Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4889 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4889

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 14 сәуір

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі М.К.Сугурбековтың, жауапкер Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің өкілі Г.Хайдаровтың , «Сайрам аудандық жер қатынастары» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ә.М.Сұлтанның қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Дилафза Ахматовна Хайдаркуловаға, Хамидилла Эргешбекович Сатибалдиевке, Бахадыр Шамратович Султановқа, Сайрам ауданының Манкент ауылдық округі әкіміне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан облыстық нотариаттық палатасына әкімнің шешімін, жер учаскесін сатып алу-сату және сыйға тарту келісім шарттарын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі талап қоюшының Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, сот шешімінің: Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 Д.А.Хайдаркуловаға 0,18 га жер учаскесін жеке меншік құқығымен табыстау туралы шешімін, Д.А.Хайдаркулова мен Х.Э.Сатибалдиев арасында 2018 жылғы 4 сәуірдегі №716 сатып алу-сату және Х.Э.Сатибалдиев пен Б.Ш.Султанов арасында 2024 жылғы 8 маусымдағы №429 сыйға тарту келісім шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру бөліктерінің күші ішінара, яғни даулы 0,1108 га жер учаскесіне қатысты бөлігінің күші жойылып, шешімнің 0,1108 га жер учаскесіне қатысты күші жойылған бөліктерінде, талап қоюшының талаптары қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 Д.А.Хайдаркуловаға 0,18 га жер учаскесін жеке меншік құқығымен табыстау туралы шешімінің 0,1108 га қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған. Д.А.Хайдаркулова мен Х.Э.Сатибалдиев арасында 2018 жылғы 4

сәуірдегі №716 0,18 га жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартының 0,1108 га жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған. Х.Э.Сатибалдиев пен Б.Ш.Султанов арасында 2024 жылғы 8 маусымдағы №429 0,18 га жер учаскесін сыйға тарту келісім шартының 0,1108 га жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған талап қоюшының өкілі М.К.Сугурбековты, шағымға қарсылық білдірген жауапкер Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің өкілі Г.Хайдаровты, «Сайрам аудандық жер қатынастары» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ә.М.Сұлтанды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 19-бабының 1-тармағының талабына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, кент, ауыл, ауылдық округтер әкiмдерiнiң қаланың, кенттiң, ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде, осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру құзіретіне кіретіндігі көрсетілген.

Іс құжаттарына қарағанда, Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешіміне сәйкес, Д.А.Хайдаркуловаға Манкент ауылы, Алматы көшесі, нөмерсіз мекенжайынан алаңы 0,18 га жер учаскесі тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншік құқығы табысталып, кадастрлық №19-295-052-2101 сәйкестендіру актісі рәсімделген. 2018 жылғы 4 сәуірдегі реестр №716 куәландырған сатып алу-сату шартына сай, Д.А.Хайдаркулова даулы жер учаскесін Х.Э.Сатибалдиевке сатқан.

Өз кезегінде Х.Э.Сатибалдиев 2024 жылғы 8 маусымдағы №1029 сыйға тарту шартының негізінде даулы жер учаскесін Б.Ш.Султановқа сыйға тартқан.

Бірінші сатыдағы сот даулы жер учаскесі бүгінгі күнде елді мекен аумағына толық енгендіктен және даулы шешім үшінші тұлғалардың

құқықтарын бұзбайтындықтан талап қоюшы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.

Сот алқасы, соттың бұл тұжырымымен келіспей, Манкент ауылдық округінің әкімі 2011 жылы өз құзыретіне кіретін шекте жауапкерге жер учаскесін табыстаумен қатар, өз құзыретіне кірмейтін 0,11087 га жер учаскесін табыстаған, яғни, аталған әкім даулы жер учаскесінің бұл бөлігін жауапкерге табыстау кезінде, ол Жер кодексінің 19-бабының талабын бұзған, себебі онда бұл жерді табыстауға құзырет болмаған деген қорытындыға келген.

Демек, іс бойынша анықталған мән-жайларға және тараптар арасында туындаған құқықтық қатынасты реттейтін материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп санап, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, әкім құзыретіне кірмейтін жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп таныған.

Алайда кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот алқасының бұл қорытындысымен келіспейді.

Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру қағидаттары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8-бабының талаптарымен көзделген, ал азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдері АК-нің 9- бабының 1-тармағында көрсетілген.

«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес, Манкент ауыл округі әкімінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешімі негізінде тұрғын үй салу және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін берілген кадастрлық №19-295-052-2101, алаңы 0,1800 га жер учаскесі МЖК ААЖ деректер базасының графикалық бөлігінің 2011 жылғы жағдайы бойынша орналасуы және жер учаскесіне жасалған жер кадастрлық ісіндегі ситуациялық сызбалары мен шекара бұрылыс координаттары бойынша бұл жердің жартысы елді мекен шегінде, екінші жартысы елді мекен шекарасының сыртында орналасқаны анықталған.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің 2024 жылғы 6 ақпандағы №03-13-35-11-18/2201 хатына және орналасу схемасына сәйкес, кадастрлық №19-295-052-2101 сәйкестендіру актісі бойынша көлемі 0,18 га жер учаскенің 0,0692 га бөлігі Манкент ауылдық округінің шегіне кіргендігі, ал қалған 0,11087 га бөлігі Манкент ауылдық округінің шекарасына кірмейтіндігі көрсетілген.

Қазіргі таңда даулы жер учаскесі толықтай елді мекен аумағында екендігі тараптармен дауланбайды.

Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері АПК-нің 4-бабының талаптарымен көзделген және азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына

келтіру, азаматтық айналымда заңдылықты сақтау, істің әділ қаралуын, қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылады.

Аталғандардың негізінде бірінші сатыдағы соттың даулы жер учаскесі қазіргі уақытта толықтай елді мекен шегіне енгізілген және үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғамайды, 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешімнің қабылдануы кезінде даулы жер учаскесінің жарты бөлігі елді мекен шегінде болуына байланысты, аталған шешім толық көлемде заңға қайшы қабылданған деп санауға болмайды деген тұжырымы негізді.

Апелляциялық сот тарапынан іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, апелляциялық сот қаулысы өзгертілуге, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылуға, Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

Сот қаулысының талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылсын. Талап қоюдың бұл бөлігі қанағаттандырудан бас тартылып, Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.