ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 маусым 6001-23-00-6ап/3385 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшы өкілі Е[...],
жауапкер өкілі К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Б[...]» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы [...] жер ресурстарын басқару комитетінің Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) 2023 жылғы 26 қаңтардағы №6 Нұсқамасын (бұдан әрі – Нұсқама) заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаментің 2023 жылғы 26 қаңтардағы №6 Нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Серіктестіктің талап қою арызы қайтарылған.
Серіктестікке 17 250 теңге төленген мемлекеттік бажы қайтарылған.
Серіктестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің шағымды қолдаған сөзін, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Б[...]» ЖШС-не берілген қосымша жер учаскесінің заңдылығын тексеру мақсатында тексеру жүргізілген.
Оның қорытындысымен жауапкер 2023 жылғы 26 қаңтарда «Жер заңдылықтарының бұзылуын жою/заңдастыру туралы» «Атырау қаласы әкімі аппараты» ММ-не Нұсқама берген.
Нұсқаманы даулап «Б[...]» ЖШС-гі сотқа жүгінген.
Бірінші саты соты даудың мәні бойынша шешім қабылдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жойып, талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
ӘРПК-нің 138 бабының 2-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, арызға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Әкімшілік актіні сотқа шағымдану құқығы оған қатысты қабылданған тұлғаларға тиесілі. Нұсқама «Атырау қаласы әкімі аппараты» ММ-не қатысты шығарылған.
Нұсқамаға сәйкес, «Атырау қаласы әкімі аппараты» ММ-не төмендегідей міндеттер жүктелді: 1) жер заңдылықтарын бұзушылықтарды заңсыз қабылданған қаулылардың күшін жою арқылы жоюды, 2) жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершіліктерін қарауды, 3) нәтижесі туралы бір ай мерзім ішінде хабардар етуді.
Яғни, Нұсқаманы орындалған жағдайда, егер оны орындаушының жасаған әкімшілік әрекеттері мен әкімшілік актілері «Б[...]» ЖШС-гі өзінің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзады деп есептесе, сол әрекеттер мен актілерді даулап сотқа жүгінуге құқылы.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Б[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.