ВС РК - Постановление от 20.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1619(3) (Административное)

6001-23-00-6ап/1619(3)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Б.Т. Нажмиденов болып, талап қоюшының өкілі Ж[...], жауапкерлердің өкілдері С[...], А[...] қатысуларымен, өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КеАҚ автокөлікті 02 желтоқсан 2015 жылы [...] мемлекеттік нөмірмен бастапқы мемлекеттік тіркеу, 27 ақпан 2020 жылы [...] мемлекеттік нөмірімен тіркеу іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, мемлекеттік нөмір [...] тіркеу белгісін есептен шығару туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қаңтардағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлғалар өкілдерінің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің 2014 жылғы «T[...]», VIN коды: №4TIBFIFK9EU383356 маркалы автокөлігін 02 желтоқсан 2015 жылы [...] мемлекеттік нөмірмен бастапқы мемлекеттік тіркеу, 27 ақпан 2020 жылы [...] мемлекеттік номерімен тіркеу іс-әрекеттері заңсыз деп танылып, автокөлік бойынша 02 желтоқсан 2015 жылғы, 27 ақпан 2020 жылғы, 04 наурыз 2020 жылғы [...] мемлекеттік номерін тіркеу мәліметтерін арнайы базадан жою арқылы бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге міндеттелген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер және мүдделі тұлға өкілдері кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкерлердің кассациялық шағымдарын қолдаған уәждерін, талап қоюшы қоюшының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ж[...] 06 тамыз 2019 жылы Грузия мемлекетінен 2014 жылғы, ақ түсті, VIN коды: №[...] Т[...] маркалы автокөлігін сатып алған.

А[...] Ж[...] атында және оның иесі болып табылатыны мүліктің талап қоюшымен сатып алынғанымен, Армения Республикасында мемлекеттік баж салығын және қайта өңдеу жинағын (утилизационный сбор) ақысын төлеп, сол мемлекеттің бастапқы мемлекеттік тіркеуіне тіркелгенімен, автокөліктің техникалық паспортымен, елге кіргізу жөніндегі құжаттарымен толықтай дәлелденген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, автокөліктің 2019 жылы Қазақстан Республикасының аумағына алғашқы рет кіргенін ескере отырып, автокөлік құралының 2015 жылы бастапқы тіркелуі мүмкін емес болуына орай, бастапқы тіркеу әрекеттерін және кейінгі қайта тіркеу әрекеттерін заңсыз деп тану туралы тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 12 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

ӘРПК-нің 129 бабының 4 бөлігіне сәйкес егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарларын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қаңтардағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің және мүдделі тұлға Д[...] өкілі А[...], «Kaspi Bank» АҚның өкілі М[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т. Даниярова Б.Т. Нажмиденов Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.