ВС РК - Постановление от 16.03.2020 по делу 6001-21-00-6кп/16 (Об административном правонарушении)

6кп-16-21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 08 cәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Д. Рахметулин,

судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры К[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

М[...] (MUSABEKOV ALISHER) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен М[...] ӘҚБтК-нің 517бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 4-тармағы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына, жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] 2010 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасына келіп, мерзімі аяқталғанына қарамастан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот М[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша М[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, Қазақстан Республикасына отбасымен көшіп келгенін, төлқұжатын жоғалтқанын, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, алайда жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

Неке қию туралы куәліктің іске тіркелген көшірмесіне сәйкес 1997 жылғы 5 мамырда М[...] пен Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын А[...] арасында неке тіркелген. Олардың алты баласы бар. Тіркелген құжаттарға сәйкес олар Қазақстан Республикасында туған.

Бала құқықтары туралы конвенцияның 2-5, 9, 10, 27-баптарына, Конституцияның 26, 27-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 6, 12, 13, 15, 21, 25-баптарына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болуы тиіс.

Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1) тармақшасында Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылдануы мүмкін деп белгіленген.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген. Аталған жазалар болған кезде соттың шығарып жіберу түрінде ең қатаң жаза тағайындауы Қазақстан Республикасы Конституциясының, Бала құқықтары туралы конвенцияның, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерін тікелей бұзады. Сот тарапынан бұл заңды өрескел бұзу болып табылады.

Бұл тұрғыда алқа, М[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, көп балалы әке екендігін әкімшілік жаза қолдану кезде оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жай деп ескеріп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 819-бабының 2-бөлігіне сәйкес, оған салынатын әкімшілік айыппұл сомасын 30% -ға дейін қысқартуға жатады деп санайды.

Істе барлық қажетті дәлелдемелердің болуын ескере отырып, алқа бірінші сатыдағы сот тағайындаған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жазаны әкімшілік айыппұлға ауыстыру қажеттігі туралы қорытындыға келеді. ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Айлық есептік көрсеткіш әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес 2 651 теңгені құрайды, жалпы салынатын айыппұл 66 275 теңге, ал оның 70 пайызы 46 393 теңге.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша М[...] (MUSABEKOV ALISHER) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысы өзгертілсін.

М[...] (MUSABEKOV ALISHER) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 46 393 (қырық алты мың үш жұз тоқсан үш) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Рахметулин

Судьялар Ж. Ермағамбетова

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.