№6003-25-00-2к/4878 (3)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілі С[...],
жауапкер өкілдері М[...] мен Б[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы Алматы қаласының Бостандық аудандық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Т[...] жауапкер «Республикалық спорт колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтық күшін жою жөніндегі электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Т[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда «Республикалық спорт колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (бұдан әр-К[...]) 2024 жылғы 28 маусымдағы «сөгіс» жариялау туралы № 07-16/186-ж/қ бұйрығының заңсыздығына байланысты күшін жоюды сұраған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Бостандық аудандық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған, даулы бұйрық заңсыз деп танылып күші жойылған, К[...].Т[...] пайдасына 50 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілген.
Сот шығындары бөлінген.
Соттар талап қоюшының тарапынан тәртіптік теріс қылық жасалғаны дәлелденбегені және тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталмағаны туралы тұжырымға келген.
К[...] кассациялық шағымында, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне және тәртіптік теріс қылық жасалғаны іс құжаттарымен расталғандықтан, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, уәждерімен келіспей, оның негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары сотта зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Сонымен бірге жауапкермен алқа қаулысына кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөнінде арыз берілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
АПК-тің 431-бабы мен 436-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
Кассациялық шағым апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде берілуі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы 2025 жылғы 27 мамырда заңды күшіне енген, сәйкесінше оған кассациялық шағым беру мерзімі осы жылдың 28 қарашасында аяқталған.
К[...] бастапқыда 2025 жылғы 24 қарашада берген кассациялық шағымы, онда орын алған кемшіліктерді жою үшін қайтарылған, шағым қайтадан 2025 жылғы 1 желтоқсанда берілген.
Осы мән-жайларды ескеріп, сот өткізіп алынған кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады деп тапты.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1- бабының 1-тармағының 76) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылықжұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады. Т[...] К[...] оқытушы-жаттықтырушы қызметін атқарады.
Оған жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолданылуына 2024 жылғы 19 маусымда К[...] спорттық залына, спорт инвентарларына салғырт қарағаны және сол күні жұмыс орнында болмағаны негіз болған.
Дегенмен, сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Т[...] бұл әрекеттері тиісті жеткілікті дәлелдемелер жиынтығымен расталмаған. Спорттық залды кімнің, қашан шашқаны анықталмаған. Спорттық залындағы келеңсіз көрініске қатысты нақты кінәлі тұлғаларды анықтау мақсатында тиісті қызметтік тексеріс жүргізілмеген, тәртіптік жаза қолданылуына тек спорт бөлімінің басшысы Б[...] бұл жөніндегі мәлімдемесі себеп болған. Алайда, Б[...] осы мәлімдемесі бойынша спорттық залының тазалығына талап қоюшыдан бөлек С[...], Т[...] және спорт ғимаратының әкімшісі И[...] жауапты болған.
Өз кезегінде, Т[...] оқиға болған күні негізгі жұмыс орнында болмағаны, жұмыс берушінің өзіменде жоққа шығарылмаған.
Сонымен бірге, тәртіптік жазаны қолданылар алдында Т[...] жұмыс орнында болмау себептеріне қатысты түсініктеме алынбаған, уәждеріне тексеру жүргізілмеген, олар жоққа шығарылмаған. Сәйкесінше жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 65бабының талаптарының бұзылуына жол берілген.
Кодекстің 4-бабына сәйкес адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттарының бірі болып табылады.
Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Сондықтан шағым берілген сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Талап қоюшының іс құжаттарымен расталған кассациялық сатыдағы сотта істі қарауда өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты 100 000 теңге шығыны, АПК-тің 109, 113-баптарының талаптарына сәйкес К[...] оған қайтарылуға тиіс.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Өткізіп алынған кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Т[...] пайдасына жауапкер «Республикалық спорт колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынан кассациялық сотта өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығыны 100 000 (жүз мың) теңге өндірілсін.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.