КСАД РК - Постановление от 12.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2698 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 12 ақпан 6003-25-00-4к/2698 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева

талап қоюшының өкілі Ж.М.Бутинбаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Еменхан Мұратбектің жауапкер Жетісу облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – сот орындаушы, ЖСО) Ерлан Артықбаевич Даткаевтың 2025 жылғы 22 шілдедегі тыйым салынған мүлікті өндіріп алушыға беру қаулысын даулау туралы әкімшілік ісі бойынша,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкерге 2025 жылғы 22 шілдедегі тыйым салынған мүлікті өндіріп алушыға беру қаулысын даулап талап қоюымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымымен бұл талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, кері қайтарылған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қою арызын қайтадан негізі бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.

Жауапкер сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот, талап қоюшы өкілінің пікірін тындап, кассациялық шағым және оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Бұл әкімшілік іс бойынша аталған заң бұзушылықтардың орын алғандығы анықталды.

2022 жылғы 8 желтоқсандағы № 04256-002663/259 атқарушылық жазбасы негізінде, 2025 жылғы 13 қаңтарда борышкер Г.Зададан өндіріп алушы С.Бульдурукованың пайдасына 14 331 756 теңге өндіру туралы атқарушылық өндіріс қозғалған.

Жауапкердін 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен 2017 жылы шығарылған, мемлекеттік нөмірі 121CUA05 «Subaru Outback» маркалы автокөлігінің нарықтағы бағасы анықтау үшін өндіріп алушы С.Бульдуруковаға тапсырылған.

2025 жылғы 16 қаңтардағы жылжымалы мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы №0058/25-AST есебі бойынша жоғарыда аталған автокөлік 9 500 000 теңгеге бағаланған.

2025 жылғы 4 маусымдағы қаулымен автокөлік сатылымға

шығарылған.

2025 жылғы 24 маусымдағы электрондық аукцион өткізілмеген. Мүліктің жария саудадан өтпей қалуына байланысты, сот орындаушысының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен бұл жылжымалы мүлік өндіріп алушыға 9 500 000 теңге есебімен берілген.

Осыған байланысты, талап қоюшы 2025 жылғы 22 шілдедегі жеке сот орындаушының қаулысымен келіспей, оны даулаған, себебі, ол Зада Гүлмирамен тіркелген заңды некеде тұрады, сондықтан «Subaru Outback» автокөлігі олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Жауапкер автокөліктің үлесін айқындамай, оны бөліп көрсетпестен, аталған көлікті өндіріп алушыға берген.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымымен осы іс бойынша талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) - тармағының негізінде қайтарылған.

Кейіннен, апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың осы ұйғарымымен келіскен.

Алайда, төменгі соттар талап қоюшының берген талабына тиісті баға бермеген.

Атап айтқанда, Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы Еменхан Мұратбектің жауапкер Жетісу облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ермек Сапаргалиевич Тазабековке, мүдделі тұлға Сарбиназ Бейсембаевна Бульдурукованы тарта отырып, жеке сот орындаушының 2023 жылғы 16 маусымдағы жеке автокөлікті ұстап, айып тұраққа қою туралы қаулысын заңсыз деп танып, оны бұзуды, жеке автокөлігін сақтау қол хаты арқылы белгісіз адамдардың есік алдына қойған әрекетін заңсыз деп тануды, жіберген заң бұзушылық әрекеттерін қалпына келтіруді және жеке автокөлікті қайтаруды міндеттеу туралы әкімшілік қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қазандағы қаулысымен Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 5 қыркүйектегі 2024 жылғы шешімі күшінде қалдырылған. Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы өз уәждерін негіздеу үшін 1990 жылғы 3 қаңтардағы Е.Муратбек пен Г.Зада арасында Қытай Халық Республикасы аумағында тіркелген №90-006 неке туралы куәлікті сотқа қоса ұсынған.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен осы талап арыз экстерриториалдық соттылық бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.

ӘРПК-нің 136-бабының төртінші және бесінше бөліктері бойынша, сот орындаушының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде сотқа талап қоюды беруге құқылы. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, кассациялық сот, осы іс бойынша берілген талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады, деп санайды.

Сондықтан, төменгі соттардың сот ұйғарымдарының күші жойылып, іс жаңадан қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдануы тиіс. Істі жаңадан қарау кезінде, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, көрсетілген кемшіліктерді жойып, заңға негізделген дұрыс шешім қабылдау қажет.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5)- тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қазандағы ұйғарымының осы іс бойынша, күші жойылсын.

Талап қоюшы Еменхан Мұратбектің жауапкер Жетісу облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ерлан Артықбаевич Даткаевтың 2025 жылғы 22 шілдедегі тыйым салынған мүлікті өндіріп алушыға беру қаулысын даулау туралы әкімшілік талап қоюын қабылдау мәселесі, жаңадан қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын. Талап қоюшы Еменхан Мұратбектің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нұралиев Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.