6001-23-00-6ап/3227, (2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 18 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Е.Д.Өміралиев болып, прокурор М[...], талап қоюшы өкілі Б[...], жауапкер өкілі Қ[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «МЮ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кентау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - РММ) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысына жауапкер, Түркістан облыс прокуроры келтірілген кассациялық шағым мен өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, 2021 жылғы 7 қазандағы хабарламаны заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен Серіктестіктің талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарау үшін жолданған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшы «МЮ[...]» ЖШС-нің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Басқарманың камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 7 қазандағы хабарламасы заңсыз деп танылған.
Жауапкер, прокурор кассациялық шағым мен өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Тараптар өкілдерінің түсініктерін, прокурордың кассациялық шағым мен өтінішхатты қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда «МЮ[...]» ЖШС-гі мен «И[...]» ЖШС-гі (әрі қарай - Тауар жеткізуші) арасында 2019 жылғы 1 ақпанында ламинатталған ағаш-талшықты тақталарын жеткізу туралы келісім-шарты жасалған.
2021 жылғы 28 наурыз бен 2021 жылғы 17 сәуір аралығында тауарлар үшін 28 450 295,4 теңге нақты түрде төленген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 3 маусымындағы заңды күшіне енген шешімімен Тауар жеткізушінің 2012 жылғы 29 сәуіріндегі бұйрығы негізінде мемлекеттік қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған.
Жауапкер талап қоюшы «МЮ[...]» ЖШС-не тауар жеткізуші «И[...]» ЖШС-нің сот шешімімен мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылғандықтан камералдық бақылау нәтижелері бойынша 5 080 410 теңге көлемінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 7 қазанындағы хабарламасын рәсімдеп, орындау үшін жолдаған.
Даулы хабарламаның №1 қосымшасында камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны рәсімдеуге сот шешімімен мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысулар бойынша шығындарына корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығын шегерімге құқысыз жатқызуы негіз болғандығы анықталып, бұзушылықтың сомасы 5 080 410 теңге деп көрсетілген.
Камералдық бақылаумен қамтылған мерзім 2018 жылғы 1 қазан мен 2021 жылғы 30 қыркүйек аралығы.
Талап қоюшы аталған хабарламамен келіспей, жоғары тұрған салық органдарына 2021 жылғы 3 қарашада және 2021 жылғы 16 қарашада шағым берген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 264-бабының 2)-тармақшасында шегерімге сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар жатпайды.
Салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда ғана тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан немесе дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы (Салық кодексінің 96-бабы 5-тармағы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 22 желтоқсандағы «Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» №9 Нормативтік қаулысының 23 тармағында камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған Салық кодексінің 96-бабы 3- тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға дау айту туралы талап қоюларды қарау кезінде сот тіркелуі (қайта тіркелуі) Салық кодексінің 96-бабы 5-тармағына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылған осы заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын растау үшін салық төлеуші ұсынған дәлелдемелерге баға беруге және оларды зерттеуге міндетті.
Барлық өзге жағдайларда сот салық органында оның талаптарының мәні бойынша негізділігін тексермей хабарлама шығару үшін заңда көзделген негіздердің бар-жоғын анықтауы жеткілікті.
Олай болмаған жағдайда болашақ салықтық тексерулердің, оның ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындамау мәселесі бойынша жоспардан тыс тақырыптық тексерулердің нәтижелері алдын ала шешілетін болады.
Өз кезегінде салық төлеушімен оның құқығы жүзеге асырылып, онымен сотта жасалған мәмленің негізділігі дәлелденген.
Осылайша, талап қоюшы мәміле бойынша айналым мен оның дұрыстығын дәлелдеу үшін:
2019 жылғы 1 ақпандағы келісім шартты, екі тарап арасындағы тауар айналымы туралы бухгалтерлік құжаттарды;
жеткізу келісім шартың, жүкқұжаттарды, электронды шотфактураларды, тауарларды сыртқа шығаруға арналған жүкқұжаттарды;
өзара есеп айырысуларды салыстыру актісін, фискалды чекті, кассалық кіріс ордер түбіртегін, аванстық есептерді сотқа ұсынған.
Сотқа ұсынылған құжаттардың талдауы «МЮ[...]» ЖШС-гі «И[...]» ЖШС-гінен келісім шартта көрсетілген тауарларды сатып алып, оларды тиісті түрде рәсімдеп, тиісті төлем жүргізгенің көрсеткен.
Кейін Серіктестік «И[...]» ЖШС-нен сатып алынған тауарларды «F[...]» ЖШС-гіне сатқаның, олар тиісті түрде рәсімделгенің, соңғымен алынған тауарлардың құны «МЮ[...]» ЖШС-гіне төленгенің, жүргізілген төлемдер банк арқылы жүргізілгенің көрсетті.
Бұл өз кезегінде сотта мәміле бойынша айналымның болғаның және дұрыстығы дәлелденгендігін дәлелдейді.
Яғни, Серіктестік сотта тауарды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеді.
ӘРПК-нің 84-бабының төртінші бөлігінде заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жататындығы көрсетілген.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актінің заңсыздығы істі қарау барысында өз растауын тапқан.
Сот актісі материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кентау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымы мен Түркістан облыс прокурорының кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.