Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1504 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 мамыр №6003-26-00-2к/1504 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор К[...], талап қоюшы өкілі Д[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының медициналық орталығының ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер «AN.ORDA» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігін (бұдан әрі - Бірлестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 3 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпорын сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Бірлестік шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Бірлестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Бірлестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VІІІ ЗРК Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабының 4-тармағының 3) тармақшасын және «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2025 жылғы 30 маусымда тараптар арасында №1447 тауарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасалып, Бірлестік жалпы сомасы 27 279 392 теңге құрайтын 1 262 дана химиялық заттардан қорғануға арналған әмбебап оқшаулағыш костюм тауарын жеткізуге, ал Кәсіпорын тауарды қабылдап, оның құнын төлеуге міндеттенген.

Шарттың №1 қосымшасына сәйкес тауарды жеткізу мерзімі - тапсырыс берушінің өтінімі бойынша 16 күнтізбелік күн ішінде болып бекітілді.

2025 жылғы 1 шілдеде Кәсіпорын тауарды жеткізу жөнінде өтінім жіберген, алайда Бірлестік тауарды жеткізбеген, сол себепті Кәсіпорын 2025 жылғы 21 шілдеде міндеттемелердің орындалмағанына байланысты шарттың бұзылғаны туралы хабарлама жолдап, 2025 жылғы 5 қыркүйекте шарт біржақты бұзылған, шарттың бұзылуы Бірлестікпен дауланбаған.

2025 жылғы 30 қыркүйектегі №309 төлем тапсырмасымен Бірлестік 545 588 теңге тұрақсыздық айыбын төлеген.

Бірінші сатыдағы сот Кәсіпорынның талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін Бірлестік мүгедектер қоғамы, ол тұрақсыздық айыбын төлеген, шарт талаптарының орындалмауы Кәсіпорын үшін жағымсыз салдарға әкеліп соқпаған деп қате тұжырымдаған.

Аталған мән-жайлар Кәсіпорынның талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту үшін құқықтық негіз бола алмайды, сотта Бірлестікті заңмен көзделген жауапкершіліктен босату үшін негіздер анықталмаған, шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс, мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 272 және 273-баптары).

Бұл жағдайда апелляциялық сот алқасы тапсырыс беруші үшін жағымсыз салдар болған, атап айтқанда шарт жасасу барысында белгіленген мерзімде қызметті алатынына сенім артқан жұмысты алмаған, сондай-ақ Кәсіпорын жұмысының ерекшелігін (лабораторияның медициналық қызметкерлерін қышқыл және сілтілі ерітінділерден қорғануға арналған оқшаулағыш костюмдерді пайдалану қажеттілігін) ескерілуге жатады, сол себепті талап қоюдың Бірлестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі бөлігі қанағаттандырылуы тиіс деген дұрыс қорытындыға келген.

Істің мұндай тұрғысында талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күші жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 3 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер «AN.ORDA» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.