6кг-4-20
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 5 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А. Рахметулин,
судьялар М. Балкен, Ж. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға С[...],
«Алматы облысының полиция департаменті Қапшағай қаласының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - уәкілетті орган) өкілі А[...] 2020 жылғы 4 наурыздағы сенімхат негізінде қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып ашық сот отырысында Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2019 жылғы 1 қарашадағы қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен
С[...] (SAMETOV ELMURAT) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2019 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен С[...] ӘҚБтК-нің 517- бабының 4 - бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Бас Прокурор орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.
Наразылықты қолдаған прокурордың, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның, уәкілетті орган өкілінің пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мынадай негіздер бар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; ӘҚБтК-дегі процестік нормалардың елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы С[...] 2019 жылғы 24 қыркүйекке дейінгі мерзімге тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, үш тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.
Бірінші сатыдағы сот С[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.
2017 жылғы 24 мамырдағы № AB6779215 паспортқа сәйкес С[...] Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылады, 2001 жылғы 30 қаңтарда туған, ұлты - қазақ. С[...] «Қапшағай көпсалалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының 1-курс студенті болып табылады.
Өз түсініктемесінде ол 2019 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасының аумағына келгенін, бірақ көрсетілген мерзімін өткізіп алғанын көрсеткен. Сондықтан көші-қон полициясына 2019 жылғы 1 қарашада келген.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.
ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысына сәйкес бұрын С[...] әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес
кiнәлi адамның өкiнуi, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мәнжайлар деп танылады.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген. Алайда сот тарапынан С[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.
Аталған мән-жәйларды ескере отырып, алқа С[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша С[...] (SAMETOV ELMURAT) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2019 жылғы 1 қарашадағы қаулысы өзгертілсін.
С[...] (SAMETOV ELMURAT) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 26 513 (жиырма алты мың бес жүз он үш) теңге айыппұл салынсын. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Рахметулин
Судьялар Ж. Ермағамбетова
M. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.