Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1869 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 13 мамыр №6003-26-00-2к/1869 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,

талап қоюшы Ж[...], оның өкілдері М[...], Н[...], А[...], жауапкер А[...], өкілі И[...], жауапкер М[...] өкілі А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] жауапкерлер «SA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Ә[...], Н[...], К[...], «Kaspi Bank» акционерлік қоғамына мәмілелерді жарамсыз деп танып, автокөлікті қайтару туралы және талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «SA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Ә[...], Н[...], Р[...], А[...] мәмілелерді жарамсыз деп танып, автокөлікті қайтару туралы талап қоюлары бойынша қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысына талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшылар сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы шешімімен талап қоюшылардың талап қоюлары қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Ш[...] жауапкер Е[...] пайдасына өкіл көмегіне төлеген сот шығыны 1 200 000 теңге, талап қоюшы Ж[...] жауапкер М[...] пайдасына өкіл көмегіне төлеген сот шығыны 1 400 000 теңге өндірілген.

Ж[...] кассациялық шағымында, жергілікті соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Осы Кодекстің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 451-бабы 4-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.

Сот кассациялық шағым тек сот актілерінің талап қоюшы Ж[...] талап қою бөлігіне берілген. Сондықтан сот актілерінің заңдылығы осы бөлігінде тексеріледі.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157бабы 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік органдардың не прокурордың талабы негізінде мәміле жарамсыз деп танылады. АК-нің 159-бабы 9-тармағына сәйкес алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

2024 жылғы 9 қыркүйекте Ж[...] «Hyundai Tucson» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмірі kz 513 AGН автокөлігін 14 500 000 теңгеге сату мақсатында ««SA[...]»» ЖШС-ы филиалының директоры Қ[...] қабылдап алу-өткізу актісімен тапсырып, 2 000 000 теңгесін алып, 2024 жылғы 12 қыркүйекте ««SA[...]»» ЖШС-мен SUN-74 Агенттік шартын жасаған. Одан соң сол күні «kaspi.kz» қосымшасы арқылы Ж[...] пен Қ[...] арасында жазбаша мәміле жасалып, соның негізінде Ж[...] «Hyundai Tucson» маркалы автокөлігін Қ[...] атына аударған.

2024 жылғы 24 қыркүйекте «kaspi.kz» қосымшасы арқылы Қ[...] мен Б[...] арасында жазбаша мәміле жасалып, сол күні бұл көлік Б[...] атына аударылған.

Өз кезегінде, Б[...] 2024 жылғы 26 қыркүйекте «kaspi.kz» қосымшасы арқылы жазбаша мәміле бойынша автокөлікті М[...] сатқан, сол күні автокөлік М[...] атына аударылған.

2025 жылғы 30 шілдеде М[...] пен А[...] арасында «kaspi.kz» қосымшасы арқылы жазбаша мәміле жасалып, содан бастап бұл көлік А[...] меншігіне тіркелген.

Қызылорда қаласының №2 сотының 2025 жылғы 4 сәуірдегі үкімімен Қ[...] Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 4)-тармақшаларында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Осы сот үкімімен Қ[...] қылмыстық пиғылынан бейхабар болған Н.Рамбергенова 2024 жылғы 9 қыркүйекте «kolesa.kz» қосымшасынан жәбірленуші Ж[...] «Hyundai Tucson» автокөлігін 14 700 000 теңгеге сатуға шығарылған жарнаманы көріп, соңғыға ««SA[...]»» ЖШС арқылы дереу сатуға болатынын айтып шақырып, әрмен қарай, жәбірленуші Ж[...] ««SA[...]»» ЖШС-нің директоры Қ[...] алдын-ала жоспарлаған қылмыстық істерінен бейхабар болып, өзінің «Hyundai Tucson» автокөлігін Қызылорда қаласы, Ш[...] [...] мекенжайда орналасқан ««SA[...]»» ЖШС-нің салонына барып, осыдан кейін 2024 жылғы 12 қыркүйекте Қ[...] жәбірленуші Ж[...] «Hyundai Tucson» автокөлігін 14 500 000 теңгеге бағалап, сол жерде соңғыға 2 000 000 теңге ақша қаражатын беріп, қалған 12 500 000 теңге ақша қаражатын 14 жұмыс күн ішінде беретін туралы жосықсыз келісім-шарт жасап, автокөлікті өзінің атына аударым жасатып алған. Сол күні Қ[...] өзінің жоспарлаған қылмыстық ісәрекетін ақырына дейін жеткізіп, жәбірленуші Ж[...] «Hyundai Tucson» автокөлігін әлдеқайда арзан баға 12 600 000 теңгеге Б[...] сатып, аталған ақша қаражатын өзінің жеке бас пайдасына жаратып, нәтижесінде, Қ[...] қылмыстық іс-әрекетінің салдарынан жәбірленуші Ж[...] 14 500 000 теңгеге ақшалай шығын келген. Сөйтіп, Қ[...] алаяқтық, яғни алдау жолымен бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырып, қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны анықталған. Талап қоюшылардың азаматтық талабы қанағаттандырылып, даулы көліктерді талап қоюшыларға қайтару туралы шешім қабылданған.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен үкімнің жәбірленушілердің талап қоюларына қатысты бөлігінің күші жойылып, оларға азаматтық талап қоюларын азаматтық іс жүргізу тәртібімен беруге құқылы екендігі түсіндірілген. Даулы көлік М[...] қайтарылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысы көліктерге қатысты заттай дәлелдемелер бөлігінде өзгертіліп, меншік құқығы жөніндегі даулар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешім қабылданғанға дейін даулы көліктер Қызылорда қаласының коммуналдық автотұрағында сақталуға қаулы еткен.

