Қ А У Л Ы
2025 жылғы 14 қазан 6003-25-00-2к/1422 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К.Нурабай, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, талап қоюшы О. Стаевтың, жауапкердің өкілі М.Е.Оспановтың
қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Орынбек Стаевтың жауапкер «Бараба» шаруа қожалығының басшысы К.К. Куттыковаға 2004 жылғы 18 наурыздағы «Бараба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы жиналысын және қабылданған қаулысын заңсыз деп тану туралы азаматтық істі талап қоюшы О. Стаевтың Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2024 жылдың 8 қарашадағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары мәселесі шешілген.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы О.Стаев кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұрады
Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Талап қоюшы 2004 жылғы 18 наурыздағы «Бараба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) жалпы жиналысын және қабылданған қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
Іс құжаттары сәйкес 2014 жылғы 3 сәуірдегі Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Бараба» ЖШС-і таратылған.
2021 жылғы 24 маусымдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциалық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы
бойынша филиалы (бұдан әрі - «Азаматтарға арналған үкімет») талап қоюшы О.Стаевтың атына жолданған №03-08-15-15/1304 хатында «Бараба» ЖШС-і таратылып, шаруа қожалығы құрылғаны туралы хабарланған.
Осыған орай. жергілікті соттар талап қоюшының бұзылған құқықтары туралы 2024 жылдың мамыр айында бiлген деген уәждерін негізсіз деп тапқаны дұрыс.
Сонымен қатар, талап қоюшы О.Стаев «Бараба» шаруа қожалығынан 2018 жылы жер үлесін алып, бөлек шыққан. 2019 жылғы 27 наурыздағы Қордай аудан әкімінің №135 қаулысымен О.Стаевтың баласына Е.О.Стаевқа шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі пайдалануға барлығы 11,8 га, оның ішінде 1,8 га суармалы егістік, 10,0 га айдалмалы егістік жер учаскесі К.К.Куттыкованың шаруа қожалығының жерлерінен берілген.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде жауапкердің өкілі М.Оспановтың талап қоюдың ескіру мерзімін қолдануды туралы өтінішін қанағаттандырып, талап қоюдың ескіру мерзімін қолданған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінің (бұдан әрі- АҚ) 179бабының 2, 3-тармақтары бойынша талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Сондай-ақ жергілікті соттар талап қоюшы іс үшін маңызы бар дәлелдемелер ұсынбағандығына назар аударған.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану және талап қоюды талап қоюшы берген шеңберінде қарайды деген тұжырымы заңды.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 109-бабының, 113-бабының талаптарына сәйкес шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады
Жауапкердің өкілі кассациялық сотқа қатысты және сот шығыстары іс жүзінде жұмсалды, сондықтан талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына
ақылға қонымды шекте өкіл көмегі үшін төленген 50 000 теңге көлемінде сот шығыны өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы О.Стаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Орынбек Стаевтан жауапкер «Бараба» шаруа қожалығының басшысы Кульпаршын Калдыбековна Куттыкованың пайдасына өкіл көмегі үшін төленген сот шығысы 50 000 (елу мың) теңге өндірілсін.
Төрағалық етуші, судья: С.К. Нурабай
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.