ВС РК - Постановление от 10.06.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3256 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3256 №6001-24-00-6ап/3256 (2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 10 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өміралиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі К.Н.Оспанкуловтың,

мүдделі тұлғаның өкілі Т.Д.Калыбековтың қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Kan El» Хайриниса Каримовна Оспанкулованың (бұдан әрі - ЖК «Kan El») жауапкерлер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 27 маусымдағы №11939353ОК1 конкурсының қорытынды хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою, конкурс қорытындысын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлғалар жеке кәсіпкерлер Р.Л.Байрбекованың және С.Б.Жолтаеваның келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

ЖК «Kan El» жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешімімен талап қоюшының талаптары қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі бұзылып, талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Басқарманың 2024 жылғы 27 маусымдағы №11939353-ОК1 конкурсының қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған; Басқармаға №11939353-ОК1 конкурс нәтижесін қайта қарауға міндеттелген. Мүдделі тұлғалар кассациялық шағымдарында іс бойынша шешім қабылдағанда апелляциялық сот алқамен материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруын сұраған.

Жауапкерлердің өкілдері мен қалған мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2024 жылдың 19наурызында «Шымкент қаласының білім басқармасы №80 ІТ мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша Басқармамен (бұдан әрі – ұйымдастырушы) № 11939353-ОК1 «Тамақтандыру қызметтерін сатып алу № 80 мектеп» ашық конкурс (бұдан әрі - конкурс) жарияланған.

Конкурсқа 10 әлеуетті өнім беруші өтініш берген, олар: жеке кәсіпкерлер С.Жолтаева, Р.Байрбекова, «Балапан №4 «бөбекжай бақшасы» жеке мекемесі, жеке кәсіпкер (бұдан әрі - ЖК) Тонких Валентина Мамедовна, ЖК АЗАМАТ, «ABDIGANI LTD» ЖШС, Д.Исанкулов, «Базис 5» ЖШС, ЖК Бейсебаева, ЖК «Kan El».

2024 жылғы 26 сәуірдегі №11935353-ОК1 қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес конкурс жеңімпазы болып ЖК «Kan El» (22 балл) айқындалған, екінші орынды ЖК Байрбекова алған (20 балл). 2024 жылғы 3 мамырда ЖК Жолтаева конкурс қорытындысымен келіспей Департаментке шағым берген.

Департаментпен жүргізілген камеральды бақылау нәтижесінде 2024 жылғы 16 мамырда №790000000-КпОПО-32-287408 санды бұзушылықтарды жою туралы Хабарлама (бұдан әрі - Хабарлама) жіберілген.

Хабарламаға сәйкес талап қоюшының конкурстық өтінімін зерделеу барысында 6-қосымшада талап етілетін аспазшы, диетолог, технолог және ас үй жұмысшылары ұсынылғаны және растайтын құжаттар қоса берілгені анықталған. Алайда, қызмет көрсету нарығында соңғы 7 жылдағы жұмыс тәжірибесіне 5 балл заңсыз берілгені, себебі растаушы құжаттар толық көлемде тіркелмегені, атап айтқанда санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды ұсынылмағаны көрсетіліп, бұзушылықты жою қажеттілігі тапсырылған.

Талап қоюшы Департаменттің 2024 жылғы 16 мамырдағы Хабарламасына жоғары тұрған органға шағым бермеген.

Ұйымдастырушы Хабарламаның талап қоюшыға қатысты бөлігімен келіскен, қарсылық берілмеген. Қарсылық Хабарламаның басқа бөлігінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Апелляция департаментіне (бұдан әрі – апелляция Департаменті) берілген. Апелляция Департаментінің 2024 жылғы 2024 жылғы 25 маусымдағы қорытындысымен Ұйымдастырушының қарсылығы ішінара қанағаттандырылған.

2024 жылғы 27 маусымда Ұйымдастырушымен конкурс нәтижелері қайта қаралып, № 11939353-ОК1 қорытындылар туралы хаттама (бұдан әрі – даулы хаттама) жарияланған.

Даулы хаттамаға сәйкес жеңімпаз ретінде ЖК Байрбекова (20 балл), екінші орында ЖК Жолтаева (18 балл) деп айқындалған, ал талап қоюшы 17 баллмен төртінші орын алған.

