ВС РК - Постановление от 25.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3719 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 25 сәуір 6001-24-00-6ап/3719 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Ж.Қ.Үсеновтың,

«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарама) өкілі Ә.С.Серікбайдың,

«ЖАНАТАЕВ» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – Ж.К. «Жанатаев») өкілі Б.С.Сералиевтің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ай-Ару» атынан әрекет етуші жеке кәсіпкер Дамир Сахтаганович Жанасбаевтың (бұдан әрі – ЖК «Ай-Ару») жауапкерлер Басқармаға, Департаментке 2024 жылғы 2 тамыздағы №431010000-КпОПО32-303030 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, оның күшін жою, 2024 жылғы 17 тамыздағы №12494057-1 конкурс қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған. Талап қоюшының, мүдделі тұлғалар Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№280 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – №280 мектеп), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкерлер, мүдделі тұлға ЖК «Жанатаев» өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірлерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма №280 мектепте балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурс өткізген.

Конкурсқа қатысуға ЖК «Ай-Ару», ЖК «Жанатаев», ЖК «Бастау», ЖК «Жан-Наз», ЖК Ибраев, «ISMAIL PRODUCTS» ЖШС-гі жіберілген.

2024 жылғы 12 шілдеде конкурс қорытындыларымен жеңімпазы ретінде ЖК «Ай-Ару» танылған.

Әлеуетті өнім берушілердің шағымымен Департамент 2024 жылғы 2 тамызда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы №431010000-КпОПО-32-303030 хабарлама берген .

Хабарлама негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 17 тамыздағы №12494057-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамамен конкурс жеңімпазы ретінде ЖК «Жанатаев» танылған.

Бұл қорытындымен келіспеген ЖК «Ай-Ару» жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандыусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) «Көрсетілетін қызметті жеткізушіні таңдау өлшемшарттары» көзделген 7-қосымшасында аспаз біліктілігі бар білімі болған жағдайда аспаздың біліктілігін (разрядын) арттыру уәкілетті орган белгілеген үлгідегі электрондық көшірмесі құжатпен расталатыны, сонымен қатар медициналық білімі болған жағдайда, диетология саласында біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесімен расталатыны көзделген.

ЖК «Ай-Ару» ұсынған аспазшылары А.Кадырова, Н.Потопова және К.Абдураманованың білімі туралы құжаттар аспазшыларға қойылатын біліктілігіне сай келмеген.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасында көрсетілгендей, жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.

ЕШЕБЖ-ден ұсынылған мәліметке қарағанда ЖК «Ай-Ару» конкурстық құжаттамаларының 6-қосымшасында көрсетілген диетолог, технолог, аспазшылары мен асхана жұмысшыларымен жасалған еңбек шарттары тіркелмеген.

Конкурстық өтінімде көрсеткен жұмыскерлерінің бірде-біреуіне ЖК «АйАру» зейнетақы төлемдерін жасамаған. Керісінше, оларға зейнетақы төлемдері басқа ұйымдардан түсіп отырған.

Соттардың келтірген осы және басқа негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Ай-Ару» атынан әрекет етуші жеке кәсіпкер Дамир Сахтаганович Жанасбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.