6001-23-00-6ап/2075
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 19 қыркүйек
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,
талап қоюшы Х. Құрбанның қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Хасан Құрбанның жауапкер «Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тану, босқын мәртебесін беру туралы шешімді қайта қарауға міндеттеу туралы туралы әкімшілік ісі бойынша, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешіміне және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкер тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
2022 жылғы 9 желтоқсанда «Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) № 73 шешімімен Х. Құрбанның Қазақстан Республикасының аумағында босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қаңағаттандырудан бас тартқан.
Басқарманың шешімі Х. Құрбанның босқын мәртебесінің өлшемдеріне сәйкес келмеуімен уәжделген.
ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Х. Құрбан Басқарманың босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімімен келіспей, сотқа жүгінген. Талап қоюды өзі этникалық қазақ екендігімен, 2011 жылдың тамызында Қазақстан Республикасына келіп, осы уақытқа дейін тұрып жатқанымен, Ауғанстан Республикасына оралған кезде жаңа билік «Талибан» тарапынан өзін қудалау қауіпімен, бұл ұйым Қазақстан Республикасы аумағында террористтік ұйым деп танылғанымен, өзі Ауғанстандағы жаңа билікті қолдамайтындығымен уәждеген.
ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
«Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Заңының 12-бабының 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес адамның нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізделген қауіп болмаса пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Х. Құрбан Басқармаға берген өтінішінде өзі ұлттық негізде қудалауға ұшырағандығын, өз елінде қудаланатын діни бірлестіктерде, саяси партияларда тұратындығын немесе құдаланатын әлеуметтік топқа жататындығын, еліне оралған жағдайда негізделген қауіп бар екендігін нақты дәлелдермен растамаған.
Х. Құрбанның Ауғанстан Республикасындағы жаңа билік «Талибан» қозғалысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдардың тізімінде екендігі туралы уәждері сот қаперіне алынуға жатпайды, себебі бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында сот шешімімен тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдардың тізімінен «Талибан» қозғалысы алынып тасталған.
Осылайша Басқармада Х. Құрбанның босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қаңағаттандыруға құқықтық негіздер болмаған.
Сәйкесінше, аталған шешімді қайта қарауға негіздер жоқ.
Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың Х. Құрбанның Қазақстан Республикасының аумағында босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қаңағаттандырудан бас тарту Басқарманың № 73 шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымымен толық келіседі.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешімі және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы Х. Құрбанның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев
Судьялар
Е.Д. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс Судья
Нұрбаев Г.К.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.