Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1731 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 6 қараша №6003-25-00-2к/1731 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Н.О.Косанов, судьялар Н.А.Жумагулова, М.Т.Кадырова,

талап қоюшы өкілі А.Г.Шаяхметованың, жауапкер өкілі Д.К.Амелинның, аудармашы Р.А.Таласбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Delivery Hub» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мекеме аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Мекеме кассациялық шағымында талап қою мерзімі өтіп кетпегенін, соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар сол кезде қолданыста болған «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 Нормативтік қаулысының 3-тармағымен көзделген сотқа жүгіну мерзімдері түпкілікті болып табылады, осы мерзімдердің өтуі әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады деген қағиданы дұрыс қолданған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 15 шілдеде тараптар арасында мемлекттік сатып алу туралы шарт жасалып, онда Серіктестік сомасы 207 290 теңге құрайтын 4 фотобарабан көшіру құралын тапсырыс берген күннен 15 күнтізбелік мерзімде, яғни 2024 жылғы 30 тамызға дейін жеткізуге міндеттенген.

2024 жылғы 24 қыркүйекте Мекеме веб-портал арқылы тауарды жеткізбегені туралы Серіктестікті хабардар етіп, шартты бұзу туралы хабарлама жолдаған.

Алайда, Серіктестік тарапынан шарт бойынша міндеттемелер орындалмағаны туралы Мекемеге 2024 жылғы 30 тамызда белгілі болғанына қарамастан соңғысы талап қоюды сотқа тек 2024 жылғы 23 қазанда жолдаған, яғни 30 күнтізбелік күн өткен соң сотқа беріп, талап қою мерзімін өткізіп алған. Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қою мерзімі өтіп кеткенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Косанов

Судьялар Н.Жумагулова

М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.