№6001-25-00-6ап/234 (2) №6001-25-00-6ап/234 (3)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Н.А.Молдахановтың,
жауапкерлердің өкілдері Б.Б.Орынбековтың, А.А.Кулмагамбетованың қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Нурмаханова Н» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Нурсулу Китабалаевна Нурмаханованың жауапкерлер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) , «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың, конкурс қорытындылары туралы хаттамаларының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлғалар: ЖК «Балғабаева Р.» және «ОҢДАСЫН» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
ЖК «Нурмаханова Н» жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 15, 19 шілдедегі №431010000-КпОПО-32300484, №431010000-КпОПО-32-301180 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Басқарманың 2024 жылғы 9 шілдедегі №12472432-ОК1, 2024 жылғы 22 маусымдағы, 22 шілдедегі №12304400-ОК1, 2024 жылғы 27 маусымдағы, 24 шілдедегі №12423347-ОК1 қорытындылар туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған;
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №5 мектеп-лицейі) мен «Махамбетова Гульшат Амангельдиевна» жеке кәсіпкері (бұдан әрі – ЖК «Махамбетова») арасында жасалған 2024 жылғы 31 шілдедегі №39 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Сералы Лапин атындағы №261 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №261 орта мектебі) мен «Оңдасын и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - «Оңдасын и К» ЖШС) арасындағы 2024 жылғы 5 тамыздағы № 47 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Темірбек Жүргенов атындағы №80 мектепгимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №80 мектепгимназия) мен «Балғабаева Р.» жеке кәсіпкері арасында жасалған 2024 жылғы 5 тамыздағы №56 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;
Басқармаға №5 мектеп-лицейде, №261 орта мектебінде, №80 мектепгимназияда балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурстарды қайта жариялау міндеттелген.
Осы соттың 2024 жылғы 10 қазандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Басқармаға жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде Қызылорда облысы әкімінің назары аударылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот шешімінің қарар бөлігінен Басқармаға балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеті алынып тасталған.
Осы соттың 2024 жылғы 20 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалыдырылған.
Арызданушылар кассациялық шағымдарда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымдар бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Басқарма №5 мектеп-лицейдің, №80 мектепгимназияның, №261 орта мектебінің тапсырысы бойынша балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурстарын ұйымдастырған.
№5 мектеп-лицейі бойынша конкурсқа қатысуға ЖК «Нурмаханова», ЖК «Махамбетова», ЖК «Ниязова», «ISMAIL PRODUCTS» ЖШС-ы өтінімдерін тапсырып, олардың барлығы да конкурсқа жіберілген.
2024 жылғы 9 шілдедегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 17 балмен ЖК «Махамбетова» танылған.
Конкурс нәтижесімен келіспей, ЖК «Нурмаханова» Департаментке шағымданып, Департаментпен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
2024 жылғы 31 шілдеде №5 мектеп-лицейі мен ЖК «Махамбетова» арасында №39 шарт жасалған.
№80 мектеп-гимназия бойынша конкусқа қатысуға ЖК «Нурмаханова», ЖК «Балғабаева» өтінімдерін тапсырып, екі әлеуетті өнім беруші де конкурсқа жіберілген.
2024 жылғы 22 маусымдағы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 13 балмен ЖК «Нурмаханова» танылған.
Конкурс нәтижесімен келіспей, ЖК «Балғабаева» Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 15 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-300484 хабарлама берілген.
Хабарламаның негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 22 шілдеде қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК «Балғабаева» жеңімпаз деп танылған.
2024 жылы 5 тамызда №80 мектеп-гимназиясы мен ЖК «Балғабаева» арасында қызмет көрсету туралы №56 шарт жасалған. №261 орта мектеп бойынша конкурсқа қатысуға ЖК «Нурмаханова», «Оңдасын и К» ЖШС-ы, NB Trade өтінімдерін тапсырып, ЖК «Нурмаханова», «Оңдасын и К» ЖШС-ы конкурсқа жіберілген. 2024 жылғы 27 маусымдағы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 20 балмен «Оңдасын и К» ЖШС-ы танылған.
Конкурс нәтижесімен келіспей, ЖК «Нурмаханова» Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 19 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301180 хабарлама берілген.
Хабарламаның негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 24 шілдеде қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес «Оңдасын и К» ЖШС-ы қайтадан жеңімпаз деп танылған.
2024 жылы 5 тамызда №261 орта мектеп пен жеңімпаз арасында қызмет көрсету туралы №47 шарт жасалған.
Талап қоюшы ЖК «Нурмаханова» сотқа жүгініп, әлеуетті өнім берушілермен ұсынылған диетолог пен технологтың біліктілігі қағида талаптарына сәйкес келмейтіні, 2019-2021 жылдарға шот-фактуралар қағаз тасығышта ұсынылғаны жөнінде уәждер келтірген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Сот актілеріне ЖК «Махамбетова» кассациялық шағымын қайтарып алуына байланысты, іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Балғабаева Р.» және «ОҢДАСЫН» ЖШС шағымдары шегінде қаралады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:
төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер: 150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы; 151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы; 351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы; 651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы; 1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы; 2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында –кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.
Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі. Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды. №261 орта мектебі, №80 мектеп-гимназия бойынша. Іс құжаттарына сәйкес №261 орта мектебі бойынша - 3 аспазшы, 5 ас үй жұмысшысы, диетолог пен өндіріс меңгерушісі, сонымен қатар №80 мектеп-гимназиясы бойынша - 2 аспазшы, 4 ас үй жұмысшысы, диетолог пен өндіріс меңгерушісі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.
ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.
ЕШЕБЖ-ден ұсынылған мәліметтерге қарағанда «Оңдасын и К» ЖШСнің асхана жұмысшылары Ә.Ыбраевамен, А.Махановамен жасалған еңбек шарттары ғана тіркелген. Қалғаны жоқ екені анықталған.
Ал, «Балғабаева Р» ЖК-нің аспазшылары А.Тасаева, Г.Айтжановамен жасалған еңбек шарттары тіркелмеген.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидалары және қосымша және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану қағидаларының (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-303/2020 Қағида) 2-тармағында біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны деп көрсетілген. №ҚР ДСМ-303/2020 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының деңгейлері базалық, орта, жоғары, мамандандырылған болып бөлінеді.
«Балғабаева Р» ЖК-нің ұсынған конкурс құжаттары бойынша диетолог ретінде көрсетілген Ж.Ташенованың 2021 жылы «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша орта білімнен кейінгі білімді алған. «Ая-хан» ЖШС-нен «Емдік тамақтандыру негіздері» циклі бойынша бірнеше қысқа мерзімді курстарды бітіріп, біліктілігін арттырғаны туралы куәліктері және басқа да мекемелердің біліктілігін арттыру туралы куәліктері тіркелген. Алайда Ж.Ташенованың маман сертификаты тіркелмеген.
Бұл мән-жайлар ЖК «Балғабаева Р.» және «ОҢДАСЫН» ЖШС еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдар иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптардың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлғалар ЖК «Балғабаева Р.» және «ОҢДАСЫН» ЖШС-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.