№6003-26-00-2к/366
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Айкенова, А.К.Есдаулетов, талап қоюшы Р[...], оның өкілі М[...], жауапкерлердің өкілдері Н[...] және Ш[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Р[...] жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен электрондық азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Р[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 590-бабының 9-бөлігімен және 601-бабының 1- бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылғанын, айыппұлдарды өз еркімен төлегенін, алайда бұл әрекеттер қызметтік міндеттерін орындамауды немесе тиісінше орындамауды білдірмейтінін көрсетіп, сондай-ақ қызметтік тексеріс формалды түрде жүргізілгенін алға тартып, жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Полиция бөлімі) 2025 жылғы 13 наурыздағы №17 ж/қ тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты (бұдан әрі - даулы бұйрық) заңсыз деп танып, күшін жоюды, 1 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысын, 250 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығынды және мемлекеттік баж сомасын өндіруді сұраған.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот құқық қорғау органдары қызметкерлеріне заңнама мен әдеп талаптарын сақтау бойынша жоғары талаптар қойылатынын, талап қоюшының әкімшілік құқық бұзушылық жасауы тәртіптік жауаптылыққа тартуға негіз болғанын көрсетіп, дауланып отырған бұйрықты заңсыз деп тануға негіздер анықталмаған деген тұжырымға келген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте жаңа шешім қабылданған.
Апелляциялық сот даулы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойған, Полиция бөлімінен талап қоюшының пайдасына 10 000 теңге моральдық зиян өтемақыны, 250 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығынды және 1 966 теңге мемлекеттік бажды өндірген.
Апелляциялық сот талап қоюшының жол жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамауы және көлік құралын міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізбегені оның қызметтік міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы болып табылмайды деген тұжырымға келген. Сонымен қатар дауланып отырған бұйрықта Әдеп кодексінің нақты қандай нормалары бұзылғаны көрсетілмегенін, тәртіптік жаза қолдану кезінде Әдеп кодексінің нақты талаптарына сілтеме жасалмағанын атап өткен.
Жауапкер кассациялық шағымында, Р[...] полиция қызметкері бола тұра Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның ішінде жол жүрісі қағидаларын бұзғанын, бұл «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабында көзделген міндеттерді орындамау болып табылатынын, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Әдеп кодексінің талаптары бұзылғанын, ал апелляциялық сот дауға қатысы жоқ Заңның 80-бабының 2-тармағын негізсіз қолданғанын көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2025 жылғы 13 наурызда Р[...] қатысты ӘҚБтК-нің 590-бабының 9-бөлігімен және 601бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар бойынша талап қоюшы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұлдарды өз еркімен төлеген.
Осыған байланысты Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 2025 жылғы 13
наурыздағы №17 ж/қ бұйрықпен талап қоюшыға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 144-бабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі арнайы заңдарда көзделген ерекшеліктермен реттеледі.
Заңның 16-бабы 1-тармағының 1), 7), 8) тармақшаларына сәйкес қызметкерлер Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамасын және Әдеп кодексінің талаптарын сақтауға, басшылардың заңды бұйрықтары мен нұсқауларын орындауға міндетті.
Аталған Заңның 54-бабының 1-тармағына сәйкес құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртіп қызметкердің заңнамада және уәкілетті басшылардың актілерінде белгіленген талаптарды сақтауы болып табылады.
Сонымен бірге Заңның 56-бабының 2-тармағында тәртіптік жазалар қызметтік міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қолданылатыны көзделген.
Осы норма құқық қорғау органы қызметкерінің тәртіптік жауаптылығының арнайы негізін айқындайды.
Апелляциялық сот дұрыс атап өткендей, талап қоюшының жол жүрісі қағидаларын бұзуы мен техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлік құралын пайдалануы әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады, алайда олар өздігінен қызметтік міндеттерін орындамау немесе тиісінше орындамау ретінде бағаланбайды.
Дауланып отырған №17 ж/қ бұйрықта талап қоюшының нақты қандай қызметтік міндеттерді бұзғаны көрсетілмеген.
Сондай-ақ бұйрықта Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы №81 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің Әдеп кодексінің нақты қай нормалары бұзылғаны көрсетілмеген.
Тәртіптік жаза қолдану кезінде құқық бұзушылықтың құқықтық саралануы мен тәртіптік теріс қылықтың нақты құрамының көрсетілуі құқықтық айқындық қағидатының міндетті талабы болып табылады.
Кассациялық шағымдағы апелляциялық сот Заңның 80-бабының 2- тармағын негізсіз қолданғаны туралы уәждер сот актісінің күшін жоюға негіз болмайды.
Апелляциялық сот аталған норманы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтен тыс әрекеттеріне қойылатын талаптарды жүйелі түсіндіру мақсатында келтірген. Сонымен қатар апелляциялық соттың негізгі тұжырымы Заңның 56бабының 2-тармағына негізделген және талап қоюшының әрекеттерінде қызметтік міндеттерді орындамау белгісі болмағанына сүйенген.
Жауапкердің талап қоюшы заңнаманы бұзғандықтан, бұл өздігінен тәртіптік жауаптылыққа жеткілікті негіз болып табылады деген уәждері де негізсіз.
Құқық қорғау органы қызметкерінің әкімшілік құқық бұзушылық жасауы барлық жағдайда міндетті түрде тәртіптік жаза қолдануға әкеп соқпайды.
Тәртіптік жауаптылықты қолдану үшін құқық бұзушылықтың қызметтік міндеттермен байланысы, қызметтік тәртіпке әсері, сондай-ақ нақты бұзылған міндеттердің анық көрсетілуі қажет.
Бұл құқықтық ұстаным құқық қорғау қызметін реттейтін арнайы заң нормаларының мазмұнына сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес моральдық зиян жеке тұлғаның мүліктік емес игіліктері мен құқықтары бұзылған жағдайда өтеледі.
Апелляциялық сот жауапкердің заңсыз тәртіптік жазаны қолдану арқылы талап қоюшының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілгенін ескеріп, моральдық зиян өтемақысының мөлшерін 10 000 теңге көлемінде дұрыс анықтаған.
Сот сондай-ақ АПК-нің 109, 113-баптарына сәйкес өкілдің көмегіне жұмсалған шығындар мен мемлекеттік бажды өндіру мәселесін заң талаптарына сай шешкен.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер апелляциялық соттың тұжырымдарын жоққа шығармайды, іс бойынша жаңа мән-жайлар мен заңды күшіне енген сот актісінің заңсыздығын көрсететін дәлелдер келтірілмеген.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Ормаханов
А.Айкенова
Судьялар
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.