6001-23-00-3гп/346
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 26 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші Б.Ж. Тоқтарова,
судьялар Е.Ж. Айтжанов, Г.Қ. Жүсіпбекова,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының департамент бөлімінің аға прокуроры К[...],
талап қоюшы С[...] және оның өкілі – С[...], жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» ММ-нің өкілі Ж[...],
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті» РММ-нің өкілі С[...],
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» РММ-нің өкілі Ж[...], «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» РММ-нің өкілі Н[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» РММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» ММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті» РММ-ге, «Алматы облысы бойынша қаржы басқармасы» ММ-ге, «Астана қаласы бойынша қаржы басқармасы» ММ-ге, «Түркістан облысы бойынша қаржы басқармасы» ММ-ге, «Атырау облысы бойынша қаржы басқармасы» ММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті» РММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» РММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті» РММ-ге, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» РММ-ге моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2023 жылғы 7 ақпандағы шешімін, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы С[...] өкілі – С[...] келтірген өтінішхатын электронды іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
С[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2023 жылғы 7 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкерлердің әрқайсысынан С[...] пайдасына 200 000 теңгеден моральдық зиянның өтемі және 1 532 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талапты қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмағанын көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертіп, апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот алқасы іс бойынша талап қоюшының, оның өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкерлердің өкілдерінің апелляциялық қаулыны күшінде қалдыру туралы пікірін, прокурордың берген қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, электронды іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот тарапынан жол берілмеген.
Электрондық азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен С[...] атына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы облысы, Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі - Түркістан), Атырау облыстары бойынша департаменттері тиісінше 2010 жылғы 6, 27 мамыры, 14 маусым, 20, 10 қыркүйек айларында медициналық қызметті жүзеге асыруға берілген 5 лицензияның заңсыз қате берілгені анықталған.
Аталған мемлекеттік органдардың лицензия беру әрекеттері заңсыз деп танылып, лицензиялардың күші жойылған.
Осыған орай, талап қоюшы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен өзіне келтірілген моральдық зиян өтемақысын жауапкерлердің әрқайсысынан 300 000 теңгеден өндіруді сұраған.
Бірінші сатыдағы соттың талапты ішінара қанағаттандыру туралы қорытындыға келуіне Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешімі негіз болған.
Аталған шешімде талап қоюшының лицензия алу үшін тиісті құжаттарды мүлдем өткізбегені, сонымен қатар, медициналық қызметке берілген лицензиялар заңсыз қате берілгені толығымен расталғаны, ол мәнжайлар тараптармен жоққа шығарылмағаны көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 72-бабының талаптарына сәйкес С[...] жауапкерлердің әрекеттері салдарынан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 917, 951-бабында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының 3-тармағында қарастырылған моральдық зиян келгені жөнінде дәлелдемелер ұсынылмағандықтан, бірінші сатыдағы сотының шешімін өзгертіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.
АК-нің 917, 951-баптарына сәйкес мынадай мән-жайлардың жиынтығы: жәбірленушінің заңмен қорғалған мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының тікелей бұзылуы, зиян келтірушінің заңсыз әрекеттері, мұндай әрекеттер мен келтірілген зиян арасындағы себептік байланыстың болуы және зиян келтірушінің кінәсі моральдық зиянды өтеу үшін негіз болып табылады. Алайда, іс бойынша көрсетілген негіздердің жиынтығы, яғни талап қоюшының өзіндік мүлiктiк емес игiлiктері мен құқықтарының бұзылғандығы жөнінде дәлелдер іс бойынша анықталмаған.
Өз кезегінде, мемлекеттік органдардың лицензияны заңсыз беру фактісі өздігінен моральдық зиянды өтеу үшін даусыз негіз болып табылмайды.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V ҚРЗ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 49-бабының 6-тармағында рұқсат беру органдарының және хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі
уақытша немесе тұрақты болмаған кезеңде олар барлық қажетті тарихи деректердің тіркелуін және сақталуын қамтамасыз етуге және осындай мүмкіндік пайда болғаннан кейін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тарихи деректермен толықтыруға міндеттілігі көзделген.
Бұл ретте рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тарихи деректермен толтыруды уәкілетті мемлекеттік орган – лицензиар жүзеге асырады.
Осыған байланысты, арызданушының даулы лицензиялардың күші жойылған 2022 жылғы 6 қыркүйектегі әкімшілік шешімге сүйеніп келтірген уәждері негізсіз, өйткені лицензияны сайтта жариялаған уақытта Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексінің 9-бабына сәйкес медициналық қызметті лицензиялауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырған.
Қарастырылып отырған жағдайда, талап қоюшымен АПК-нің 72-бабына сәйкес өзінің талабын негіздейтін, яғни лицензиялардың заңсыз берілгені салдарынан өзіне моральдық зиян келтірілгені жөнінде дәлелдемелердің ұсынылмағанын және жауапкерлердің кінәсы анықталмағанын ескере отырып, апелляциялық сот алқасы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс тұжырымға келген.
Осыған орай, кассациялық сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын толық анықтап, оларға тиісті құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді шешім қабылдаған деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі С[...] өтiнiшхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Б.Тоқтарова
Судьялар
Е. Айтжанов
Г. Жүсіпбекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.