Қ А У Л Ы
2026 жылғы 8 шілде №6003-26-00-2к/ 2645(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Аймурзинова, талап қоюшының өкілдері У[...], У[...], жауапкердің өкілі Б[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «ГауһарАлт» бөбекжай балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкер «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамауды, қаржыландыруды өз бетінше тоқтатуды және хатты заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«ГауһарАлт» бөбекжай балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген. Азаматтық істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот тәртібімен қараған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі қаулысымен талап қоюшы «ГауһарАлт» бөбекжай балабақшасына ЖШС-нің жауапкер «Қаржылық орталық» АҚ-на қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамау және өз бетінше қаржыландыруды тоқтату әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Сонымен қатар, сот алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшы «ГауhарАлт» бөбекжай балабақшасы ЖШС-нің жауапкер «Қаржы орталығы» АҚ-ның 4 719 000 теңге соманы және 2 359 800 теңге тұрақсыздық айыппұлын өндіру жөніндегі 2025 жылғы 5 ақпандағы №11-3/475 хатын заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот алқасымен процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, алқа ұйғарымының күшін жойып, істі жаңадан қарауға жолдауды сұрайды.
Тараптардың түсіндірмелерін, прокурордың ұйғарымды күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын тексеріп, сот төмендегі түйінге келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
АПК-нің 277-бабы 1) тармағына сәйкес сот, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9-бабы 1-бөлігіне сәйкес азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк: құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттердің жолын кесу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндiрiп алу; дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергi келтіргені үшiн мемлекеттiк басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiрiп алу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады.
Қоғамның 2025 жылғы 5 ақпандағы №11-3/475 серіктестіктен соманы және тұрақсыздық айыппұлын өндіруді талап еткен хатымен талап қоюшының құқықтыры бұзылмайды, құқықтық салдар туындамайды және міндеттемелер жүктелмейді.
Осыған байланысты сот алқасы жауапкердің талап қоюшыға жолдаған талап ету хатын заңсыз деп тану талап қоюы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтыны туралы дұрыс қорытынды жасаған.
Сотпен процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сот алқасының түйіні істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген. Шағымның уəждері ұйғарымның күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан ұйғарым күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі ұйғарымы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья А.Токсанбаев
Судьялар М.Ибрагимова
А.Аймурзинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.