ВС РК - Постановление от 29.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/708 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 29 қыркүйек 6001-22-00-6ап/708 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы – «ҚСБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі К[...],

жауапкер – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...],

мүдделі тұлға – «Түркістан облысы, [...] әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Е[...],

«Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілі

М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «ҚСБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) жауапкерлер «Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (КММ) және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (Қазынашылық комитеті) бұйрығының күшін жою туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысына талап қоюшы «ҚСБ[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«ҚСБ[...]» ЖШС-гі (бұдан әрі – Серіктестік) Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 4 тамыздағы №113965-0821 бұйрығының (бұдан әрі – бұйрық) күшін жою жөнінде талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Серіктестік өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген және мүдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2021 жылдың 27 шілдесінде «Түркістан облысы, [...] дамуына белгіленген жерге егжей-тегжейлі жоспарын жасау қызметі» бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы деп танылған.

2021 жылы 29 шілдеде тапсырыс беруші «Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ-сі мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы келісім шартты Серіктестікке қол қою үшін жолдаған. Бірақ Серіктестік заңда көзделген мерзімде шартқа қол қоймаған.

Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген. Жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін талап қоюшының шартқа дәлелді себептермен қол қоюға мүмкіншілігі болмағандығы туралы уәждерінің расталмағандығымен негіздегені істегі құжаттармен бекітілген.

Серіктестік басшысы К[...] 2021 жылғы 1 маусымдағы бұйрығымен О[...] мемлекеттік сатып алу саласына қатысты маман ретінде жұмысқа қабылданған. 2021 жылғы 7 маусымдағы бұйрықпен мемлекеттік сатып алу веб-порталында қол қою құқығы директор К[...] және оның жұмыста жоқ кезінде О[...] жүктелген.

Талап қоюшының өкілі сот отырысында келісім шартқа Заңда белгіленген мерзімде талап қоюшы тарапынан қол қойылмағандығын К[...] 2021 жылдың 27 шілдесінен 4 тамыз аралығында жұмыс бабы бойынша іс-сапарда болғандығымен, ал О[...] 29 шілде 2021 жылы COVID-19 ауруы белгілерінің анықталуына байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа кеткендігімен негіздеген.

К[...] 2021 жылдың 27 шілдесінен 4 тамыз аралығында жұмыс бабы бойынша іс-сапарда болғандығын дәлелдейтін (іс-сапарлық куәлікпен, оған келіп-кетуді бекітіп қойылатын белгілер) нақты дәлелдемелер талап қоюшымен бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған.

«INVIVO» медициналық орталығы зертханасының 2021 жылғы 4 тамыздағы анықтамасына сай О[...] COVID-19 ауруына шалдыққаны анықталған (биоматериал 2021 жылдың 3 тамызында тапсырылған).

«Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталында К[...] атынан 2021 жылғы 29 шілдеде 9 рет, 30 шілдеде 2 рет және 3 тамызда 1 рет веб-порталда бірнеше рет әрекеттер жасалғандығы анықталған.

Яғни, Серіктестіктің келісім шартқа электрондық цифрлық қолтаңбаны қоюға толық мүмкіндігі болған деген соттардың тұжырымы орынды болып табылады.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабының 4- тармақшасына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер – бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Талап қоюшының әрекеті заңның бұл талаптарына сәйкес келмейді.

АК-нің 359-бабына сәйкес борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.

Серіктестік басшысы шартқа қол қою үшін өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын, бірақ объективті, оның еркіне байланысты емес мән-жайларға байланысты оған қол қоя алмағанын дәлелдемеген.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «ҚСБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Е.Өміралиев Көшірме дұрыс. Судья С.Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.