№6001-24-00-6ап/3165
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 31 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дүйсенбаев,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жазылбек Науханбайулы Кадрымбетовтің жауапкер Жамбыл облысы Шу ауданының әкіміне қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 шілдедегі ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж.Н.Кадрымбетов жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 шілдедегі ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған талап қоюшы өкілінің сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Шу ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 250 қаулысымен талап қоюшының әкесі Наукамбай Асканбаевич Кадрымбетовке берілген жер учаскесі мемлекеттік жер қорына алынған.
Осыған қоса, Наукамбай Асканбаевич Кадрымбетовтың атына Шу ауданы әкімінің 2004 жылғы 30 наурыздағы №47-10 қаулысы негізінде жер учаскесі заң тәртібінде тіркелмеген.
2013 жылғы 6 қарашасында талап қоюшының әкесі Наукамбай Асканбаевич Кадрымбетов қайтыс болған.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, жария-құқықтық қатынас жергілікті атқарушы орган мен Наукамбай Асканбаевич Кадрымбетовтің арасында туындаған, ол қайтыс болған соң мұра ашылған уақытта оның жер пайдалану құқығы тоқтатылған.
Бұл жағдайда талап қоюшы Ж.Н. Кадрымбетов дауланып отырған қаулы бойынша әкімшілік рәсімге қатысушы емес болғандықтан, жауапкер арасында жария-құқықтық қатынастар пайда болған жоқ деген дұрыс тұжырымға келген.
ӘРПК-нің 138- бабының екінші бөлігінің 4) тармақшасына сай, арызға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 шілдедегі ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Жазылбек Науханбайулы Кадрымбетовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Г. Дүйсенбаев Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.