6003-25-00-2к/3885
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 наурыз
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Нуртазанованың, талап қоюшының өкілі М.К.Сугурбекованың, жауапкер Е.Т.Дубаевтің өкілі Н.Ниязовтың, Сайрам ауданы әкімнің өкілі Х.Р.Тойчибаевтің, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Б.Ф.Курвантаеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Бахтияр Хамидович Тойчиевке, Камола Юлдашбековна Тойчиеваға, Ерулан Төленбекович Дубаевке, Сайрам ауданы әкімдігі, «Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, жеке нотариус Нуршаш Айбосыновна Джубатоваға жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссияның шешімін және сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкер Е.Т.Дубаевтің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қою бөлігі осы соттың осы күнгі ұйғарымымен тоқтатылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күші жойылған және сот алқасының қаулысымен аталған шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданып Б.Х.Тойчиевтің Сайрам ауданы жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссия отырысының 2007 жылғы 19 маусымдағы №49005 шешімі және Б.Х.Тойчиев пен Е.Т.Дубаевтің арасындағы 2016 жылғы 18 наурыздағы №359 сатып алу – сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер Е.Т.Дубаевтің өкілі Н.Ниязов кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін
дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілі Н.Ниязовты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі М.К.Сугурбекованы, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Нуртазанованың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Жауапкер Е.Т.Дубаевтің өкілі Н.Ниязовтың сот актісіне кассациялық шағым беру мерзімі АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай қалпына келтірілуге жатады. Өйткені, кассациялық шағым 2025 жылы 18 қыркүйекте жіберілген. Алайда сот кабинеті «Төрелік» ақпараттық жүйесіндегі мекенжай дұрыс таңдалмағандығына байланысты кері қайтарылған, нәтижесінде кассациялық шағымды беру мерзімі себепті негіздермен өткізіліп алған.
Іс құжаттарына қарағанда, Сайрам ауданы жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссияның (бұдан әрірақымшылық жүргізу комиссиясы) 2007 жылғы 19 маусымдағы №49005 шешімі негізінде Б.Х.Тойчиевке Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі, 039 квартал, №3687 жер учаскесі, алаңы 0,25 га тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншік құқығымен табысталған және кадастрлық №19-295-039-3687 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, 2016 жылы 16 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
2016 жылы 18 тамызда Е.Т.Дубаев пен Б.Х.Тойчиевтің арасында нотариус Н.А.Джубатованың куәландыруымен №359 тізіммен тіркелген Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі, 039 квартал, №3687 жер учаскесі, алаңы 0,25 га, кадастрлық №19-295-039-3687 жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарты жасалған.
Апелляциялық сот Сайрам ауданының жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссия отырысының 2007 жылғы құжаттарында 19 маусымдағы №49005 хаттамасының жоқ екендігі анықтаған және Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Түркістан облысының мемлекеттік архивінің» (бұдан әрі-архив) хатымен расталған. Сонымен бірге, архивке сақтауға түскен хаттамалары 48850 нөмірімен аяқталған.
Демек, Б.Х.Тойчиевке Сайрам ауданының жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссия отырысы 19
маусым 2007 жылы №49005 хаттамасымен көлемі 0,25 га жер учаскесі табысталмаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-бабының 1-тармағы бойынша (бұдан әрі - АК) мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
Даулы жер учаскесінің бастапқы иесі Б.Х.Тойчиевтің даулы жер учаскесіне меншік құқығы іс жүзінде мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шықпаған шешімі негізінде тіркелген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 3- бабы бойынша Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiк меншiкте болады. Жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн (жауапкерлердің даулы жер учаскесіне құқықтары пайда болған кездегі редакция).
Даулы жер учаскесі мемлекет меншігінен жеке тұлғаға мемлекеттің атынан жер учаскесін жеке меншікке беруге құзырет берілген тиісті мемлекеттік мекемемен берілмеген, яғни мемлекеттің еркінен тыс берілген.
АК-нің 261-бабының 1-тармағына сай, егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
АК-нің 157-1-бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейтіні қарастырылған.
Апелляциялық сот жауапкер өкілінің талап қою мерзімі өткені туралы уәжін негізсіз деп тапқан.
АК-нің 180-бабының 1-тармағына сай, талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.
Жауапкер өкілі талап қоюшыға даулы жер учаскесі мемлекеттік органның еркінен тыс берілгені туралы сотқа талап қоюмен жүгінгенге дейін 3 жылдан аса мерзімде білгенін растайтын дәлелдеме ұсынбаған.
Апелляциялық сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер
жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді екендігі және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жауапкер Е.Т.Дубаевтің өкілі Н.Ниязовтың мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылсын.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Е.Дубаевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.