ВС РК - Постановление от 04.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2934 (Административное)

6001-23-00-6ап/2934

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 4 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө. Әлжанов, судьялар Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып,

талап қоюшы А[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекетік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ж[...],

жауапкер «Қызылорда облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер «Қызылорда облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әріДепартамент) қойған 2023 жылғы 17 сәуірдегі конкурстың қорытынды шешімінің күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымына және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы А[...] жауапкерлерге қатысты жоғарыда көрсетілген талап қоюы бойынша әкімшілік талап арызымен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшының әкімшілік талап арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодекстің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2 бөлігінің 11) тармағына сәйкес тіркеген құжаттарымен бірге қайтарылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі ұйғарыммен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, өзінің талаптық өтініштерін дұрыс қарамағанын, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және істі бірінші сатыдағы сотқа мәні бойынша қарауға жіберуді сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған түсініктерін, жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қарсылықтарын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар бұл іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың 4-17 сәуір аралығында, Қызылорда облысы әкімі аппаратының кадр іріктеу саласындағы біріңғай конкурстық комиссиясы, «Қызылода облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының салалық бақылау бөлімінің басшысы» (санаты «D-0-3», индексі 0-4) бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына ашық жалпы конкурс жариялап, өткізген. Конкурс нәтижесімен басқа тұлға конкурс жарияланған бос лауазымға лайықты деп танылған.

Талап қоюшы А[...] конкурс комиссиясы өзінің біліктілігі мен іскерлік қабілеттеріне дұрыс баға бермеген деп санайтынын көрсетіп, Қызылорда облысы әкімі аппаратының біріңғай конкурстық комиссиясының 2023 жылғы 17 сәуірдегі «Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының салалық бақылау бөлімінің басшысы» бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына жалпы конкурстың қорытынды шешімінің күшін жоюды және Департаменттің осы іске қатысты лауазымды тұлғаларының 2023 жылғы 11 мамырдағы аталған конкурс бойынша тексеру нәтижелерінің күшін жоюды сұраған.

Жергілікті соттар тараптардың арасындағы дау еңбек қатынастарынан туындайтын, басқа тұлғаның конкурс негізінде лауазымға қабылдануымен байланысты болғандықтан, жария-құқықтық қатынастардан туындамайтындықтан әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 23-бабының 2-бөлігіне сәйкес осы талаппен азаматтық істерді қарастыратын сотқа талап қоюмен жүгінуі қажет деген қорытындыға келген.

Кассациялық алқа жергілікті соттардың аталған қорытындыларымен келіспейді. ӘРПК 102-бабының 2-тармағына сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. ӘРПК 4-бабының бірінші тармағына сәйкес:

  1. әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

  2. әкімшілік талап қою (талап қою) - жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап;

Әкімшілік акт әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың басқару қызметінің негізгі сыртқы нысаны болып табылады. Оны әкімшілік орган жария-құқықтық қатынастарда қабылдайды, билік сипатына ие және өкілеттіктері берілген, міндетті сипатқа ие мемлекеттік мәжбүрлеумен қамтамасыз етілген, ең алдымен субъективті жария құқықтармен міндеттерді іске асыруға бағытталған белгілі бір адамға немесе жеке белгілі бір адамдар тобына жолданған әкімшілік органның біржақты шешімін білдіреді.

Даудың пәні - іске асырудан бас тартатын, әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын шектейтін, тоқтататын немесе оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ, оның жаңдайын басқаша нашарлататын акт болып табылады.

Талап қоюшының даулаған конкурстық комиссияның шешімі жария құқықтық қатынастарда қабылданған әкімшілік акт болып табылады, өйткені ол талап қоюшының мемлекеттік қызметке кіру құқығын шектейді, сондықтан әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шағымдануға жатады.

Сонымен қатар, еңбек дауларына қызметкер мен жұмыс беруші арасында еңбек шарттарынан туындайтын, сондай-ақ, қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға байланысты құқықтық қатынастар жатады. Аталған жағдайлар осы іс бойынша анықталған жоқ.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылуға жатады және іс мәні бойынша бірінші сатыдағы сотқа қарауға жіберіледі, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АІЖК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымының, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі ұйғарымының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа мәні бойынша жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшы А[...] қассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов

Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.