Қ А У Л Ы
2025 жылғы 20 қараша №6003-25-00-2к/2286 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья Н.О.Косанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Р.А.Исполова,
талап қоюшы өкілі Б.С.Айбулатовтың, жауапкер П.Г.Байдееваның және үшінші тұлға А.Е.Тастемировтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Гулжан Темирхановна Аманшаева және Амангельды Антуанович Махмутов (бұдан әрі - талап қоюшылар) жауапкер Перизат Гайноллаевна Байдееваға (бұдан әрі - жауапкер), даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Асхат Ертлеуович Тастемировке (бұдан әрі - үшінші тұлға) және жеке нотариус Лайла Кудайбергеновна Болысоваға мәмілені жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшылардың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер сатқан пәтерде басқа тұлғалардың үлестері барын жасырғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2021 жылғы 31 желтоқсанда тараптар арасында Ақтау қаласы, 28 шағын ауданы, №23 үй, №5 пәтерді (бұдан әрі - пәтер) нотариалды сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жасалып, талап қоюшылар
жауапкерден (жұбайы үшінші тұлғаның келісімімен) пәтерді 16 000 000 теңгеге сатып алған.
Одан кейін, 2023 жылғы 7 наурызда талап қоюшы Г.Т.Аманшаеваның атынан сенімхат бойынша әрекет ететін өкілі Т.А.Антуанов (талап қоюшылардың баласы) пен азамат К.А.Копполовтың арасында пәтердің бағасы 20 000 000 теңгеге бағаланып, К.А.Копполовтың меншігіндегі 28 шағын ауданы, №35 үй, №1 пәтер 14 000 000 теңгеге бағаланып, қалған 6 000 000 теңгеге 2008 жылғы «Kia Opirus» үлгісіндегі автокөлігін беріп, айырбастау шарты жасалған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен К.А.Копполов пен Г.Т.Аманшаева және А.А.Махмутовтың араларында 2023 жылғы 7 наурызда жасалған айырбас шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюшылар сотқа берген талап қоюда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 159-бабының 9-тармағына негіздеп жауапкердің пәтерді алдап сатқанын, үшінші тұлғалардың үлестері барын жасырғанын көрсеткен.
Себебі, 2011 жылдан бері пәтер даулы, аукцион арқылы сатылған, сатылғанымен ол пәтерде осы күнге дейін осы пәтердің бұрынғы иелері тұрады, пәтер қолдан қолға тек құжат жүзінде сатылып отырған, бұрынғы пәтер иелері осы сатылған пәтерді сот арқылы бірнеше рет сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюлар берген, соттың 2016 жылғы 21 шілдедегі шешімімен Ш.Жанбыров пен Р.Кузинованың пәтерде ½ бөлікте үлестері бар екені анықталған, аталған адамдарды даулы пәтерден шығару туралы соттың бірнеше шешімі бар, алайда бұл шешімдер орындалмаған.
Соттар АК-тің 159-бабының 9-тармағына сай Даулы мәмілені жарамсыз деп тануға құқықтық негіздер жоқ деген дұрыс қорытындыға келген.
Сотта жауапкер және оның жұбайы (үшінші тұлға) екеуі аталған мәнжайларға байланысты пәтерге кіре алмай, соттың шешімін орындату мақсатында бірнеше рет жеке сот орындаушысыларына хабарласып жүргені, 2021 жылғы желтоқсанда жеке сот орындаушысы Б.Бисенгалиевтың көмекшісі Т.А.Антуанов (талап қоюшылардың баласы) аукцион арқылы сатылған осындай даулы мүліктермен айналысатынын білгендері, Т.А.Антуановпен кездесіп, оған пәтерге қатысты барлық мән-жайларды айтқандары, Т.А.Антуанов 1-2 күн әке-шешесімен ақылдасуға уақыт сұрап, содан соң 2021 жылғы 31 желтоқсанда Даулы шарт жасалғаны анықталған.
Бұл мән-жайлар жауапкер мен үшінші тұлғаның көрсетулерімен қатар сотта сұралған Т.А.Антуановтың жауабымен бекітілген.
Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қоюшылар пәтерге қатысты барлық мәселелерді білгенін және осыған қарамастан Даулы шартты өз еріктерімен
жасағандарын ескере отырып, талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшылар Гулжан Темирхановна Аманшаеваның және Амангельды Антуанович Махмутовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Косанов
Судьялар Н.Жумагулова
Р.Исполова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.