6003-26-00-2к/562
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.Қ. Тлеубаева,
прокурор А.С. Қамашевтің, талап қоюшының өкілі К.Ж. Нурмановтың, жауапкердің өкілі С.К. Демжановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «Құндызды жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) жер учаскесін заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланғаны үшін мәжбүрлеп алып қою туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Сырдария ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 12 маусымдағы № 144 қаулысымен «Құндызды Жер» ЖШС-не Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылдық округі, № 1 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі 10-153-018-4375 жер учаскесіндегі жалпы көлемі – 1268 гектар, оның ішінде: егістігі – 766,6 гектар, басқа алқаптар – 501,4 гектар бөлінбейтін жер учаскесінің ішінен жалпы көлемі – 304,3 гектар, оның ішінде: егістігі – 184,0 гектар, басқа алқаптар – 120,3 гектар, № 2 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі
10-153-018-406 жер учаскесіндегі жалпы көлемі – 772 гектар, оның ішінде: егістігі – 618 гектар, басқа алқаптар – 154 гектар бөлінбейтін жер учаскесінің ішінен жалпы көлемі – 681,1 гектар, оның ішінде: егістігі – 545,3 гектар, басқа алқаптар – 135,8 гектар және жалпы көлемі 4602,6 га, оның ішінде: жайылымдылық 3452 га, басқа алқаптары 1150,6 га жер учаскелеріне тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 2052 жылға дейін ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы табысталған.
Сырдария ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қазандағы №234 қаулысымен және 2025 жылғы 18 сәуірдегі № 90 қаулысымен Сырдария ауданында инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасы бекітілген.
Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі «Құндызды Жер» ЖШС тарапынан Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылындағы № 2-ші ауыспалы егіс жүйесінің 3-ші танабындағы жерде ротация сақталмай, оларды ұтымсыз пайдаланып жатқандығын анықтап, тиісті шара қолдану үшін Департаментке 2023 жылы 11 тамызда хат жолдаған.
Талап қоюшы жауапкер тарапынан жер учаскесінде жер заңдылықтарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, жауапкермен № 2-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс 137 га ескі жоңышқа дақылының орнына 124,0 га күріш дақылы орналастырылғаны анықтаған.
2023 жылғы 19 қыркүйекте талап қоюшы жауапкерді ӘҚБтК-нің 338 бабымен кінәлі деп танып, ескерту жазасын тағайындаған.
Нұсқаманың бір жылдық мерзімі өткеннен кейін талап қоюшы нұсқама талаптарының орындалуы туралы 2024 жылғы 9 қыркүйекте жауапкерге жіберілген сұрау хаты жауапсыз қалған.
2024 жылы № 2-ші ауыспалы егістігі жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс 137 га ескі жоңышқа дақылының орнына 70,0 га күріш дақылын орналастырған.
Сырдария аудандық сотының 2024 жылғы 9 қазандағы қаулысымен «Құндызды Жер» ЖШС ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл жазасы тағайындалған.
Талап қоюшы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкер жер учаскесін Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бірнеше рет бұза отырып пайдаланғанын және егістік жерлерге ротация сақталмай, ұтымсыз пайдалануға жол беріп, нұсқама берілгеннен кейін бір жыл ішінде тиісті шаралар қолданбағанын көрсетіп, жер учаскесін ұтымсыз пайдаланып отыруына байланысты мәжбүрлеп алып қоюды сұраған.
Дегенмен, сотта ЖШС-і егістік жер учаскелеріне 2023 жылы 137,0 га жоңышқа егудің орнына 124 га күріш дақылын орналастырса, 2024 жылы
да 137,0 га жоңышқа егудің орнына 70 га күріш дақылын орналастырғандығы, ал 2025 жылға ротация схемасы сақталғаны анықталған. Сонымен қатар, бүгінгі күні жауапкер 2023 жылы 124,0 га және 2024 жылы 70 га жерді пайдалану тәртібін бұзса да талап қоюшы жауапкерге тиесілі 681,1 га жер учаскесін алып қоюды талап етіп отыр. Жер учаскесі мәжбүрлі алынып қойылған жағдайда сол ауылдық округ тұрғындарының жұмыссыз әрі табыссыз қалуына әкеп соғуы мүмкін.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Талап қоюшының шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Л.Б. Мамырбаева
Судьялар А.О.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.