Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4101 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 қаңтар №6003-25-00-2к/4101 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

арыз беруші Ж.М.Шаимовтың және оның өкілі А.О.Алмабаевтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

арыз беруші Жолдыбек Мустафинович Шаимовтың мүдделі тұлғалар «Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Алматы қаласының прокуратурасына, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арызы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі арыз беруші Ж.М.Шаимовтың Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Арыз беруші Ж.М.Шаимов заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы сотқа берген арызында оны 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушысы және зардап шегуші деп тануды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданарлық сотының 2025жылғы 23 сәуірдегі шешімімен Ж.М.Шаимовтың арызы қанағаттандырылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, арыз беруші Ж.М.Шаимовтың заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Арызданушы кассациялық шағымында апелляциялық сот істің мәнжайын дұрыс бағаламағанын, оның уәждерін, сотқа берген дәлелдемелерін назарға алмағанын, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Арызданушы мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсініктерін тыңдап, іс материалдары мен шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабына сәйкес саяси қуғын-сүргіндер ретінде мемлекеттік органдар немесе олардың өкілі

болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде «еңбек армияларында», «iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында» деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады.

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен қатар саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi жағдайларда танылады: Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады (2бап, д) тармақшасы).

Істі сотта қарау барысында арыз берушінің 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты 1986-1987 жылдары қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылмағаны, оқып жүрген жоғарғы оқу орнынан шығарылмағаны анықталған.

Заңның 8-бабының тәртібімен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар, сондай-ақ кез келген тұлғалар немесе мүдделі қоғамдық бірлестіктер қуғын-сүргін шараларын қолданған орган немесе лауазымды тұлғаның орналасқан жері бойынша: егер қуғын- сүргін сот тәртібімен жүзеге асырылған болса - прокуратура органдарына, ал әкімшілік немесе өзге де тәртіппен жүзеге асырылған жағдайда - ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына өтініш береді.

Осы құқығы аясында арыз беруші прокуратура органына жүгінген. Алматы қаласы прокуратурасының 2025 жылғы 27 ақпандағы жауабына сәйкес, прокуратура органдары тарапынан оңалту туралы куәлік қуғынсүргiнді растайтын құжаттардың негізінде ғана берілуі мүмкін екені, ал мұндай анықтаманы «Алматы қаласының мемлекеттік архиві» КММ және «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» ММ-нің архивтік мәліметтерінің негізінде берілетіні, бірақ архивтің жауабында Ж.Шаимовке қандай-да бір қуғын-сүргiн әрекеттер қолданғанын растайтын нақты құжаттар жоқ екендігі көрсетілген.

Апелляциялық сот қаулысында арыз берушіні танитыны және 1986 жылы Алматы қаласында орын алған оқиғаға бірге қатысқандықтары туралы

айғақ берген куәлар Г.Аюповтың, М.Рақыштың, Ж.Толымбеттің айғақтарына қатысты салыстырмалы дәлелдемелер жоқ екендігін орынды көрсеткен. Сондай-ақ, апелляциялық сот арыз берушінің 1986 жылы желтоқсан көтерілісінде алаңда болған кезде оның жанынан түсірілген фотосуреттер оның саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын растамайтынын да дұрыс негізге алған.

Мемлекеттік органдар мен қызметтік тұлғалар жағынан арызданушы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысты қандай да бір мәжбүрлеу және жауаптылық шараларына тартылмаған.

Сонымен қатар арызданушы бас бостандығынан айыру, қамауға алу, жүйке аурулар мекемесіне еріксіз емдеуге жолдау, мемлекеттен қуу, азаматтықтан айыру және тұрғылықты жерінен басқа жерге жер ауысу жазаларына тартылмаған.

Арызданушы жалған айыптаумен қылмыс жасау бойынша, ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан қауіпті тұлға ретінде сотпен, соттан бөлек, әкімшілік, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер бөлімдері тарапынан қуғынға ұшырамаған, өзінің құқықтары мен бостандығынан айырылмаған немесе шектелмеген.

Аталған мән-жайлар апелляциялық сотқа бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, Ж.М.Шаимовтың арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер болған.

Арызданушы Ж.М.Шаимовтың кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актісінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық соттың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Арызданушы мен оның өкілінің іс бойынша анықталған мәнжайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісін күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Арыз беруші Ж.М.Шаимовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.