ВС РК - Постановление от 03.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1085 (Административное)

6001-23-00-6ап/1085

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 3 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкер жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) Б[...] әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкермен зейнетақы шотына тиым салу әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген. Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғандай, Тараз қалалық сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы сот бұйрығының негізінде талап қоюшы О[...] өндіріп алушы Б[...] пайдасына ұлдары 2004 жылдың 30 сәуірі туылған Асланды және 2013 жылдың 31 мамыры туылған Арсенді кәмелеттік жасқа толғанға дейін асырап бағу үшін ай сайынғы жалақысының және өзгеде табысының 1/3 мөлшерінде алимент өндірілген.

Осы сот бұйрығының негізінде ЖСО-сы Б[...] өзінің 2018 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен атқарушылық іс-жүргізуді қозғаған.

2019 жылғы 14 қазаныңда жауапкер атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау барысында, борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының баржоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпаратты алу және оларға тыйым салу туралы қаулысын шығарған.

2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен борышкер О[...] өндіріп алушы Б[...] пайдасына өндірілген алимент бойынша қарыз сомасы 3 737 957 теңгені құрайтындығы есептелген.

ЖСО-сы 2022 жылдың желтоқсан айында талап қоюшының «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы №KZ[...] есептік шотындағы (бұдан әрі - есепшот) ақша қаражатына тыйым салған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 31 бабымен сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылатындығы көзделген.

Заңның 32-бабының 1, 2-тармақтарымен сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттiлігі және ондай шаралардың бірі болып борышкердiң өзiндегi не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (банктердi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарын қоспағанда) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, мүлкiне тыйым салу табылатындығы бекітілген.

Жауапкер зейнетақы шотына салынған тыйымды алып тастау бойынша шараларды бұл туралы, яғни ол зейнетақы шоты екендігі жөнінде оған белгілі болған күні қабылдағандықтан және оның борышкердің шоттарына тыйым салу жөніндегі әрекеттері атқарушылық іс жүргізудің міндеттерінен туындағандықтан, ЖСО-ның шағымданылған әрекеттері заңды болып табылады.

Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіседі. Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.

Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күштерін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев

Судьялар Б. Нажмиденов Г. Нурбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.