ВС РК - Постановление от 01.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/789 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 1 қараша 6001-23-00-6ап/789 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Е.Д.Өміралиев болып,

жауапкер «Төлеби ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...],

жауапкер «Төлеби аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің өкілі П[...],

жауапкер «Төлеби ауданының Б[...] ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Ш[...], М[...],

жауапкер «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ы[...],

жауапкер «Төлеби ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – ӨК) жауапкерлер Төлеби ауданының әкімдігіне, Төлеби ауданының мәслихатына, Б[...] ауыл округінің әкіміне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, сол кездегі «Төлеби аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Г[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік емес корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Төлеби аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне атқарушы және уәкілетті органдардың әрекеттері мен әкімшілік актілерін заңсыз деп тану, жер теліміне салынған құрылысты бұзып, алып кетуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюлары қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы «А[...]» ӨК-і кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатылы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі және мүдделі тұлғалар сотқа келген жоқ келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкерлер өкілдерінің шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Даудың мән-жайларына қарағанда «А[...]» ӨК-і пайдалануындағы суармалы пай үлестік жерге жауапкерлердің 2012-2013 жылдары трансформаторлар, электр желілері мен электр бағаналар, су құбырлары мен осы су құбырларының құдықтар, су жинайтын резервуар, газ құбырлары мен газ тарату құбырлар, автомобиль жолдары құрылысын салу әрекеттерін, ол жөнінде қабылданған әкімшілік актілерді, жер учаскесінің бір бөлігін мемлекет мұқтаждығына алу туралы Төлеби ауданы әкімінің 2021 жылғы 26 мамырдағы №209 қаулысын заңсыз деп танып, салынған құрылыс нысандарын бұзып алып кетуді міндеттеуді сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюларды қайтарғанда осы негіздемелерді реттейтін ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің тиісті тармақшаларына, талап мазмұндарына сай ішінара тиісті сілтеме жасамаған.

Бірақ бұл мән-жайлар дұрыс қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Апелляциялық сот алқасы талап қоюды осы негізі бойынша заңды түрде қайтарған, бірақ іс жүргізу құқығының нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, шағымданған сот ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.

Сотар талап қоюларды қайтарғанда мына мән-жайларды ескерген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімімен талап қоюшы Төлеби ауданының әкімдігінің жауапкер «А[...]» ӨК-не жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Әкімнің 2022 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен дауланып отырған №209 қаулысының күші жойылған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 12)-тармақшасына сай егер сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі болса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Яғни талаптын бұл бөлігі осы негізбен қайтарылуы тиіс болатын.

Соттардың келтірген басқа негіздемелері заң нормасына сәйкес келеді.

Талап қоюшылар жауапкерлердің 2012-2013 жылдардағы әрекеттері мен актілерін даулаған. Бірақ олар ӘРПК-тің 136-бабында көзделген бір айлық мерзімді дәлелсіз өткізіп алып, сотқа 2022 жылғы 21 мамырда жүгінген.

ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 15)-тармақшасына сай сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сол сияқты, талап қоюдың құрылыс нысандарын бұзып алып кетуді міндеттеу туралы бөлігі азаматтық іс жүргізу тәртімен қаралуға жатады деген соттардың тұжырымы дұрыс болып табылады (ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы).

Соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Сонымен қатар, сот алқасы қазіргі кезде әкімнің 2023 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен даулы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбірлеп иеліктен шығарудың жаңадан басталғанын да назарға алады.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «А[...]» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.