№6001-24-00-6ап/989
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 1 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Б.Саттыбаев, талап қоюшының өкілдері А.С.Рахымбекова, А.Әбдімәлікқызы, Г.М.Аблаеваның қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Министрлік) «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) нұсқаманың 1) және 4) тармақшаларын және аудиторлық қорытындының 4- тармағының 37) тармақшасын жарамсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қантардағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Осы бабының 8-бөлігіне сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Іс материалдарынан анықталғандай, Департаментпен Министрліктің 2022 жылға арналған қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит жүргізіген.
Тексеру қорытындысы бойынша аудиторлық есебі жасалған.
2023 жылғы 13 қыркүйекте жауапкер орындау үшін талап қоюшыға нұсқама мен аудиторлық қорытындыны электрондық құжат айналымы арқылы жіберген. Сол күні талап қоюшы бұл құжаттарды қабылдаған.
Алайда, талап қоюшы сотқа талап қоюмен тек 2023 жылғы 1 желтоқсанында жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, талап қоюшымен процестік мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін ұсынбағанын көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымы іс материалдарымен негізделген.
ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қантардағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.