6003-25-00-2к/3227
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 17 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Е.Төлештің, талап қоюшының өкілі М.Мухамедиевтің, жауапкер О.И.Якубовтың өкілі А.Ш.Фаритовтың , «Шымкент қаласының жер қатынастар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) өкілі Н.М.Сакеновтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық ММ-нің (бұдан әріДепартамент) жауапкерлер Отабек Илхамбекович Якубовқа, Илхамбек Талипович Якубовқа, Барно Арапхановна Якубоваға, Дилдара Мирзакаримовна Турсуноваға, Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет және құрылысы басқармасы» ММ-не, «Шымкент қаласының жер қатынастар басқармасы» ММ-не сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер О.И.Якубовтың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешіміне шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ мен И.Т.Якубовтың арасындағы 2024 жылғы 4 маусымдағы №005/1881 жер учаскесін сатып алу-сату үлгі шарты жарамсыз деп танылған. И.Т.Якубов пен Д.М.Турсунованың арасындағы 2024 жылғы 4 желтоқсандағы №4006 нотариус К.Дуйсенбиев куәландырған сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер О.И.Якубовтың өкілі А.Ш.Фаритовты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі М.Мухамедиевті, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 9 наурыздағы сатып алу-сату шарты негізінде Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 2-пәтері жеке меншік құқығымен, ал жылжымайтын мүлік орналасқан кадастрлық № 22-328-009-056 жер учаскесі ортақ үлестік меншік құқығымен Б.А.Якубова және оның жолдасы И.Т.Якубовқа тиесілі болып табылады.
2021 жылғы 6 қазандағы сатып алу-сату шартына сай, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 1-пәтері жеке меншік құқығымен, ал, жылжымайтын мүлік орналасқан кадастрлық № 22-328-009-056 жер учаскесі ортақ үлестік меншік құқығымен Б.С.Мурзаев пен оның жұбайы Г.И.Мурзаеваға тиесілі.
Аталған жер учаскесі меншік ортақ үлестік құқығымен Б.А.Якубова, И.Т.Якубов және Б.С.Мурзаевқа бұрын салынған тұрғын үй үшін алаңы 0,0717 га. бөлінбейтін жер учаскесі меншігіне берілген.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 3 маусымдағы №2633 қаулысымен (бұдан әрі - №2633 қаулы) И.Т.Якубовқа Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 2-пәтері мекенжайында орналасқан кадастрлық № 22-328-009-056, жалпы алаңы 0,0717 га, оның ішінде үлесі 0,0358 га жеке тұрғын үйді пайдалану үшін ортақ үлестік меншік құқығымен берілген бөлінбейтін жер учаскесінің нысаналы мақсаты бизнес орталығы үшін деп өзгертілген.
2024 жылғы 4 маусымда сатушы «Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» Мемлекеттік мекемесі мен сатып алушы И.Т.Якубовтың арасында №2633 қаулы негізінде №005/1881 жер учаскесін сатып алу-сату үлгі шарты жасалып, сол бойынша сатушы сатып алушыға Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 2-пәтері мекенжайында орналасқан кадастрлық № 22-328-009-056, жалпы алаңы 0,0717 га, оның ішінде үлесі 0,0358 га, нысаналы мақсаты: бизнес орталығы үшін жер учаскесін 1 798 592 теңгеге сатқан.
2024 жылғы 4 желтоқсандағы сатып алу-сату келісім шартына сай, И.Т.Якубов жұбайы Б.А.Якубованың келісімімен Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 2-пәтері мекенжайында орналасқан кадастрлық №22-328009-056, жалпы алаңы 0,0717 га, оның ішінде үлесі 0,0358 га, нысаналы мақсаты: бизнес орталығы үшін жер учаскесін Д.М.Турсуноваға сатқан, соңғысы жолдасы О.И.Якубовтың келісімімен жер учаскесін сатып алған. Шартты нотариус К.Дуйсенбиев куәландырылған.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 53бабының 1-тармағына сәйкес, екі немесе бірнеше тұлғаның меншігіндегі жер учаскесі оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады.
Осы баптың 3-тармағында, жер учаскесі әрбір меншік иесінің үлесі анықталған (үлестік меншік немесе үлестері анықталмаған (бірлескен) меншікте болуы мүмкін деп көрсетілген. Жер кодексінің 51-бабының 1-тармағына сай, жер учаскесі бөлінетін және бөлінбейтін болуы мүмкін.
Кадастрлық № 22-328-009-056, жалпы алаңы 0,0717 га жер учаскесі бөлінбейтін жер учаскесі болып табылады.
Сондықтан, оның ішіндегі И.Т.Якубовтың үлесі 0,0358 га бөлігін дербес жер учаскесі етіп бөліп шығару мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 212бабының 1,2-тармақтарына сай, үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
Жергілікті соттар №2633 қаулысымен кадастрлық № 22-328-009-056, жалпы алаңы 0,0717 га жер учаскесіндегі И.Т.Якубовтың үлесі 0,0358 га бөлігінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде жер учаскесінің ортақ үлестік меншік иесі Б.С.Мурзаевтың келісімі болмағанын анықтаған.
И.Т.Якубов тарапынан жергілікті атқарушы органға Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, №196 Б, 1-пәтерінің меншік иесі ретінде Д.М.Турсунованың 2023 жылғы 29 маусымдағы нотариус Н.Е.Жолшыбекова куәландырған ортақ үлестік меншіктегі жер учаскесіндегі И.Т.Якубовтың үлесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісетіні туралы арызы ұсынылған.
Алайда, жергілікті атқарушы орган Д.М.Турсунованың ортақ үлестік бөлінбейтін жер учаскесінің меншік иесі екенін тиісті түрде тексермей, оның арызын назарға алып, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдаған.
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы сот АК-нің 267-бабының 1-тармағы талаптарын назарға алып, жергілікті атқарушы органның жауапкер И.Т.Якубовтың ортақ үлестік бөлінбейтін жер учаскесіндегі үлесі 0,0358 га
бөлігінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы актісі қолданыстағы жер заңнамасына қайшы шығарылғаны жөнінде дұрыс тұжырымға келген.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 158-бабы 1-тармағына сай, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
АК-нің 157-1 бабының 2-тармағына сай, жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді
Жауапкер О.И.Якубов №2633 қаулы жарамсыз деп танылмаған, яғни объективті түрде заңды және құқықтық болып табылады деген уәжі негізсіз. Өйткені осы №2633 қаулының негізінде жер учаскесін сатып алу-сату үлгі шарты 2024 жылдың 4 маусымында жасалған, демек қаулы орындалуына байланысты күші жойылған. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен азаматтық құқықтық мәміле, яғни жер учаскесін сатып алу-сату үлгі шарты даулануға жатады.
Жауапкердің шағымдағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер О.И.Якубовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.