Бұл даулы хаттамамен келіспеген талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот, талапты қанағаттандырудан бас тартқанда, талап қоюшының жұмыс тәжірибесін растайтын ЖК Токбаевамен арасындағы 2019 жылғы наурыз айынан 2024 жылғы сәуір айы аралығына жасалған жалдау шарты бойынша Шымкент қаласы, Байдибек би даңғылы, № 78/1 үй мекенжайындағы тамақтандыру объектіге қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін бастағаны туралы жергілікті санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарлама жолдамағандықтан, оның жұмыс тәжірибесіне 0 балл есептелуге жататындығымен негіздеген. Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюшымен ЖК Токбаеваның арасындағы 2019 жылғы наурыз айынан 2024 жылғы сәуір айы аралығына жасалған жалдау шарты бойынша Шымкент қаласы, Байдибек би даңғылы, № 78/1 үй мекенжайындағы тамақтандыру объекті эпидемиялық мәні жоғары объектілеріне жатпайтындықтан, әлеуетті өнім беруші қызмет көрсету нарығында тиісті аймақта жұмыс тәжірибесін қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен растауы жеткілікті екенін, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) конкурсқа қатысуға әлеуетті өнім берушілердің қоғамдық тамақтану объектісінің эпидемиялық мәні бойынша шектеулер көзделмегенін негізге алған.

Апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымын заңды әрі негізді деп санауға болмайды.

Қағидалардың 64-тармағына сәйкес конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8-қосымшалардағы өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.

Барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.

Қағидалардың 7-қосымшасының 1-тармағына сәйкес қызмет көрсету нарығында тиісті аймақта өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі үшін (5 балдан артық емес) өлшемшарттар көзделген: әлеуетті өнім берушінің көрсетілген аумақта қызмет көрсету нарығында жұмыс тәжірибесі жоқ - 0 балл; әлеуетті өнім берушінің көрсетілген аумақта мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесі - әр 8 айға 1 балдан; әлеуетті өнім берушінің көрсетілген аумақта басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесі - әр 12 айға 1 балдан.

Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7-қосымшаның ескертпесіне сай 1- тармақ бойынша ағымдағы жылдың алдындағы 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша:

  • көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде - бұрын жасалған шарттардың көшірмелерімен, осы шарттардың орындалуының соңғы айы үшін көрсетілген қызметтер актілерімен және шот-фактуралармен, объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялықэпидемиологиялық қорытындының көшірмелерімен;

  • объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны қоса бере отырып, қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен (жекеменшік, (меншік құқығын растайтын құжаттар қоса берілсін), жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару және т.б. (жалға берушінің меншік құқығын растайтын құжаттар және т.б. қосымша қоса берілсін) расталады.

Сонымен бірге, талап қоюшымен конкурс өтініміне оның жұмыс тәжірибесін растайтын құжат ретінде Шымкент қаласы, Байдибек би даңғылы, № 78/1 үй мекенжайындағы тамақтандыру объектіні жалдау туралы шартын ұсынған.

Сотта анықталғандай, Шымкент қаласы, Байдибек би даңғылы, № 78/1 үй мекенжайындағы тамақтандыру объектісі отыратын орын саны 50 және одан аз тамақ өнімдерін өндіретін, қайта өңдейтін және өткізетін қоғамдық тамақтану объектілерінің қатарына жатады.

Ал, даулы конкурс бойынша тамақтандыру қызметтері Шымкент қаласының білім басқармасы №80 ІТ мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне көрсету үшін жарияланған, осы лицейінде 50 астам оқушы оқиды.

Осыған орай, талап қоюшымен Шымкент қаласы, Байдибек би даңғылы, № 78/1 үй мекенжайындағы тамақтандыру объектісінде көрсеткен тәжірибе сатып алыудың нысанына сәйкес келмейді.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың даулы хаттамадағы талап қоюшыға жұмыс тәжирибесіне 0 балл есептелуі тиіс деген тұжырымы заңды.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысының күші жойылуға, бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғалар жеке кәсіпкерлер Р.Л.Байрбекованың және С.Б.Жолтаеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е.Д.Өміралиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.