ВС РК - Постановление от 23.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/31 (Административное)

6001-24-00-6ап/31

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 23 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі А.Нұрғазының қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында ашық сот отырысында талап қоюшы Даулет Темиржан Серикулының жауапкер жеке сот орындаушысы Бектемиров Талгат Касымхановичтың берешекті анықтау туралы 2023 жылғы 18 қыркүйектегі қаулыны шығару туралы әрекетін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысына талап қоюшының өкілі келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Даулет Т.С. жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысының берешекті анықтау туралы қаулысы атқарушылық заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, себебі борышкердің марапатталған халықаралық, мемлекеттік және де өзге жүлделері атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алуға жатпайды деп негіздеген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі Т.Ж.Кішкенебаев кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы жауапкер өкілі А.Нұрғазының кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағым уәждерін талқылап төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 2 тамыздағы сот бұйрығымен Т.С. Даулеттен өндіріп алушы А.И. Ногайбаеваның пайдасына кәмелеттік жасқа толмаған 2020 жылы 1 шілдеде туған Т.Т. Даулетті асырап бағу үшін табысының ¼ (төрттен бір бөлігінде) алимент өндірілген.

Жоғарыда аталған сот бұйрығы мен өндіріп алушының арызы негізінде жеке сот орындаушысы Т.К.Бектемировпен 2023 жылғы 18 қыркүйекте атқарушылық өндіріс қозғалған.

2023 жылғы 18 қыркүйектегі берешекті анықтау туралы қаулыға сәйкес, талап қоюшының 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі борышкердің алимент қарызының сомасы 2 281 439 теңгені құрайтыны анықталған.

Сондай-ақ, 2020 жылғы жазғы паралимпиадалық ойындардағы жүлдегер ретінде алған 63 000 000 теңге мөлшеріндегі ұтыс табысынан ¼ бөлігі мөлшерінде – 15 750 000 теңге алимент есептелген.

Осыған орай, борышкердің алимент бойынша қарыз мөлшері 18 031 439 теңгені құраған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 168-бабы 1-тармағын басшылыққа алған, яғни, ол бойынша алимент төлеу туралы келісімде немесе сот шешімінде белгіленген мөлшерде алимент өндіріп алу, сондай-ақ алимент бойынша берешекті өндіріп алу алимент төлеуге міндетті адамның табысы және өзге де табыстан орындалатынымен уәждеген.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 58, 98-баптарының талаптарында өндіріп алуға болмайтын ақша сомаларының тізбесі көрсетілген, алайда талап қоюшы алған 63 000 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай көтермелеу өндіріп алуға болмайтын ақша сомаларының қатарына жатпайды. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты, себебі жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, сот орындаушысының даулы қаулысы оған берілген өкілеттіктер шеңберінде қабылданған және жауапкердің іс-әрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы талапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

АПК-нің 108 бабтың 1 -бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес талап қоюшы Т.С. Даулеттен жауапкер жеке сот орындаушысы Т.К.Бектемировтің пайдасына сот шығындары өндірілуге жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Т.Ж. Кішкенебаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Талап қоюшы Даулет Темиржан Серикулынан жауапкер Бектемиров Талгат Касымхановичтың пайдасына 62 456 теңге сот шығындары өндірілсін.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев С.Ү. Баймаханов Г.К. Нұрбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.