік шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының, оның өкілінің және жауапкер Ж.Уразымбетованың кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкер МҚҰ өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай – АК) 159 бабының 9-тармағына сай, алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мəмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мəн-жайлардың салдарынан жасауға мəжбүр болған мəмiленi (кiрiптарлық мəмiле) сот жəбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

АК-нің 331-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес, кепіл болушылық немесе кепілдік шарттарының негізінде кепілдік және кепіл болушылық пайда болады. Кепiлдiк немесе кепiлгерлік шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлдiк немесе кепiлгерлік шартының маңызсыздығына алып келеді.

Істің мән-жайынан даулы кепілдік шартының мазмұны мен нысаны заң талаптарына сəйкестігі, оның жасау тәртібі сақталғаны, оның заңмен көзделгендей міндетті жазбаша түрде жасалынғаны жəне кепілдік шартының тараптардың қолтаңбаларымен куəландырылғаны, яғни заңдық тұрғыда мәмілені жарамсыз деп тануға негіз жоқ екені анықталған.

Керісінше, талап қоюшымен жасалған даулы кепілдік шарты алдау және жаңылысу ықпалымен жасалғаны, немесе мүлде тиiмсiз ауыр мəн-жайлардың салдарынан жасауға мəжбүр болған мəмiле болғаны дәлелденбеген.

Талап қоюшы МҚҰ-на өзі барып, құжаттарға қол қойғанын, даулы кепілдік шартындағы қолтаңбасы өзінікі екенін растайды. Ол МҚҰ-да бұрынғы кезде несие рәсімдеген, несие құжаттарының рәсімделу жолын білетін болған, оның қолына берілген жазбаша шартпен, оның талаптарымен толық танысуы тиіс болған, сондықтан оның ұқыптылық танытпай, өрескел бейқамдыққа жол беріп, құжаттарға таныспай қол қоя салғаны жөніндегі аузыша уәждерінің дәлелдік күші жоқ.

Жауапкер Ж.Уразымбетованың талап қоюшының уәждерін қолдауы даулы кепілдік шартының жарамсыздығының дәлелі болмайды, себебі ол несие шартын жалған деп санайтындықтан талап қоюшы жағында мүдделі тұлға және даулы кепілдік шартының жасалуының тікелей куәсі емес.

Талап қоюшының даулы кепілдік шартына Д.Б.Нысанбековтің алдап қол қойғызғаны оған қатысты сот үкімімен дәлелденгені туралы уәжін де негізсіз, себебі ол үкімде осы іс бойынша даулы несиеге және кепілдік шартына қатысты ешқандай мәлімет қаралмаған, кепілдік шартының алаяқтық жолмен немесе бүркемелеу мақсатымен (қулықпен) жасалғаны сот үкімімен бекітілмеген.

Мұндай жағдайда жергілікті соттардың даулы шарттың талап қоюшының өз қалауымен және заң талаптары сақталып жасалғаны жөніндегі тұжырымдары орынды, сондықтан даулы шартты жарамсыз деп тануға негіз жоқ болған.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждерге бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс

қолданылған, сот актілері заңды әрі негізді, олардың күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Бакытжанова

Ч.Майшибаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.