6003-25-00-2к/4960
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшының өкілі «Қайнар –Астық» өндірісті кооперативінің өкілдері А.Игілікұлының, К.Мылтыкбаевтың, жауапкер «Нұр-көл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Д.Сармановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қайнар - Астық» өндірісті кооперативінің жауапкерлер Түркістан облысының Әділет Департаментіне, «Нұр-көл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, мемлекеттік сот орындаушысы Талғат Сарсентаевич Курбеновқа, Сержан Оналбекович Тастанбековқа, Гульзат Мейрамбековна Кочербаеваға шарттарды жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкердің Г.М.Кочербаеваның Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік мекемесі Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Т.С.Курбенов пен «Нұр-көл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-ЖШС) арасындағы жасалған 2014 жылғы 30 сәуірдегі н/з кадастрлық № 19-295-017-7397 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.
«Нұр-көл» ЖШС мен Г.М.Кочербаеваның арасындағы жасалған 2018 жылғы 31 шілдедегі №2019 нотариус Ж.С.Альчикенова куәландырған Шымкент қаласы, 216 орам, №354 мекенжайда орналасқан кадастрлық № 19309-216-354 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған «Нұр-көл» ЖШС-нің өкілі Д.Сармановты, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі «Қайнар – Астық» өндірісті кооперативінің өкілдері А.Игілікұлын, К.Мылтыкбаевты
тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 1,3-тармақтарына сай, мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады. Мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
АК-нің 157-1-бабының 2-тармағына сай, жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
АК-нің 158-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.
АПК-нің 76-бабының 2,3-тармақтарына сай, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді. Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 23 мамырдағы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен бұрынғы Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Т.С.Курбенов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі –
ҚК) 361-бабының 4-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған тиісті жаза қолданылған (бұдан әрі- үкім).
Бірінші сатыдағы сот шешім шығарған кезде заңды күшіне енген соттың үкімімен ОҚО сот актілері жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің бұрынғы мемлекеттік сот орындаушысы қызметін атқарған Т.Курбенов «Қайнар - Астық» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі – Кооператив) қатысты заңды күшіне енбеген сот актісі бойынша атқару өндірісін қозғап, атқару өндірісін өз өндірісіне қабылдамастан, Кооперативтің мүліктерін, яғни жер учаскелерін саудаға шығарып, оларды заңсыз сатып жібергені жөнінде қылмыстық әрекеттері дәлелденіп, сотты болғанын назарға алған.
2022 жылғы 22 шілдедегі Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының шешімімен талап қоюшы кооперативтің талап қоюы қанағаттандырылып. ОҚО-ның сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Т.С.Курбеновтың борышкер кооперативке қатысты 2013-2014 жылдары атқарушылық құжаттарды орындау кезінде уақытша жер пайдалану құқығымен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерін сауда-саттыққа шығарып, сату жөніндегі барлық әрекеттері заңсыз деп танылып, күші жойылған.
ОҚО-ның сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Т.С.Курбеновтың №334313-51/20-6 2013 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
2014 жылғы 27 ақпандағы ОҚО-ның сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушы Т.С.Курбеновтың мүлікті бағалаушы ретінде маманды тарту туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған. 2014 жылғы 8 сәуірдегі ОҚО-ның сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушы Т.Курбеновтың борышкер кооперативтің 3 жер учаскесі (кадастрлық нөмірлері 19-295-017-7171, 19-295-017-7397, 19-295-017-7562) «Би логистикс» Акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалымен 3 794 600 тенгеге 2014 жылғы 6 наурыздағы пайдалану құқығы бағаланған жер учаскелерді ағылшын әдісімен сауда-саттық жариялау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
ОҚО-ның сот актілерін орындау жөніндегі Департаментінің Сайрам аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушы Т.С.Курбеновпен және «БиЛогистикс» Акционерлік қоғамының ОҚО филиалының директоры К.И.Майлышевтің 2014 жылғы 23 сәуірде өткен сауда-саттықтың нәтижесі туралы №92 хаттаманың «Нұр-көл» ЖШС жеңімпаз деп тану туралы шешімі заңсыздеп танылып, күші жойылған.
Аталған мән-жайлар, сот шешімінде көрсетілген 2022 жылғы қылмыстық және әкімшілік істер бойынша қабылданған сот актілерімен анықталған және аталған азаматтық істі талқылау кезінде қайта дәлелденуге жатпайды.
Даулы жер учаскесі Кооператив иелігінен мемлекеттік сот орындаушысы Т.С.Курбеновтың заңсыз іс әрекеттерінің негізінде меншік иесінің еркінен тыс жолмен шығарылған.
АК-нің 261-бабы 1-тармағына сай, егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
Жауапкер Г.М.Кочербаеваның жер учаскесінің адал сатып алушысы болып табылатыны жөніндегі уәжі негізсіз.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың шарттарды жарамсыз деп тануы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Г.М.Кочербаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.