ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 қазан №6003-25-00-3к/426 Астана қаласы
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов,
судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,
әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға А.Р.Сарсенбаевтың, оның қорғаушылары-адвокаттар А.Орынбасаров пен С.Калмухашевтың,
жәбірленушінің өкілі – М.Балтабайұлының қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы қаулыларына Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Азамат Рахимгалиевич Сарсенбаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 733-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылыған сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен А.Р.Сарсенбаев Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 73-3-бабының 2- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.
Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.
Сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған жәбірленушінің өкілі мен прокурордың, қорғау тарабы істі тоқтату туралы пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар.
Жергілікті соттардың қаулыларына сәйкес, А.Р.Сарсенбаев 2025 жылдың 30 наурызында сағат 20.08 шамасында, ғаламтор желісінің «Инстраграм» әлеуметтік желісіне «azamat_sarsenbayev» атты парақшасына пост жариялау арқылы жәбірленуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаметінің имиджіне нұқсан келтіретін, көрінеу жалған мәліметтерді таратқан.
Жергілікті соттар, А.Р.Сарсенбаевтің кінәсі өз дәлелін тапты деген негізбен, оның іс-әрекеттерінде ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар деген тұжырымға келген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жәбірленуші ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаметі танылған.
Алайда, ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату көпшiлiк алдында немесе масс-медианы немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.
ӘҚБтК-нің 73-3-бабы осы Кодекстің 10-тарауына енгізілген, бұл тарауда тек жеке құқықтарға қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар орналасқан.
Сол себепті, ӘҚБтК-нің 10-тарауының 73-3-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың нысаны жеке тұлғаның жеке құқықтары болып табылады. Яғни, аталған нормада жәбірленуші ретінде жеке тұлға жөнінде жазылып тұр, себебі құқық бұзу басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн ісәрекеттеріне жатады.
«Жеке тұлға» ұғымы тек адаммен, яғни жеке субъектпен ажырамас байланыста, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін жалпыға мәлім жайт.
Бұдан бөлек, А.Р.Сарсенбаев өз жарияланымында қандай да бір нақты тұлғаны көрсетпеген. Істі қарау кезінде жергілікті соттар жарияланымының нақты бір адамға бағытталғаны анықтамаған.
Осыған байланысты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаметі заңды тұлға ретінде жеке құқықтарға қол сұғатын, ӘҚБтК-нің 73-3-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші мәртебесіне объективті түрде ие бола алмайды. Сондықтан Департаментпен көтеріп отырған мәселелер тек азаматтық сот іс жүргізу тәртібімен ғана шешілуі мүмкін.
Яғни, жергілікті соттар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбаған (ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасы).
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, кассациялық сот құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күші жойылуға, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады деп санайды. ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша Азамат Рахимгалиевич Сарсенбаевқа қатысты Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы қаулыларының күші жойылсын.
Азамат Рахимгалиевич Сарсенбаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3 бабының 2-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
К.А.Мусетов
Судьдялар
Г.Б.Даулетова
М.К.Сатыбалдин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.