6001-24-00-3гп/194
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14-мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Т.Балкеннің, Б.Р.Ералиеваның, прокурор М[...], шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі - Ж[...],
«Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі - К[...],
даудың нысанасына дербес талап мәлімдемейтін талап қоюшы жағындағы үшінші тұлға - «ТП[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобильді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - К[...]) жауапкер «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мердігерлік шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап, нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу, тұрақсыздық айыбын өндіру туралы және талап қоюшы Серіктестіктің жауапкер К[...] атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26-қазандағы қаулысына К[...] келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
К[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, Серіктестіктің кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеу жұмыстарын тиісінше орындамағандықтан, нәтижесінде жұмыстар аяқталмай, тұрғын үй қабылдауға тапсырылмады деген уәждерін көрсеткен.
Өз кезегінде, Серіктестік шартта көрсетілген жұмыстардың орындалғанын уәждеп, атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16-тамыздағы шешімімен К[...] талап қоюы қанағаттандырылып, «Г[...]» ЖШСнің 2021 жылғы 21-қазандағы кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы құрылыс мердігерлік шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап объектіні пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттенген,
К[...] пайдасына тұрақсыздық айыбы 2 174 581 теңге және мемлекеттік баж алымы 66 963 теңге өндірілген. Серіктестіктің талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26-қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, К[...] Серіктестікке шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап, нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. К[...] пайдасына 65 238 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.
Серіктестіктің К[...] атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылып, 2021 жылғы сәуір айында 5 265 331 теңгеге атқарылған жұмыстар туралы № КС-2 үлгісіндегі бір жақты жасалған актісі жарамды деп танылған. Серіктестіктің пайдасына 1725 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген. Шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатта апелляциялық сатының іс бойынша қабылдаған сот актісімен келіспейтінін көрсеткен, аталған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, Серіктестік өкілінің қарсылығын, азаматтық істі жаңадан қарауға жіберу туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады. АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар арасында кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы құрылыс мердігерлік шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалып, Серіктестік 2021 жылдың 21-қазан және 2022 жылдың 21-қаңтар аралығында Қызылорда қаласы, [...] көппәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін 34 067 419 теңгеге орындауға міндеттенген.
2021 жылдың қараша, желтоқсан айларында жалпы сомасы 28 802 089 теңгеге атқарылған жұмыстар бойынша қабылдау актілері рәсімделіп, тараптардың қолдары қойылған. Ал, 2023 жылдың 10 наурызында 5 265 331 теңгеге атқарылмаған жұмыстар актісі толтырылып, К[...], техникалық және авторлық қадағалаушылармен қол қойылып, алайда, Серіктестікпен бұл актіге қол қойылмағаны анықталған.
Істі қарау барысында анықталғандай, даудың нысаны 5 265 331 теңгеге атқарылған жұмыстардың орындалуы Серіктестікпен расталмай, қабылдау актісінің бір жақты толтырылғанына байланысты. Осылайша, К[...] жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінуіне Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемені толық орындамауы негіз болған.
Өз кезегінде, шартта көрсетілген міндеттеменің орындалғанын уәждеген Серіктестік атқарылған жұмыстар актісін жарамды деп тануды талап етіп сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот К[...] уәждерін негізді деп танып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Өйткені сарапшылар сот сараптамасын жүргізу кезінде даулы актіде көрсетілген жұмыстардың толықтай орындалмағанын анықтаған. Ал, жұмыстың тиісінше орындалғаны туралы Серіктестіктің ұсынған дәлелдемелері оның талабын қанағаттандыру туралы шешім шығаруға жеткіліксіз болған. Сонымен қатар, сот шарттың талаптары бойынша жоба-сметалық құжаттарда қамтылған барлық жұмыстарды және оларды орындау барысында анықталған кемшіліктерді жоюға кепілдік бере отырып, шартта көрсетілген мерзім ішінде толықтай К[...] тапсыру Серіктестіктің міндетіне жатады деген қорытындыға келген.
Дегенмен, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындыларымен келіспей, келесі негіздермен сот шешімін өзгерткен. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімді сарапшының қорытындысына сүйене отырып шығарғаны заң талаптарына сай келмейтінін көрсеткен. Өйткені, сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие емес және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды деген қорытындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, себебі олар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауы және материалдық құқық нормаларының бұзылуының негізінде жасалған.
Іс құжаттарына қарағанда, сарапшылар қорытындысының негізінде анықталғандай, объектіні зерттеу кезінде гидрооқшаулау жұмыстары бойынша жасырын жұмыс түрлеріне рұқсат бермегені көрінеді. Бұдан басқа, апелляциялық алқаның отырысында жауапкер гидрооқшаулағышта қолданылған материалды өзгерту фактісін мойындаған. Сондай-ақ, сот сараптамасымен электр жабдықтау нүктелері және электр ажыратқыштарының орнатылмау фактілері анықталған.
Апелляциялық сот алқасы дауды қарау барысында осы кемшіліктерді ескермеген деген қорытындыға келуге болады.
Сонымен қатар, апелляциялық алқа Серіктестіктің талабын қанағаттандыра отырып, 2021 жылғы сәуір айы бойынша атқарылған жұмыстар актісін жарамды деп таныған. Алайда, жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша сатып алу шарты 2021 жылдың 21-қазанында жасалған. Бұл тұрғыда, Серіктестік қойған талаптың негізділігі туралы апелляциялық алқаның пікірі даудың мән-жайына тікелей қайшы келеді. Сондықтан, К[...] жұмысты аяқтау актісіне қол қоюдан бас тарту себебі істі қарау барысында өз дәлелін тапты деуге негіз бар.
Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотпен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары
сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды.
Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысын өзгертіп, қаулының шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырған және «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талабын қанағаттандырған бөліктерінде күшін жойып, осы бөліктерінде бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру қажет деп санайды.
Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26-қазандағы қаулысы өзгертілсін. Қаулының Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап, нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырған және «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талабын қанағаттандырған бөліктерінде күші жойылсын.
Бұл бөліктерінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16-тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
«Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Ш[...] жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының пайдасына 33 481 (отыз үш мың төрт жүз сексен бір) теңге мемлекеттік баж қайтарым ретінде өндірілсін.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К. Шәріпов
Судьялар
М.Т. Балкен
Б.Р.Ералиева
Көшірмесі дұрыс
Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.