ВС РК - Постановление от 04.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3255 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 маусым 6001-23-00-6ап/3255 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы Ж[...], оның өкілдері М[...] пен К[...],

жауапкерлер Мақтаарал ауданы әкімінің өкілі М[...],

Мақтаарал ауылдық округі әкімінің өкілі О[...],

«Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі Ш[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Мақтаарал ауданы әкіміне, Мақтаарал ауылдық округі әкіміне, «Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-не жер комиссиясының 2023 жылғы 6 наурыздағы №04-09 хаттамасын заңсыз деп танып күшін жою, әкімнің 2023 жылғы 6 наурыздағы №32 шешімін заңсыз деп танып күшін жою, жер учаскесіне құқық беру туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруды міндеттеу, Мақтаарал ауданы әкімі мен Мақтаарал ауылдық округі әкімінің әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысы мен ұйғарымына Мақтаарал ауданы әкімінің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің жанынан құрылған жер комиссиясының 2023 жылғы 6 наурыздағы №04-09 хаттамалық шешімі мен Мақтаарал ауылдық округі әкімінің 2023 жылғы 6 наурыздағы №32 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Мақтаарал ауданы әкімінен, Мақтаарал ауылдық округі әкімінен және «Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-нен талап қоюшы Ж[...] пайдасына әрқайсысынан 690 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген. Ж[...] артық төленген 1 085 теңге мемлекеттік баж салығы республикалық бюджеттен кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мақтаарал ауданы әкімінің өкілі кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған, талап қоюшы мен оның өкілдерінің кассациялық шағымдармен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшы Ж[...] Мақтаарал ауданы әкімдігінің жанынан құрылған жер комиссиясына жер учаскесін табыстау туралы өтінішпенен жүгінген. Жер комиссиясының 2023 жылғы 6 наурыздағы №04-09 шешімімен сұралған жер учаскесіне құқықтық табыстаудан бас тартылған.

Осы шешім негізінде Мақтаарал ауылдық округі әкімі 2023 жылғы 6 наурыздағы №32 шешіммен талап қоюшыға сұралған жер учаскесіне құқықтық табыстаудан бас тарту туралы №32 шешім қабылдаған.

Бұл шешімдермен келіспеген Ж[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.

Соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабына сәйкес жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.

Талап қоюшының сұралған жер учаскесін табыстау туралы өтініші жер комиссиясының 2023 жылғы 6 наурыздағы отырысында қаралғанда комиссия құрамының 9 мүшесі қатысқан. Оның 6 мүшесі мемлекеттік мекемелердің, ал 3 мүшесі мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері болған, яғни Жер кодексінің жер комиссиясының отырысына қатысып отырған өкілдерінің саны кемінде елу пайызын құрауға тиіс деген талабы бұзылған. Сол себепті жер комиссиясының шешімі мен әкімнің қаулысы заңсыз болып табылады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.