Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1599 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 4 маусым №6003-26-00-2к/1599 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Ж[...], жауапкер өкілі А[...], аудармашы Т[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) жауапкер жеке сот орындаушысы Ш[...] (бұдан әрі - жауапкер) жеке сот орындаушының қызметімен айналысуға берілген мемлекеттік лицензиядан айыру туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Министрлік сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкер тарапынан көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгенімен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға берілген мемлекеттік лицензиядан айырылған және мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, жауапкер жеке сот орындаушысы қызметін 2019 жылғы 3 қазандағы №5597 мемлекеттік лицензиясы негізінде атқарған.

Атырау облысы Әділет департаментінің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы №133 бұйрығы негізінде жауапкерге қатысты жоспарлы бақылау жүргізілген.

Атырау облысы Әділет департаментінің 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №142 бұйрығымен 2024 жылғы 4 желтоқсандағы №133 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, «Жоспарлы бақылау 2024 жылдың 12-26 желтоқсан аралығында өткізілсін» деген сөз «Жоспарлы бақылау 2024 жылдың 24-31 желтоқсан аралығында өткізілсін» деген сөзбен өзгертілген.

2024 жылғы 24-31 желтоқсан аралығында жоспарлы бақылау жүргізу қорытындысы жасалған.

Аталған бұйрықтар және қорытындымен жауапкер танысқан.

Тексеру жауапкердің өндірісіндегі атқарушылық өндірістерді зерделеу арқылы жүргізіліп, нәтижесінде бір қатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған.

Жауапкердің өндірісінде алимент өндіру туралы барлығы 331 атқарушылық құжаты болып, оның ішінде 108 атқарушылық құжаттар бойынша құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылданбаған, алименттерді өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізулер толық атқарылмаған.

Оның ішінде борышкер Ш[...] өндіріп алушы С[...] пайдасына ¼ мөлшерде алимент өндіру туралы атқарушылық құжаты 2023 жылғы 26 шілдеде қозғалып, 2024 жылдың қыркүйек айына дейін жалақысынан ұсталып келген. Аталған атқару өндірісі бойынша Заңның 99-бабына сай борышкердің алимент берешегі есептелмеген, АІЖО ААЖ-дегі «Алименты»-деген бөлігіне ақпарат енгізілмеген. Заңның 33бабына сай Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қойылмаған.

Б[...].Дюсекеновке қатысты атқарушылық құжаты 2017 жылғы 19 шілдеде қозғалған. Аталған атқару өндірісі бойынша Заңның 62-бабына сәйкес борышкердің мүлкіне тыйым салынбай, мүлікке тыйым салу тек 2024 жылғы 8 қарашада жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, сұрау салулар нәтижесімен борышкердің жүргізуші куәлігінің бар екендігі анықталған, алайда борышкердің жүргізушілік куәлігін тоқтату шаралары атқарылмаған.

Алимент берешегі 3 ай сайын есептелу керек деген талабы сақталмай, жауапкермен алимент берешегі 1 жылда бір рет есептелген, алимент берешегі АІЖО ААЖ-дегі «Алименты»-деген бөлігіне ақпарат ретінде енгізілмеген.

Заңның 125-бабына сай атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдамаған.

Б[...].О[...] қатысты атқарушылық құжат 2023 жылғы 25 тамызда қозғалған. Аталған атқару өндірісі бойынша алимент берешегі есептелмеген. Б[...] түсініктеме алынбаған. Атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдамаған.

Б[...].Жумагалиевке қатысты атқарушылық құжат 2021 жылғы 1 сәуірде қозғалған. Аталған атқару өндірісі бойынша борышкердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына шектеу қою шарасы 1 жылдан кейін ғана жүзеге асырылған.

2023 жылы борышкердің көлік жүргізу куәлігінің бар екендігі анықталса да оның қолданысын уақытша тоқтату туралы ұсыныспен сотқа тек 2024 жылғы 10 желтоқсанда жүгінген. Осылайша, борышкердің жұмыстан босатылғанына 1 жыл 5 ай бола тұра жауапкер тарапынан 1 жыл бойына әрекетсіздік танытылған.

Осы тектес заң бұзушылықтар жауапкердің өндірісіндегі 108 атқарушылық құжаттар бойынша орын алған, яғни жауапкермен әлеуметтік маңызы бар атқарушылық өндірістер бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданбауы немесе кешігіп қабылдануы салдарынан кәмелетке толмаған балалардың құқықтарының шектелуіне жол берілген.

Одан бөлек, жауапкердің өндірісіндегі мемлекет пайдасына ақша қаражатын өндіру туралы атқарушылық құжаттар бойынша да заң бұзушылықтарға жол беріліп, ол жөнінде тексеру анықтамасында және сот актілерінде ашылып көрсетілген.

Жоспарлы бақылау жүргізудің нәтижелері бойынша жауапкерге анықталған бұзушылықтарды жою үшін 1 ай мерзім берілген, алайда соңғымен ол кемшіліктер толық жойылмаған.

Заңның 150-бабының 1-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының өзіне жүктелген міндеттер мен лауазымдық өкілеттіктерді орындамауы не тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңның 144-бабының 2-тармағының 4) тармақшасына сай лицензиядан айыру үшін сот орындаушысының бір ай ішінде мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамау фактісінің анықталуы жеткілікті болып табылады. Бұл жағдайда жауапкер өндірісінде болған көптеген атқару өндірістері бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамай, немқұрайлық танытқан, заң талаптарымен істердің әлеуметтік маңызды санаттарына жататын атқарушылық құжаттар бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында, бұзушылықтар жойылғанына немесе жойылмағанына қарамастан, тәртіптік жазаның баламалы түрлерін қолданбай жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру көзделген деген қорытындыға жергілікті соттар дұрыс келген.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттармен заңды әрі негізді шешім шығарылған.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешімі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.