Талап қоюшы өз талаптарын АК-нің 159-бабы 9-тармағына негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының автокөлікті сатуға өз еркін білдіруі болғаны, өз еркімен ««SA[...]»» ЖШС-не сатуға тапсырғаны, дауланып отырған мәмілелерді жасауда АК-нің 159-бабы 9-тармағында көзделген мән-жайлардың орын алмағаны, Қ[...] сот үкімімен алаяқтық, яғни алдау жолымен бөтеннің мүлкін ірі көлемде бірнеше рет жымқырып, қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылуы даулы мәмілелерді жарамсыз деп тануға негіз болмайтыны, Қ[...] даулы көліктің ақшалай сомасын талап қоюшыға бермеуі мәмілелерді жарамсыз деп танып, көліктерді қайтарып беруге негіз болмайтыны, мұндай жағдайда талап қоюшылар кінәлі тұлғалардан материалдық зиянды өтетуге құқылы деген тұжырым жасап, талап қоюды қанағаттандырмаған.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.

Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.

Жауапкер Ж[...] АК-нің 261-бабы негізінде құқықтары қорғалуға жататыны туралы шағым уәжін сот негізсіз деп санайды. Себебі, жауапкер автокөлігін сатуға ниеті болған. Бұл мән-жай соңғының «kolesa.kz» қосымшасына жарнама жасағанымен дәлелденген. Автокөлік ұрланған, не оның иеленуінен еркінен тыс өзге жолмен шығып кеткені бекітілмеген. Сот үкімімен Қ[...] жәбірленуші Ж[...] автокөлігін әлдеқайда арзан бағаға Б[...] сатып, аталған ақша қаражатын өзінің жеке бас пайдасына жаратып, жәбірленуші Ж[...] ақшалай шығын келтіргені анықталған. Осы ретте жергілікті соттар талап қоюшы кінәлі тұлғалардан материалдық зиянды өндіріп алу сотқа талап қоюы арқылы бұзылған құқықтарын қорғай алатыны туралы дұрыс тұжырым жасаған.

Шағымның басқа уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот осы азаматтық іс бойынша 2025 жылғы 31 шілдеде М[...] заңгер А[...] «Халық Банкі» АҚмы арқылы төлем жасап, 2025 жылғы 2 тамызда араларында заң көмегін беру туралы шарт жасап, төлем мен шарт жасалған уақыттардың сәйкессіздігі қызмет іс жүзінде көрсетілгендіктен сот шығындар өндіруден бас тартуға негіз болмайды деген тұжырымға келіп, АПК-нің 113-бабының 1-бөлігі негізінде талап қоюшы Ж[...] жауапкер М[...] пайдасына 1 400 000 теңге өндірген.

Алайда, жауапкер М[...] банк арқылы заңгерге аударылған қаражаты осы іс бойынша заңгерлік көмек үшін жаратылған шығындары екені дәлелденбеген. Себебі түбіртектерде төлем мақсаты көрсетілмеген. Одан бөлек, заңгерлік көмек көрсету шартты төлемнен кейін жасалған. Бұл шартта

төлем жасалған уақыт кіретіні туралы ескертпе жасалмаған. Мұндай жағдайда аталған жауапкердің осы іс бойынша шығындары расталмаған болып саналады. Сондықтан сот алқа қаулысының жауапкер М[...] пайдасына талап қоюшы Ж[...] өкіл көмегіне төлеген сот шығыны 1 400 000 теңгені өндіру бөлігінің күші жойылуға жатады.

АПК-нің 427-бабы 6-бөлігіне сай сот шығындарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сот шығындарын бөлу қаулының қарар бөлігінде көрсетіледі. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Қаулының жауапкер М[...] пайдасына талап қоюшы Ж[...] өкіл көмегіне төлеген сот шығыны 1 400 000 (бір миллион төрт жүз мың) теңгені өндіру бөлігінің күші жойылсын.

Төрағалық етуші судья

А.Даненова

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.