Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4757(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4757(2)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

М.Т. Кадырова,

талап қоюшының өкілі Ә. Орынбасардың,

жауапкердің өкілі А.Е. Куановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Әділ сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «KMG EP-Catering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шарттарды бұзу туралы әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы «Әділ сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі-өнім беруші) жауапкер «KMG EP-Catering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-тапсырыс беруші) келісім шарттарды бұзу туралы әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімімен «KMG EPCatering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 19 тамыз 2024 жылғы №1010723/2024/1, 1010084/2024/1, 1010720/2024/1 және 21 тамыз 2024 жылғы №1012940/2024/1 шарттарды бұзу туралы әрекеттері заңсыз деп танылып, талап қою қанағаттандырылған.

Аталған соттың 2025 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюшының 5 наурыздағы №02/291 санды хабарламаны негізсіз деп тану туралы талап қоюы АПК-нің 277-бабының 4) тармақшасының талабына сай іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына орай, iс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер «KMG EP-Catering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі-ЖШС) кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Анықталғандай, 2024 жылғы 16 шілдеде №1010720 ашық тендер тәсілімен электрондық сатып алуды өткізу туралы хабарландыру «СамұрықҚазына» электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы жарияланған.

2024 жылғы 13 тамыздағы қорытынды хаттамасы негізінде жеңімпаз ретінде «Әділ сүт зауыты» ЖШС-і танылып, тараптар арасында 4 келісім-шарт жасалған:

2024 жылғы 19 тамызда тараптар арасында №1010723/2024/1 жалпы сомасы 389 944 170 теңге құрайтын «Йогурт, тағамдық қоспалармен» тауарларды сатып алу жөнінде;

2024 жылғы 19 тамызда тараптар арасында №1010720/2024/1 жалпы сомасы 170 155 415 теңге құрайтын «Айран, тағам қоспаларысыз», тауарларды сатып алу жөнінде;

2024 жылғы 19 тамызда тараптар арасында №1010084/2024/1 жалпы сомасы 270 785 855 теңге құрайтын «Қаймақ, майлылығы 15,0-19,0 %», тауарларды сатып алу жөнінде;

2024 жылғы 21 тамызда тараптар арасында №1012940/2024/1 жалпы сомасы 341 307 947 теңге құрайтын «Айран, тағам қоспаларысыз» тауарларды сатып алу жөнінде.

Шарт бойынша талап қоюшы Атырау облысының кен орындарына 33 объектіге дейін тауарды апта сайын жеткізуге міндеттелген. Шарттын мерзімі 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

2025 жылғы 5 наурызда талап қоюшыға жауапкер тарапынан №02/29 шартты біржақты бұзу туралы ресми хабарлама жолданған. Аталған хабарламада 2025 жылғы 13 ақпанда тапсырыс беруші мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы (әрі қарай - АҚ) өкілдерінің өнім берушінің өндірістік объектісін, соның ішінде тауарды өндіру процесін қарап шыққаны және тек құрғақ сүтін шикізат ретінде пайдаланылатыны, өндірісте шикі сүттің қолданылмайтыны анықталғаны көрсетілген.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 17 ақпанда «Ембімұнайгаз» АҚ тапсырыс берушінің атына тауар құрамына қатысты шағым жолдап, техникалық ерекшеліктерге сәйкес құрғақ сүтті қолдану көзделмегенін мәлімдеген.

Осы мән-жайларға байланысты тапсырыс беруші өнім берушіге 2025 жылғы 5 наурыздағы №02/291 шарттарды бұзу туралы хабарлама жолдаған.

Талап қоюшы жауапкердің әрекеттерімен келіспей сотқа жүгінген.

Бірінші және апелляциялық соттар жауапкердің әрекеттерін заңсыз деп танып, талап қоюды қанағаттандырған.

Соттар өнім берушінің өнімі Қазақстан Республикасында қолданыстағы мемлекеттік стандарттарға (ГОСТ) сәйкес келетінін, құрғақ сиыр сүті өндірісте қолдануға рұқсат етілетін табиғи шикізат түрі болып табылатынын, қолданылатын шикізат құрғақ сүттің зертханалық хаттамаларын, өнімнің мемлекетаралық деңгейдегі табиғи сиыр сүті өнімі екендігін растайтын сәйкестік сертификаттарын, маманның көрсетулерін және мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін дәлелдейтін декларация құжаттарын негізге алып, жеткізілетін өнім шарт талаптарына сәйкес деген тұжырымға келген.

Кассациялық сот соттардың тұжырымдамасымен келіспейді, іс қаралған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылған деп есептейді. Соттар тауарды өндіру тәсіліне қатысты талаптың маңыздылығын ескермеген. Аталған талап тапсырыс беруші үшін елеулі талап ретінде шартта көрсетілген.

Келісім-шарттардын техникалық сипаттамасы бойынша жеткізілуге жататын өнімдер майлылығы бойынша қалыпқа келтірілген табиғи сиыр сүтінен жасалуға жатады деп көрсетілген. Техникалық сипаттаманың орыс тіліндегі нұсқасында сүт өнімдері «нормализованное», яғни келісім-шарттың талаптарына сәйкес жеткізуші қалыпқа келтірілген сүттен дайындалған сүт өнімдерін жеткізуге міндеттенген.

Алайда, іс бойынша дәлелдемелерге сәйкес, жеткізілген өнім құрғақ сүтті пайдалану арқылы өндірілген, бұл шартта келісілген талаптарға сәйкес келмейді.

Техникалық сипаттамада көрсетілген ГОСТ стандарттары шикізат пен сүт өнімдеріне қойылатын жалпы талаптарды қамтиды. ГОСТ-қа сәйкес, сүт өнімдері тұтас, нормаланған, майсыздандырылған және қалпына келтірілген сүттен дайындалады. Қалпына келтірілген (восстановленное) сүт құрғақ сүттен дайындалады. Тапсырыс берушінін талабы бойынша сүт өнімдері «нормализованное», яғни құрғақ сүттен емес, майлылығы қалыпқа келтірілген сүттен жасалуға тиіс болған.

Азамматтық заңнамаға, шарт талаптарына сай келмейтін тауарды жеткізу міндеттемені елеулі түрде бұзу болып табылады және сатып алушыға шарттан бас тартуға құқық береді.

Келісім-шарттың 10.3.2. бөлігі бойынша өнім беруші өз міндеттемелерін бұзған жағдайда тапсырыс беруші шартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-бабының 2- тармағының 1) тармақшасы негізінде екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде шарт бұзылуы мүмкiн.

Осы мән-жайларды ескере отырып, тапсырыс берушінің шарттан бас тартуы заңды болып табылады.

Соттардың жеткізушінің шартты бұзуды заңсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандыру жөніндегі қорытындылары іс бойынша анықталған мәнжайларға және құқық нормаларына сәйкес келмейді. Сондықтан соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімінің және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, жана шешім шығарылсын. Талап қоюшы «Әділ сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «KMG EP-Catering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шарттарды бұзу туралы әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

«Әділ сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «KMG EPCatering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына сот шығындары 3932 (үш мын тоғыз жүз отыз екі) теңге өндірілсін.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.