ВС РК - Постановление от 11.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2184 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 қаңтар 6001-23-00-6ап/2184 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «У[...]» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) У[...] «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №272 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - КММ), «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №273 орта мектебі» КММ-не, «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №274 орта мектебі» КММ-не, «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №275 орта мектебі» КММ-не, «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №277 мектеп-лицейі» КММ-не конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, қайта қарауды міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 26 мамырдағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға «Актаева» атауымен әрекет етуші ЖК Ж[...] Актаеваның келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

№272 мектеп бойынша 2023 жылғы 23 наурыздағы, №275 мектеп бойынша 2023 жылғы 24 наурыздағы, №273, №274 және №277 мектептер бойынша 2023 жылғы 28 наурыздағы конкурс қорытындылары туралы хаттамалар заңсыз деп танылып, күші жойылған. Мектептер мен Ж.А.Актаеваның арасында жасалған қызмет көрсету туралы шарттар жарамсыз деп танылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Мүделлі тұлға Ж.А.Актаева кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іс бойынша тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, кассациялық шағымының уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №272, №273, №274, №275 және №277 мектептерде жартылай жетім және тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларды және әлеуметтік топтағы оқушыларды және 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға веб-портал арқылы конкурстар өткізілген.

Конкурстардың нәтижелерімен барлық мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Актаева Ж.А. танылған.

Конкурстарға қатысушы ЖК «У[...]» конкурс қорытындыларымен келіспей сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мәнжайларды ескерген.

Соттардың дауды шешкенде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын» (№598 Қағида) басшылыққа алуы дұрыс болып табылады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 359 бұйрығымен Қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 20-тармағы бойынша көрсетілетін қызметті берушіні таңдау кезінде өнім берушіні таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға техникалық тапсырмаға білім беру органы бекіткен перспективалық таратумәзірімен қатар тағамдардың технологиялық карталары қоса берілу және жарияланған конкурс шарттарына сәйкес медициналық білімі бар диетолог (диеталық бике) не болмаса медициналық білімі бойынша біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен диетолог (диеталық бике) талабы енгізілген.

Аталған Қағиданың 43-тармағына сәйкес қызмет берушіні таңдау кезінде техникалық тапсырмаға өнім берушіні таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға конкурсты ұйымдастырушының перспективалық тарату-мәзірі, тағамдардың, буфет өнімдерінің ассортименттік тізбесі, тағамдардың технологиялық карталары қоса берілетіні белгіленген.

Алайда, аталған мектептер бойынша конкурс өткізу барысында Қағиданың бұл талаптары сақталмаған.

Сондықтан соттардың конкурс нәтижелерінің күшін жойып, конкурстарды қайта жариялау жөнінде қабылдаған шешімі заңды болып табылады. Тиісінше, сот талап қоюшының конкурс қорытындыларын қайта қарау жөніндегі талабын қанағаттандырмаған.

Сонымен қатар, Қағиданың 43-тармағына сай, даулы болып отырған конкурстар бойынша әр мектепке тиісті біліктілік талаптарына сәйкес келетін кемінде 3 аспаз және 4 ас үй жұмысшысы ұсынылуы қажет.

ЖК Актаева ұсынған аспаздар саны – 5, ас үй жұмысшысының саны да – 5.

Яғни, қызметкерлер санына қатысты талап бір мектеп шеңберінде формальды түрде сақталғанымен, бірнеше мектепті қоса алғанда - жеткілікті мамандар саны қамтамасыз етілмейді.

Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесіне сәйкес бұрын өткізілген конкурстарда ұсынылған және ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде қызмет көрсететін аспаздарға балл есептелуге жатпайды.

Сол сияқты ЖК У[...] ұсынған аспаздары, диетологтары мен технологтарымен еңбек шарттары, ЖК Актаеваның да ұсынған аспаздарымен еңбек шарттары еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) тіркелмегені анықталған.

ӘРПК-нің 155-бабының 3-бөлігіне сай әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді.

Сондықтан мемлекеттік сатып алу қорытындылары заңсыз деп танылғандықтан, олардың негізінде жасалған барлық келісім шарттар да жарамсыз деп танылуы тиіс.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 26 мамырдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер «Актаева» атауымен әрекет етуші Ж[...] Актаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.