Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2022 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 4 маусым №6003-26-00-2к/2022 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшының өкілі А.Қуатбаев,

жауапкердің өкілі Е.Мауленов,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Департамент) жауапкер «Super Soul Dream» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (әрі қарай - ЖШС) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 тамыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын, жауапкердің шарт бойынша міндеттемесін орындамағаны шарт жасалған күні белгілі болғанын, алайда, ол сотқа талап қоюдың 30 күндік мерзімін өткізіп бергенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабы 4-тармағының 3, 4-тармақшаларына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өнім берушілердің; өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда тапсырыс беруші шарт бұзылған не шарттың қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарттың талаптарын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

2025 жылы 20 ақпанда талап қоюшы мен жауапкер арасында, жалпы құны 249 999 теңгеге бағаланған, «Қауіпті емес қалдықтарды /мүліктерді/ материалдарды шығару (жинау) бойынша қызметтер» туралы №20 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (әрі қарай - Шарт).

Шарттың №1 қосымшасына сай, жауапкер қызметтерді шартқа қол қойғаннан бастап 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін орындауға тиіс болған.

Шарттың №2 қосымшасы (техникалық ерекшеліктері) бойынша жауапкер коммуналдық қалдықтарды шығару және ҚТҚ полигонына орналастыру, ғимарат аумағына 2 контейнер (1 куб. әрқайсысы) орналастыру, қалдықтарды шығару - 2 контейнер, аптасына 2 рет қарастырылған.

Шарттың 3.3.2 тармағына сәйкес, тапсырыс беруші көрсетілген қызметтердің сәйкессіздіктері анықталған кезде тез арада өнім берушіні жазбаша хабарландыруға міндеттенеді.

Шарттың жасалған уақыты 2025 жылғы 20 ақпан болғандықтан жауапкер 2025 жылғы 2 наурызға дейін контейнерлерді орналастырып, қалдықтарды шығаруы қажет болған, алайда жауапкер бұл міндеттемесін орындамаған.

2025 жылғы 7 наурызда талап қоюшымен шарттың техникалық ерекшеліктерінде ескерілген орындарда 2 дана контейнер орналастырмағаны, қалдықтар аптасына 2 рет шығарылмағаны жөнінде акт жасалып, жауапкерге міндеттемесі орындалмағаны туралы хабарлама жолданған.

2025 жылғы 20 наурызда талап қоюшымен жауапкерге келісім шарттың талаптары орындалмағаны себепті шарттың бұзылатыны жөнінде хабарлама жолданған. Жауапкер хабарламаны 2025 жылғы 21 наурызда алған.

Жауапкер бір ай ішінде ешқандай шаралар қабылдамағандықтан, талап қоюшымен келісім шарт 2025 жылдың 21 сәуірінде бұзылған.

Талап қоюшымен 30 күндік сотқа талап қою мерзімі өткізілмеген, себебі талап қою мерзімі 2025 жылғы 2 наурызда басталған, талап қоюшы сотқа талап қоюмен 2025 жылғы 28 наурызда жүгінген.

Мұндай жағдайда төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырғаны дұрыс, себебі жауапкермен мемлекеттік сатып алу шарты

бойынша міндеттемесі орындалмағаны дәлелденген, оның салдары жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға негіз болады.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Төменгі сатыдағы соттармен іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 тамыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар М.Қадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.