ВС РК - Постановление от 19.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1015 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1015 №6001-24-00-6ап/1015 (2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

мүдделі тұлғаның өкілі Д.И.Нурлыбековтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның бөлігін заңсыз деп тану, қарсылық қарау нәтижелері бойынша қорытындыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысына Департаменттің және мүдделі тұлға - «SM ORDA GRUPP» ЖШСнің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қаржы бөлімі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің 2023 жылғы 21 тамыздағы №311010000-4-5/7-244376 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің өтініміне шартты жеңілдіктерді 5% мөлшерінде қолдану бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Министрліктің Апелляциялық комиссиясының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 10917 қарсылық қарау нәтижелері бойынша қорытындысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Арызданушылар кассациялық шағымдарда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады.

Сот алқасы кассациялық шағымдар бойынша іс құжаттарын зерттеп, мүдделі тұлғаның пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге жергілікті соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Қаржы бөлімі «Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы «Арай» алабында су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу» объектісі бойынша инжинирингтік қызметтер көрсету (техникалық қадағалау)» №10220840-2 конкурсын ұйымдастырған.

Тапсырыс беруші – «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-сі.

2023 жылғы 31 шілдедегі №10220840-ОК2 қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес, «N.J.B. Company» ЖШС-гі конкурс жеңімпазы болып танылған.

Әлеуетті өнім берушілердің шағымы негізінде Департамент камералдық бақылау жүргізіп, талап қоюшыға 2023 жылғы 21 тамызда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдаған. Хабарламада әлеуетті өнім берушілер «Raiymbek & company», Құрылыс – Жоба Инжиниринг», «ТОП Геодезия», «КДК Инжиниринг», «КазАртҚұрылысы», «Аз и Мур Строй», «Саулет Эксперт», «TechEconomEnergy», «SM ORDA GRUPP», «EG Compfny-ПВ», «KZ Құрылыс Сапа» ЖШС-терінің конкурсқа негізсіз жіберілмегендері, сонымен қатар көрсетілген қызметтер тәжірбиесі үшін шартты жеңілдіктер «N.J.B. Company» ЖШС-нің өтініміне 5%-дың орнына 4% болуы, «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің өтініміне 3%-дың орнына 5% болуы қажет екендігін көрсеткен.

2023 жылғы 23 тамызында Қаржы бөлімі Департаменттің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарымен келіспей, Апелляция комиссиясына қарсылық келтіріп, онда «SM ORDA GRUPP» ЖШС-не жұмыс тәжірбиесі үшін шартты жеңілдік 4% құрайтынын көрсеткен.

2023 жылғы 23 тамызында Апелляциялық комиссияның қорытындысында 2021 жылғы 30 қарашадағы №168 нысанды пайдалануға қабылданған актімен пайдалануға қабылданған «SM ORDA GRUPP» ЖШС-гі 2021 жылы «Қызылорда қаласы, СПМК-70/4 ауданы, №10 тұрғын үй орамындағы 60 пәтерлі тұрғын үй салуға инжинирингтік қызметтер көрсету» бойынша орындаған қызметтерінің тәжірбиесі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №234 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген объектіні пайдалануға қабылдау актісінің нысанына сәйкес келетіні көрсетілген.

Ал, «SM ORDA GRUPP» ЖШС-гі 2021 жылы «Қызылорда облысы, Қазалы ауданының аудандық маңызы бар аймағында «Қожабақыбекарыстан би» 0-18 шм автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын техникалық қадағалау» жөніндегі көрсетілген қызметтерінің тәжірбиесі бойынша 2021 жылғы 8 желтоқсандағы нысанды пайдалануға қабылдау актісі жоғарыда көрсетілген Бұйрықпен бекітілген объектіні пайдалануға қабылдау актісінің нысанына сәйкес келмейтіні көрсетілген.

