ВС РК - Постановление от 26.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/832 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 26 қыркүйек 6001-24-00-6ап/832 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Б.Саттыбаевтың,

жауапкер өкілі А.Елікбайқызының қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының Білім басқармасының №2 облыстық балалар оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Оңалту орталығы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманың 1) тармақшасын заңсыз деп тану, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Департаменттің 2023 жылғы 20 маусымдағы №06-11/1313 санды анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы Нұсқаманың 1) тармақшасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Департамент кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Оңалту орталығының өкілі сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы Департамент өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, прокурордың сот актілері өзгертіліп, талаптың сыйақы жөніндегі бөлігінің күші жойылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Аудит департаменті Балалар оңалту орталығында 2023 жылдың 17-24 наурызы аралығында 2022 жылы бөлінген бюджет қаражатына қатысты сәйкестік аудитін жүргізген.

Тексеру нәтижесімен 2023 жылғы 27 наурызда №11 аудиторлық есеп (бұдан әрі – Аудиторлық есеп) қалыптастырып, 20 маусымда аудиторлық қорытынды жасаған.

Осы күні Балалар оңалту орталығына анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы №06-11/1313 нұсқама ( бұдан әрі – Нұсқама) беріп, онда:

  1. бюджетке 206108 бюджеттік сыныптама кодына 6152,4 мың теңге сомасын өтеуді;

  2. бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік бойынша 11,4 мың теңге сомасын қалпына келтіруді;

  3. анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауды ұсынған.

Нұсқаманың 1) тармақшасымен келіспеген талап қоюшы әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Балалар оңалту орталығының жарғысына сәйкес Қызылорда облысының Білім басқармасы мемлекеттік мекеменің уәкілетті органы және құрылтайшысы болып табылады.

Жарғының 19-тармағына сәйкес мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекіту, мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асыру, жылдық қаржылық есептілікті бекіту Білім басқармасының функциялары болып табылады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы №540 бұйрығымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің (бұдан әрі - №540 Ереже) 34тармағында бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі қоса берілетін өзгерістер бойынша негіздемені және осы Ереженің 32 - 33-тармақтарында белгіленген шарттардың және мерзімдердің сақталуын тексеретіні, осы Ережеде көзделген шарттар сақталмаған кезде бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің өтінімдерін қайтаратыны жазылған. Ал 35-тармақта осы Ережеде көзделген талаптар сақталған кезде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерiстер енгiзу туралы анықтаманы бекiтетіні келтірілген.

Бұл көрсетілген нормаларда бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік өтінімнің негіздемелерін тексеру, өзгерістерді бекіту жөніндегі міндеттері қамтылған.

Яғни, бұл міндеттер талап қоюшының емес, бағдарламалар әкiмшiсiнің (Білім басқармасының) міндеттері. Сондықтан оларды орындамады деп талап қоюшыға кінә арту негізсіз.

2 032, 961 мың теңгеге азық-түліктің артық шығысталғаны жөніндегі аудит қорытындысы анық және жеткілікті дәлелдемелермен бекітілмеген, толық зерттелмеген.

Осы бұзушылыққа қатысты Аудиторлық есепте Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының 224тармағы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 2 тамыздағы №390 бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мекемелер үшін бухгалтерлік құжаттама нысандарының альбомының 35-қосымшасы (№299 нысан) ескертпесінде көрсетілген талаптардың сақталмағаны көрсетілген.

Жауапкер негізге алған қағидалардың 224-тармағында қоймадан тамақ өнімдерін беру үшін нысандар альбомының 299-нысанды тізімталабы қолданылатыны, тізім-талап күн сайын тамақ өнімдерін тарату нормалары негізінде және қанағаттанғандар саны туралы деректер негізінде жасалатыны жазылған. Сілтеме жасалған 35-қосымшада осы №299 «Азық-түлік беру үшін мәзір-талап» нысан бекітілген және оның ескертпесінде мәзiр-талап ету күн сайын тамақ өнiмдерiнiң бөлiну нормаларын және есепте тұрған адамдардың саны туралы мәлiметтер туралы деректер негiзiнде жасалатыны жазылған.

Тексеру материалдарына қарағанда, жауапкер есепте тұрған адамдар санын тәрбиешілердің сабаққа қатысу журналы (5 жұмыс күні) негізінде ғана анықтаған.

Тексеруші орталықтың қызметі арнайы қағидамен - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен бекітілген Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларымен реттелетінін ескермеген.

Аталған қағидалардың 5-тарауында оңалту орталықтары қызметінің тәртібі белгіленген.

Қағиданың 168, 170, 175-тармақтарында Орталыққа мүмкіндігі шектеулі балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (бұдан әрі – ПМПК) қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен қабылданатыны, мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау және медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсету бір сабақ циклына жасалатын оңалту орталығы мен баланың ата-анасы (заңды өкілі) арасындағы шарт негізінде реттелетіні жазылған. Тіркеуші мүмкіндігі шектеулі баланың құжаттарын тіркейтіні және оларды психологиялық-педагогикалық көмек алу үшін жүгінген орталық басшысына беретіні көрсетілген.

Тексеруші Орталықта есепте тұрған балалар санын анықтау үшін бұл құжаттарды зерттемеген.

Ал, сотқа ұсынылған құжаттарға қарағанда, 2022 жылы Орталыққа 54 бала келген. Осы балалардың ПМПК қортындылары, ата-аналарының өтініштері, олармен жасалған шарттар ұсынылған. Шарттарда балалар стационарлық топтарға, сондай-ақ тұрақты (қонатын) топтарға (алыс шалғайдағы аудандар мен қалалардан келгендер үшін) қабылданатыны көрсетілген. Кейбір шарттардан (мәселен, Е.Асқар, Ш.Мэлс, Д.Бектемірұлы) балалардың шалғай аудандардан келгені, яғни тұрақты (қонатын) топтарға қабылданғаны көрінеді.

Бұл мән-жайлар тексерушінің азық-түліктің артық шығысталуы ретінде аудиторлық есепте көрсеткен сомасының нақты еместігін білдіреді. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.