ВС РК - Постановление от 14.01.2025 по делу 6001-24-00-3гп/525 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/525

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14-қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Б.Р.Ералиеваның, судьялар М.Т.Балкеннің, Ғ.Ж. Мырзакенің, прокурор Б.С. Саттыбаевтың талап қоюшының өкілдері - М.А.Джургенбаеваның, М.А.Нұғманованың, жауапкерлер:

«Торговая компания - Asset» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі Р.Н.Тасыбаевтың,

«КМГ Ромпетрол С.Р.Л.» компаниясының өкілі Р.А.Адамбаевтың, «Оператор РОП» ЖШС-нің өкілі Д.Д.Кыдырбековтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер «Торговая компания-Asset» ЖШС-не, «КМГ Ромпетрол С.Р.Л.» компаниясына, «ITI Capital Qazaqstan Limited» жеке компаниясына, «Оператор РОП» ЖШС-не, «Mustang tyres» ЖШСне мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29қаңтардағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4-сәуірдегі қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Басқарма жоғарыда көрсеткен талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29-қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4-сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкерлер өкілдерінің өтінішхатқа қарсылығын, өтінішхат уәждерін талқылап, прокурордың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығару туралы қорытындысын тыңдап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі ‑ АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттардың тарапынан жол берілмеген деген пікірге келуге болады.

Салық органы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштеріне талдау жұмыстары нәтижесінде «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің тәуекел дәрежесі жоғары, келісім шарт бойынша тауар жеткізуге мүмкіншілігі жоқ жабдықтаушы екенін, тіркеуінде активтерінің жоқтығын, бюджетке төленетін төлемдердің және салық жүктемесінің төмендігін көрсетіп жауапкерлердің арасында ешқандай тауар сатып алу-сату болмағандығын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындысын даулы шарттар бойынша жауапкерлер барлық тиісті әрекеттерді іс жүзінде атқарғанымен, тауар айналымға байланысты қажетті құжаттарды рәсімдеп, тиісті төлемдерді төлеп отырғанымен негіздеген.

Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың түйіндерімен келісе отырып, жергілікті соттардың актілері заңды қабылданған, ал оның күшін жоюға құқықтық негіздер жоқ деген тұжырымға келеді.

Басқарманың «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің «КМГ Ромпетрол С.Р.Л.» Компаниясымен (айналым сомасы 4 900 000 теңге), «ITI Capital Qazaqstan Limited» жеке компаниясымен (айналым сомасы 3 148 917 теңге), «Оператор РОП» ЖШС-мен (айналым сомасы 1 741 444 теңге), «Mustang tyres» ЖШС-мен (айналым сомасы 1 235 000 теңге), жиһаз жеткізу бойынша жасаған мәмілелерінің жарамсыздығы туралы талаптары, құжат айналымының формальдылығы туралы және салық төлеуден жалтару ниетімен жасаған деген уәждермен негізделген. Соттың талап қоюдың негізсіздігі туралы қорытындысы тараптардың (жауапкерлердің) қажетті есеп құжаттарын (ЭШФ, шот-фактуралар, төлем тапсырмалары) ресімдеу арқылы жиһаз жеткізу шарттарының жасасуы туралы тараптар ұсынған дәлелдемелерге негізделген.

Апелляциялық сатыдағы сот жеткізілген тауарлардың фотосуреттері мен бұйымдарын салыстыра отырып, азаматтық іс материалдарын тексерген.

Басқарма талап қоюда жеткізуші «Торговая компания-Asset» ЖШСде мүліктің жоқтығына сілтеме жасап, төрт жеткізу шартын даулаған. Осы мәмілелер бойынша айналымның шамалы көлемін, сондай-ақ тауарларды жеткізуге байланысты міндеттемелердің сипатын ескере отырып, Басқарманың материалдық базасының жеткіліксіздігі туралы уәжінен заңды түрде бас тартылған.