Сондықтан Қаржы бөлімінің қарсылығын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Талап қоюшы талап қоюында «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің 2021 жылғы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар ретінде мәлімдеген 2 объектіні пайдалануға қабылдау актілерінің бекітілген нысанға сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің өтініміне шартты жеңілдіктерді 5% мөлшерінде қолдану бөлігінде заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттар, «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің конкурстық өтінімінде мәлімдеген 2021 жылғы тәжірбиесі әлеуетті өнім берушінің шартты жеңілдігін есептеу кезінде есепке алынбайды, себебі ұсынылған объектіні пайдалануға қабылдау актілері бекітілген нысанға сәйкес келмейді деп көрсетіп, даулы хабарламадағы «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің өтініміне шартты жеңілдіктерді 5% мөлшерінде қолдану бөлігі заңсыз деп таныған. Соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен келісе отырып, сот алқасы талап қоюшының пайдасына шешілетін негіздерді өзгерту қажет деп санайды.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының 2- бабы 21-1) тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу саласындағы электрондық депозитарий (бұдан әрі – электрондық депозитарий) – мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен мемлекеттік сатып алу веб-порталында қалыптастырылатын, әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесінің болуын растайтын мәліметтер мен құжаттарды қамтитын электрондық дерекқор.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 87-89- тармақтарына сәйкес электрондық депозитарийді осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес вебпортал арқылы әлеуетті өнім берушілер енгізетін жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттар негізінде уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері қалыптастырады.

Электрондық депозитарий электрондық депозитарийге енгізілетін әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттардың дұрыстығын растау жолымен қалыптастырылады.

Әлеуетті өнім берушінің соңғы он жылдағы, оның ішінде ағымдағы жылдағы жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері олардың анықтығы расталғаннан кейін электрондық депозитарийге енгізеді.

Қағидалардың 102-бабына сәйкес осы Қағидалардың 96 және 101тармақтарында көзделген шешімдерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін. Мемлекеттік сатып алу веб-порталының деректеріне сәйкес, «СПМҚызылорда» ЖШС (бас мердігер) Қызылорда қаласы, СПМК-70/4 ауданы, №10 тұрғын үй орамында 60 пәтерлі тұрғын үй салу бойынша жоғарыда көрсетілген жұмыс тәжірбиесін уәкілетті орган «расталды» деп электрондық депозитарийге енгізілген.

Аталған мәліметтер осы дауды қарау барысында ешкіммен дауласпағандықтан және депозитарийден алынып тасталмағандықтан, объектіні қабылдау актісіне сәйкес инжинирингтік қызметтер көрсететін «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің тәжірбиесінің жеткіліксіз деген соттардың тұжырымы қате болып табылады. Соттардың жоғарыда аталған объектілерді қабылдау актілері бекітілген нысанға ішінара сәйкес келмеуі туралы тұжырымдары формальды сипатта болған және аталған мәліметтерді «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің жұмыс тәжірбиесінен алып тастау үшін негіз бола алмайды.

Сонымен қатар, сот алқасы «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің аталған екі объектіде техникалық қадағалау қызметтерін көрсету тәжірбиесі сатып алу нысанасына сәйкес келмеуіне байланысты қаралып жатқан конкурста ескерілмеуі тиіс деп есептейді.

Қағидалардың 244- бабына сәйкес конкурсқа қатысатын әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесінің болуы мәселесін қарау кезінде конкурстық комиссия осы конкурста сатып алынатын жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету нарығында ғана, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрлері бойынша жұмыс тәжірибесін қарайды.

Аталған жағдайда сатып алу нысанасы инженерлік коммуникациялардың (су жинау құрылыстары мен су құбыры желілерінің) құрылысын техникалық қадағалау қызметтері болып табылады. Ал «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің көппәтерлі тұрғын үй құрылысы және жолды орташа жөндеу объектілерінде көрсеткен қызметтері сатып алынатын қызметтеріне сәйкес келмейді.

Көрсетілген жағдайларда талап қоюшының даулы хабарламаның заң талаптарына сәйкес келмеуі туралы уәждері негізді болып табылады.

Бұл ретте сот алқасы ӘРПК-нің 116-бабының нормаларын басшылыққа ала отырып, даулы сот актілерінің уәждеу бөлігінен талап қоюшымен соттардың келтірілген негіздердін алып тастай отырып, жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша талап қоюды қанағаттандыруға жатады деп есептейді.

Шешімнің уәждеу бөлігін өзгерту талап қою мәні бойынша дұрыс шешілген сот актілерін түзетуге әкеп соқпайды.

Жоғарыдағы көрсетілген негізінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатпайды.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің және мүдделі тұлға - «SM ORDA GRUPP» ЖШС-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.