ҚАУЛЫ
2026 жылғы 20 мамыр 6003-26-00-4к/855 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Толук Незерович Исаковтың жауапкер Ұйғыр ауданының Шонжы ауылдық округі әкіміне (бұдан әрі - Әкімдік) 2025 жылғы 22 шілдедегі Т.Н.Исаковқа қатысты шешім қабылдаудың және уақытша жер пайдалану шартын жасасудан бас тартуы заңсыз деп танылсын және жойылсын, Т.Н.Исаковқа Шонды ауылының Әл-Фараби көшесі №2Б мекен-жайы бойынша 0,0378 га жер теліміне шешім шығарып уақытша жер пайдалану шартын жасау міндетті жүктеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 қарашадағы шешіміне, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 3 наурыздағы қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, талап қоюшы өкілі А.Дакильбаевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілі мен жауапкер Әкімдіктен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы туралы өтініш келіп түсті.
Алайда, бұл өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде
хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы көлемі 0,0378 га жер телімі ауылдық округ әкімінің 2016 жылғы 13 қыркүйектегі №9-172 өкімімен коммерциялық мақсатта уақытша 5 жыл мерзімге пайдалану үшін 2021 жылдың 13 қыркүйегіне дейін жалға берілген, ол туралы 2016 жылғы 17 қыркүйектегі Жер қатынастар бөлімі мен Т.Исаковтың арасында жер учаскесін жалға беру шарты жасалған.
Аталған шарттың мазмұнына сәйкес, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жалға алушы жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi деп көрсетілген.
Алайда, талап қоюшы шартта көзделген талаптарды, өзіне жүктелген міндетті орындамай, жалға алу шартын жаңа мерзімге ұзарту мақсатында жергілікті атқарушы органға шартта белгіленген мерзім өтіп кеткеннен кейін араға 4 (төрт) жыл салып, тек 2025 жылдың 15 мамырында жүгінген.
Мұндай жағдайда сот, талап қоюшыға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 37-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды қолдануға негіз жоқ деп дұрыс тұжырым келген, себебі талап қоюшы шартта белгіленген міндеттерін тиісінше уақтылы орындамаған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сотпен талап қоюшы аталған жер теліміне сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмастан, өз бетінше рұқсатсыз құрылыс нысанын (көлік дөңгелектерін жасау) салғаны анықталған.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-бабының 1-тармағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, ережелерді, шектеулердi) бұзуға жол берген оның
субъектiлерiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғатыны көзделген, яғни өз бетiнше құрылыс салуға, сол сияқты үйлердiң, жекелеген үй-жайлардың және (немесе) үй бөліктерiнiң сәулеттiк келбетiн өзгертуге, қайта жоспарлауға (қайта жабдықтау, қайта бейiмдеу) жол берілмейді.
Сондай ақ, Заңның 47-бабының 1 және 2-тармағында елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады деп көрсетілген.
Сотта анықталғандай, талап қоюшыға берілген жер телімі Ұйғыр ауданы мәслихатының 2019 жылғы 11 қарашадағы шешімімен бекітілген Шонжы ауылының бас жоспарына сәйкес денсаулық сақтау мекемелері мен спорт және дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттары жоспарланған аймақта орналасқан, яғни бас жоспарға сәйкес сұратылып отырған жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға болмайды.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Кассациялық сот, талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы төмен тұрған соттардың тұжырымын негізді және заңды деп санайды, себебі жауапкердің талап қоюшының сұрауына уақытша жер пайдалану шартын жаңа мерзімге ұзартудан бас тартуы заң шеңберіне сәйкес сотпен дауды қарау барысында дұрыс айқындалған.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 қарашадағы шешімі, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 3 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілі А.Дакильбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.