Осы кезең үшін «Торговая компания-Asset» ЖШС оңайлатылған салық салу режимінде қызметті жүзеге асырғаны туралы дәлелдемелер келтірген.

Демек, «Торговая компания-Asset» ЖШС-і өз айналымын жасырмай, қосымша салық есептілігінде көрсеткен, бірақ оның жалған екені туралы деректер іс құжаттарымен бекуін таппаған, Басқарма тарапынан оған хабарламалар жолданбаған, оның бюджет алдындағы қарызы бар екені туралы деректер ұсынылмаған.

Бюджетке төленген төлем де Басқармамен жоққа шығарылмаған. Тауар жеткізуші мен сатып алушылар араларындағы мәмілелердің жарамдылығы кеңсе жиһаздарын жіберген тауарға ілеспе жүкқұжаттармен, оны қабылдап алған актілерімен, бағасын төлеуге қойылған шотпен, ЭШФ-мен, банк арқылы өткен төлемнің көшірмелерімен, төлемді қабылдаған ордермен, жиһаздардың фотосуреттерімен бекуін тапқан.

Тауар жеткізуші өз кезегінде сатып алушыларға сатқан кеңсе жиһаздарын «Modern Office Furniture» ЖШС-нен дилерлік шарт арқылы алғанын көрсеткен.

Салық органы талап қоюында АК 158-бабының 1-тармағына, 160бапқа сілтеме жасаған, бірақ даулы мәмілелердің мазмұны қандай заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғаны, жауапкерлердің бiрi мәмілені мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқаны, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлгені немесе бiлуге тиiс болғаны, мәміленің құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Сондықтан кассациялық сот алқасы осы іс бойынша жергілікті соттардың шығарған сот актілері істің мән-жайларына сәйкес және қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып қабылдағанын мәлімдейді. Даулы Шарттардың орындалғаны Салық органымен жоққа шығарылмаған.

Кассациялық шағымның дәлелдері істі жергілікті соттар қараған кезде зерттеу нысанасы болған мән-жайларға, фактілерге және дәлелдемелерге сілтемелерге негізделген. Осы санаттағы істер бойынша соттарда тұрақты сот тәжірибесі қалыптасқан. Осыған байланысты, Басқарманың уәжінде іс жүргізу әрекетсіздігін ескере отырып, болмашы сомаға жасалған мәмілелер мен сот актілеріне дау айту туралы уәждерін қабылдау мүмкін емес.

Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау жергілікті соттардың заңды дұрыс қолдануын тексеруге бағытталған. АПК-нің 438бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарауға мүмкіндік беретін елеулі бұзушылықтарға АПК-нің 427-бабында көрсетілген процессуалдық құқық

нормаларының бұзушылықтары жатады. Материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау нәтижесінде сот істі дұрыс шешпеген жағдайда ғана елеулі бұзушылық ретінде жатқызылуы мүмкін.

Іс бойынша мәні дұрыс сот актісін ресми себептер бойынша кассациялық тәртіпте қайта қарауға болмайды. Кассациялық сатыдағы соттың бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда тарап ұсынған зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқығы жоқ. Тиісті негіздер болған кезде мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін («Соттардың кейбір заңды тұлғалардың өтініші туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20-наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 30-тармағы).

Істі қарау кезінде апелляциялық алқамен тараптар ұсынған дәлелдемелердің және басқа да жинақталған материалдардың негізінде даудың мән-жайы анықталған. Тараптарға өз талаптарының дәлелдерін, қарсылықтарын келтіруге және қажетті дәлелдемелерді ұсынуға толық мүмкіндік берілген.

Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот алқасы іс бойынша қабылданған даулы сот актілері заңды және негізді деген қорытындыға келді. Сондықтан сот алқасы бұл даулы сот актілерінің күшін жоюға және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға негіз жоқ деген түйінге келді.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29-қаңтардағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4-сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Б.Р.Ералиева

Судьялар Ғ.Ж. Мырзаке

М.Т. Балкен

Көшірмесі дұрыс

Судья М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.