6001-21-00-3ПП/1
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 18 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.А.Жармұхамбетова, судьялар С.Ү.Баймаханов, Т.А.Молдахметова болып,
Ж[...] өкілі М[...], Е[...] өкілі С[...], К[...] өкілі М[...], Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілі Т[...], «Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының (бұдан әрі - Корпорация) өкілі К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Е[...], К[...], Қызылорда қаласының әкімдігіне, «Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Корпорацияға жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні жарамсыз деп тану, жер учаскесін иелікке қайтару және жер учаскесіне салынған құрылысты өз есебінен бұзуға міндеттеу туралы азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж[...] өзінің жер учаскесінің бір бөлігін көршісі Е[...] заңсыз иеленіп отырғанын көрсетіп, сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ж[...] жауапкер Е[...] пайдасына өкілдің көмегіне төлеген 75 000 теңге өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Ж[...] Қызылорда қаласы, [...] мекенжайындағы жер учаскесінен К[...] пен Е[...] заңсыз иеленген 27,2 шаршы метр жер учаскесін талап қоюшыға қайтаруға және заңсыз иеленген жер учаскесінде салынған қосалқы құрылыстарды өз есебінен бұзу міндеттелген.
Ш[...].Ж[...] жауапкер Е[...] пайдасына өкілдің көмегіне төлеген 75 000 теңге өндіру жөніндегі бөлігінің күші жойылған.
Е[...] Ж[...] пайдасына сот шығындары 62 522 теңге өндірілген.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымында іс бойынша қабылданған сот актісі құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділікті бұзуына байланысты оны қайта қарау мәселесі қойылған.
С[...] пен М[...] ұсынымды қолдаған, М[...] пен Б[...] апелляциялық сот актісін күшінде қалдыру туралы, Т[...] мен К[...] ұсынымды сот алқасының қарауына шешуге қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынымды талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгертілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық сот алқасының тарапынан орын алған.
Ж[...] 2018 жылғы 4 қазандағы айырбас шарты негізінде Қызылорда қаласы, [...] мекенжайында орналасқан, тұрғын үй мен ауданы 600 шаршы метр, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Аталған жер учаскесіне 2007 жылы 3 қыркүйекте жеке меншік құқық беретін мемлекеттік акті берілген. Жер учаскесі координатталмаған, автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік жер кадастры деректер базасына енгізілмеген.
Е[...] 2013 жылғы 11 қарашадағы сатып алу-сату шарты негізінде Қызылорда қаласы, Б[...] көшесі, № 25 «а» мекенжайында орналасқан, тұрғын үй мен ауданы 600 шаршы метр, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінің меншік иесі.
Жер учаскесі координатталған, автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік жер кадастры деректер базасына енгізілген.
Жоғарыда аталған жер учаскелері іргелес орналасқан.
Ж[...] жер учаскесінің іргелес аумағында Е[...] құрылысы орналасқан. Осы құрылыстың орналасқан жер учаскесінің аумағын және меншік иесін анықтау барысында тараптар арасында дау туындаған.
Корпорацияның 2019 жылғы 25 желтоқсандағы қорытындысына сәйкес Ж[...] тиесілі жер учаскесінің құжаты бойынша ауданы 600 шаршы метр, нақты пайдаланып отырған ауданы 581,0 шаршы метр екені, ал Е[...] тиесілі жер учаскесінің құжаты бойынша ауданы 600,0 шаршы метр, нақты пайдаланып отырғаны 620,0 шаршы метр екені, жауапкердің жер учаскесі талап қоюшының жер учаскесіне 27,2 шаршы метр қабаттасып орналасқаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот тараптардың иеленіп отырған жер учаскелерінің шекаралары тарихи қалыптасқан деп тұжырымдап, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы сот Е[...] жер учаскесі Ж[...] жер учаскесіне 27,2 шаршы метр қабаттасқанын негізге алған. Сондықтан талап қоюшының жер учаскесінде салынған Е[...] құрылысы бұзылуға жатады деген қорытындыға келген. Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымын заңды және негізді деп санауға болмайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабының 1-тармағында меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiлетіні көзделген. Тараптардың жер учаскелерінің шекаралары олар иелік еткенге дейін қалыптасқан.
Ж[...].Е[...] тиесілі жер учаскесін алғаш рет 1955 жылғы 11 қыркүйектегі мұрагерлік құқық негізінде Т[...] алып, одан 1997 жылғы 13 желтоқсандағы айырбас шарты негізінде меншік құқығы К[...] өткен.
1997-1998 жылдары Қ[...] өзінің жер учаскесіне жаңадан үй, сарай, монша, мал қора салып, ол мемлекеттік қабылдау комиссиясының 2007 жылғы 25 қыркүйектегі актісімен қабылданған.
Е[...] 2013 жылғы 11 қарашадағы сатып алу-сату шарты негізінде жер учаскесін Қ[...] сатып алғаннан кейін де ескі құрылысты бұзып, жаңа тұрғын үй салған. 2016 жылғы 6 қазандағы меншік иесінің объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісіне сәйкес салынған
тұрғын үй пайдалануға қабылданып, 2016 жылғы 11 қазанда үйдің техникалық құжаты жасалған.
Ж[...] 2018 жылғы 4 қазандағы айырбас шарты негізінде алған жер учаскесінің алғашқы меншік иесіне жеке меншік құқық беретін мемлекеттік акті 2007 жылы 3 қыркүйекте берілген.
Корпорацияның өкілі түсінігіне сәйкес 2002 жылдан бастап жер учаскелері мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктерді жоғарыдан суретке түсіру бағдарламасы іске қосылған. Даулы жер учаскесінде орналасқан қосалқы құрылыстар 2002 жылғы суреттерге сәйкес тұрғанын бекіткен.
Сот алқасында Корпорацияның өкілі К[...] даулы жер учаскелеріне мамандар сызған сызбаға қарағанда Ж[...] да, Е[...] да, олардың көршілерінің де жер учаскелері жер актілеріне сәйкес келмейтінін, учаскелер бір-бірлеріне ішінара қабаттасып орналасқанын түсіндірді.
Осы жағдайға байланысты өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындау мүмкіндігін тараптардың ешқайсысы да теріске шығарған жоқ. Яғни, тараптардың даулап отырған жер учаскелерінің шекаралары тарихи қалыптасқандығы дәлелін тапқан. Даулы жер учаскелерінің алғашқы иелері арасында жер даулары болмаған.
Қазақстан Респуликасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» № 6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сай жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау бойынша жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесі меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс. Сот шешімдері өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындауына жол бермеуі керек. Апелляциялық сатыдағы сот жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын Ж[...] пен Е[...] арасындағы дау бойынша учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алмай және жаңа сот дауларының туындауына жол берген.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот актісі құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзуына байланысты өзгертілуге, бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.
Қаулының талап қою арызын қанағаттандыру және сот шығындары туралы бөліктерінің күші жойылып, Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 15 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Жармұхамбетова
Судьялар
С. Баймаханов
Т. Молдахметова
Көшірмесі дұрыс.
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.