ҚАУЛЫ
2022 жылғы 27 қырқүйек 6001-22-00-6ап/647 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшы – М[...],
жауапкер – «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі О[...],
мүдделі тұлғалар: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі Т[...],
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...],
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Алматы облысы, [...] қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің іс-әрекетін заңсыз деп тауып, мемлекеттік жәрдемақыны қайтадан тағайындауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне» РММ-нің (әрі қарай – Департамент, өкілетті орган) іс-әрекетін заңсыз деп танып, мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауды міндеттеу туралы бойынша талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 қарашадағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшының талаптарын қанағаттандырусыз қалдырыу туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен келіспей, материалдық құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңының 6 бабына сәйкес 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар жеңілдіктер бойынша Ұ[...] соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар деп танылады.
М[...] 1976 жылғы 22 қараша – 1978 жылғы 12 мамыр аралығында Семей облысы, [...] станциясының аумағында орналасқан № 19068 әскери бөлімшесінде әскери борышын атқарған.
Департаменттің 2018 жылы 10 қыркүйек шешімімен М[...] «ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдар үшін» деген нысана бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Бірақ өкілетті органның 2019 жылғы 13 наурыздағы шешімімен бұл жәрдемақыны төлеу тоқтатылған. Жауапкер 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімімен қайтадан арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындап, оны 6 сәуір 2021 жылғы шешіммен жәрдемақы тағайындаудан бас тартқан.
Департтаменттің бұл шешімімен келіспеген М[...] жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Апелляциялық сатыдағы сот талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда мына-мән жайларды негізді ескерген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 3 маусымдағы № 445 бұйрығымен бекітілген Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларына 1- қосымшасының 1 және 2-нысанына сәйкес, өтініш беруші жәрдемақы алу құқығын растайтын құжаттар ретінде ядролық сынақтарға тікелей қатысқанын растайтын құжат немесе жергілікті әскери басқару органынан ядролық сынақтарға тікелей қатысқанын растайтын анықтама ұсынады.
Апелляциялық сатыдағы сот талап коюшы ұсынған Талғар ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің берген анықтамадағы мәліметтер анық емес деп бағалаған.
М[...] өзі ядролық сынақтарға тікелей қатыспағаны туралы сотқа берген түсініктемесі де назарға алынған.
Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2021 жылғы 15 шілдедегі анықтамасына сай Талғар ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің берген анықтамадағы М[...] ядролық сынақтарға тікелей қатысқандығы туралы мәліметтер мұрағатта болмаған.
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің 2022 жылғы 16 маусымдағы хабарлауы бойынша М[...] әскери борышын атқарған № 19068 әскери бөлімшесі ядролық сынақтар өткізуге қатыстырылмаған. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 наруыздағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов
Судьялар Ш.Даниярова
Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.