Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2107 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/2107 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар Д.Д. Махметова, А.К.Айкенова,

талап қоюшылар Б.Г.Жалғас, Н.Қ.Сырғаш, олардың өкілі Н.Ш. Байменовтың, жауапкердің өкілі С.Э. Жахинаның қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар Бекарыс Гуломұлы Жалғас, Наурызбек Қаржауұлы Сырғаштың жауапкер «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» мемлекеттік мекемесіне қатысты бұйрықты заңсыз деп тану, күшін жою, оқуға қайта орналастыру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 23 сәуірдегі шешіміне, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

Б.Г.Жалғас, Н.Қ.Сырғаш сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.

Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған, өйткені «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі -Заң) 64-бабының 2 және 3 тармақтарына сілтеме жасай отырып, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға осы бапта көзделген тәртіптік жаза түрлерін жауапкер тарапы сақтамай, Академиядан шығару негізсіз деп есептейді. Ұрып соғу дерегі бойынша, балағат сөз айту туралы бірде-бір факті болмағанын көрсеткен.

Жауапкер қарсылығында кассациялық шағымды қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұрап, курсанттар тәртіпсіз қарым-қатынастар, жарамсыз сөздерді қолдану, ар-намысын және қадір-қасиетін қорлау, сондайақ тәртіпсіз қарым-қатынастарға қатысушылардың біріне дене жарақатын келтірген зорлық-зомбылық әрекеттері сияқты ауыр тәртіптік теріс қылықтар жасағандықтан шығарылды деп көрсетті.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге сот заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғандай, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Академия) мен талап қоюшылар Б.Г.Жалғас, Н.К.Сырғаш арасында мемлекет есебінен оқудан өту туралы 2023 жылғы 19 шілдеде келісімшарт жасалған. Келісімшарттардың 1-тарауы 1- тармағына сәйкес, Академия Б.Г.Жалғасты, Н.Қ.Сырғашты курсант ретінде мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған. Оқыту мерзімдері: 2023 жылдың 19 шілдесінен бастап 2027 жылдың 26 маусымына дейін жалғасуы қарастырылған.

2023 жылғы 23 қыркүйекте талап қоюшылар азаматтық қорғау органдары қызметкерінің антын қабылдаған.

2024 жылғы 29 қарашада ТЖК-2324 оқу тобының жатын бөлмесінде 3 қабатта орналасқан Академияның казармасында курсанттар Б.Г.Жалғас, Н.К.Сырғаш арасында жанжалды жағдай орын алған. Осыдан кейін Б.Г.Жалғас, Н.К.Сырғаш жанжалды жағдай жалғасқан дәретхана бөлмесіне (бейнебақылау камералары жоқ) барған.

2024 жылдың 8 мамырында майор Б.Е.Смағұловтың баянатында көрсетілген жағдайларды толық, объективті, жан-жақты нақтылау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шыққан. 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қызметтік тергеп-тексеру қорытындысымен анықталғандай, талап қоюшылар арасындағы қақтығыс нәтижесінде балағат сөздерді қолдану, қызметтік қарым-қатынастарды бұзу және дене жарақатын келтіру (Н.К.Сырғаштың оң көз аймағында жүре пайда болған гематома) тіркелген.

Академияның 2024 жылғы 5 желтоксандағы №754 және №755 бұйрықтарымен талап қоюшылар жарғылық және қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін оқудан шығарылған.

2024 жылдың 5 желтоқсанында Б.Г.Жалғас, Н.Қ.Сырғаш көрсетілген бұйрықтармен қол қойып танысқан.

Заңның 80-бабы 1-тармағы 7)-тармақшасына сәйкес, қызметкер келісімшартты бұзуға не келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты байланысты жұмыстан шығарылады.

Академия Жарғысының 33-бабының 7-тармағы жарғылық қатынастар бұзылған жағдайда, әсіресе бұл агрессияның көрінуіне немесе күш қолдануына байланысты болса, курсантты оқудан шығару мүмкіндігін тікелей көздейді.

Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша талап қоюшылардың кінәсі дәлелденген. Анықталғандай, талап қоюшылар арасындағы қақтығыс нәтижесінде балағат сөздерді қолданып, қызметтік қарым-қатынастарды бұзып және дене жарақатын келтіруге жол берілген.

Талап қоюшылар АПК-нің 72-бабына сәйкес Академияның уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан-жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларын бұзу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К. Рамазанова

судьялар А.К. Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.