Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 27.11.2025 по делу 6003-25-00-3к/750 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-3к/750 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басқарма аға прокуроры А.Б.Абдулдаевтың,

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Д.Т. Абеуовтың, оның қорғаушысы Р.И. Залятдиновтің,

жәбірленуші М.М. Абеуованың,

аудармашы Г.Н. Нурланованың қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуымен келіп түскен, Дамир Тулембекович Абеуовке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен Д.Т.Абеуов Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 461-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалған.

Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты іс бойынша шығарылған сот қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған.

Ұсынудағы уәждерді қолдаған қорғау тарабын, қаулыны өзгертіп, құқық бұзушылықты ӘҚБтК-нің 461-бабы 2-бөлігіне қайта саралауды және айыппұл салу қажет деген прокурорды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот келесі түйінге келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздері болып сот актілерінің құқық нормаларын қолданудағы және түсіндірудегі бірізділікті бұзу фактілері табылады. Аталған іс бойынша мұндай негіздер бар.

Іс материалдарынан Д.Т.Абеуовтың 2025 жылғы 4 қыркүйекте өз пәтерінде (мекенжайы: Аймаутов көшесі, 84-үй, 4-пәтер) зайыбы М.М. Абеуоваға құрмет көрсетпей, жанжал шығарып, 2025 жылғы 2 қыркүйектегі қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны анықталған.

Д.Т.Абеуовтың кінәсі сот отырысында жан-жақты зерттелген объективті және сенімді дәлелдемелер жиынтығымен, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, жәбірленушінің түсініктерімен және іс материалдарының басқа да құжаттарымен дәлелденген. Бұл материалдарға жергілікті соттар тиісті құқықтық баға берген.

Алайда, құқық бұзушылықты ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігі бойынша саралау және әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданған кезінде соттар кәмелетке толмаған Д.Т. Абеуовпен бірге тұратынын ескермеген. Сот отырысында жәбірленуші М.М. Абеуова да балалардың қазіргі уақытта әкесімен бірге тұратынын, ал өзінің бөлек тұратынын айтқан.

Бұл жағдайлар Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұйғарымымен расталады. Ұйғарымда кәмелетке толмаған балалар — 2014 жылы 20 тамызда туылған Досжан Дамирұлы Тулембеков және 2018 жылы 23 шілдеде туылған Айару Дамирқызы Тулембекова — әкелері Д.Т. Абеуовпен бірге тұрады деп көрсетілген.

ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, он төрт жасқа толмаған баланы жалғыз өзі тәрбиелейтін ер адамға әкімшілік қамауға алу қолданылмайды.

Кассациялық сатыдағы сот осыған байланысты Д.Т.Абеуовтың әрекеттері ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігінен 461-бабының 2-бөлігіне қайта саралауға және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы қажет деп есептейді.

Кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) тармақшасын және 851-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі және Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулылары өзгертілсін.

Дамир Тулембекович Абеуовтың әрекеті ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігінен ӘҚБтК-нің 461-бабының 2-бөлігіне қайта сараланып, оған аталған бап бойынша 117 960 (жүз он жеті мың тоғыз жүз алпыс) теңге әкімшілік айыппұл салу жазасы тағайындалсын.

Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Айыппұл қаулы заңды күшіне енген сәттен 30 күннің ішінде төленуге тиіс.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

К.А.Мусетов

Судьялар Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.